• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:33:48
Алматы
+35°

Фото: Жеке мұрағаттан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтерлер жылы деп бекітілген болатын. Қазіргі таңда Қазақстанның әр аймағында еріктілер көмегімен атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Еріктілер жылында Талдықорған қаласында қандай шаралар қолға алынып, атқарылып жатқанын білу мақсатында "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы "Жас Отан" жастар қанаты коммуникация бөлімінің басшысы Жұлдыз Бекмұратқызымен сұхбаттасып көрген едік.

– Жұлдыз, сіздің волонтерлер қатарына қосылғаныңызға қанша уақыт болды?

Мен 2016 жылы Талдықорған қаласының политехникалық колледжіне оқуға түстім. Сол кезден бастам белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрдім. Одан кейін волонтерлік іс жайлы естіп білдім. Еш ойланбастан ерікті болуды шештім. Мен ерікті болып "Жастарға қызмет көрсету" орталығында ,"Жас Отанда", политехникалық колледждің еріктілер тобында жұмыс атқардым.

– Волонтерлік іспен қай жастан бастап айналысуға рұқсат етіледі? Қандай да бір шектеулер жоқ па?

Волонтерлік іспен мектеп жасынан бастап айналыса беруге болады. Яғни, 14 жастан асқан балалар еріктілер қатарына қосыла алады.

–Жасыратыны жоқ, шет елдерде волонтерлік іс жақсы дамыған, біздің елде еріктілер қатарын көбейту үшін не істеу керек?

Жалпы, осы жылы еріктілер саны ерекше қарқынмен көбейді. Себебі, өткен жыл "Жастар жылы" болса, осы жыл "Волонтерлар жылы" деп аталды. Осыған байланысты еріктілер жұмысының жақсы жүруіне көп қолдау көрсетіліп жатыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда еріктілердің кім екенін білмейтіндер де бар. Еріктілер санын арттыру үшін көптеген акциялар, іс-шаралар ұйымдастыру керек. Жастарды бұл іспен жақынырақ таныстыру керек.

– Жыл басынан бері Талдықорған қаласында қандай іс-шаралар жүргізілді?

 Қазір Республикамыздың барлық өңірінде жүзеге асып жатқан шара бар. Ол - "Дәрігерлерге мың алғыс" акциясы. Біздің еріктілер тобы ауруханаларға барып, дәрігерлерге көмек көрсетті. Оларға қымыз, шұбат апарып, алғысымызды айттық. Және де "Қарттарым, асыл қазынам" акциясы жүруде. Жалғызбасты қарт кісілерге, мүгедек жандарға үнемі көмектесіп отырамыз. Дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп береміз. Бұдан бөлек, "Жылы мейірім", "Мектепке жол" сынды акциялар өткіздік.

Елбасының ресми сайтындағы деректерде айтылғандай, әлемде 970 миллион адам волонтер болса, оның ішінде, әрбір сегізінші қазақстандық ерікті қатарына қосылады екен. Біздің қаламыздағы белсенділік қандай?

Қазір қаламыздың түкпір-түкпірінде волонтерлер тобы құрылып жатыр. Біз сол топтардың ашылуына барып жүрміз. Өзіміз олардың қандай жұмыс атқарып жатқанын, бір-біріне деген қарым-қатынастарын көріп, көмек көрсетіп жатырмыз. Біздің қаламызда жақында "Волонтерлер лигасы" ашылған болатын. Сол жерге барып қайттық. Міне, осының өзі үлкен жетістік. Алдағы уақытта да мұндай топтар көбейеді деген үміттеміз.

Қазіргі таңда волонтерлік іспен жастар қарқынды айналысып жүр. Ал еріктілер қатарына үлкен буынның қосылуы қалай?

– Негізі "жақсылық жас талғамайды" дейді ғой. Бізге бағыт-бағдар көрсету үшін ақыл-кеңесімен бөлісу үшін үлкен кісілер келіп көмектеседі. Аға-әпкелеріміз "қалай ерікті бола аламыз?" деген сауалдармен келеді. Карантин кезінде біз "Жас Отан" жастар қанатының парқшасында онлайн волонтер акциясын өткіздік. Сол кезде онлайн волонтерлер қатарында үлкен буын көп болды. Әрине, олардың белсенділігі бізді қуантты.

Сіздің ойыңызша волонтер болу жас буынға не береді?

– Ерікті болу әр адамға әр түрлі сезім сыйлайды. Волонтер болған кезіңде қоғамға жақындайсың. Көмекке мұқтаж жандарды көресің. Бірнеше рет көмек көрсеткеннен кейін бұл іспен қайта айналысқың келіп тұрады. Ерікті адам айналасындағыларға үнемі көмектесіп, қолдап жүреді. Әр адамды өз жақынындай көреді. Адам бойына мейірімділік, жанаршылық сезімін ұялатады.

– Волонтерлер үнемі адамдарға көмек көрсетіп жүреді. Ал мемлекет тарапынан волонтерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

–Көптеген волонтерлардың қайырымдылыққа қатысты идеялары бар және олар оны жүзеге асырғысы келеді. Осы тұста мемлекетіміз ерікті адамға 300 мың теңге ұсынады. Волонтер өзінің жобасын ұйымдастырып, оны таныстырады. Жоба жеңіске жетсе, мемлекеттен бөлінген қаржыны алып, оны игереді. Міне, осылай кез-келген волонтер өз арманын іске асыра алады.

– Халқымыз "жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді ғой. Қиын-қыстау кезең, карантин уақытында халыққа қандай көмек көрсетілді?

–  Осы карантин кезінде еріктілердің жұмысы айқын көрінді. Ауруаханаларда дәрігерлер жетіспеген кездерде біздің волонтерлар барып, қол ұшын созған болатын. Және де көп адамдар дәріхана алдында кезекте тұрып қалмасын деп, барлық дәріханаларды аралап, дәрілердің тізімін жасап үлестіріп отырды. Үйден шыға алмайтын адамдарға дәрі-дәрмек, азық-түлік апарып беретін автоволонтерлер жұмыс жасады. Барлық қажетті заттарды жеткізді.

– Сіздің ойыңызша "Еріктілер жылы" аяқталғаннан кейін қайырымдылық жұмыстары қоғамнан жоғалып кетуі мүмкін бе?

Осы жыл бізге еріктілерді жаңа қырынан көрсеткендей болды. Олардың атқаратын жұмыстарының қоғам үшін маңызды екенін байқадық. Алдағы жылдарда бұл үрдіс тоқтап қалады деп ойламаймын. Себебі, осы жыл көп адамның көзін ашып, көкірегін оятты. Айналамызда көмекке мұқтаж жандардың бар екенін, оларға көмек қолын соза алатынын көп адам түсінді. Кішкентай болсын мейірімділік танытып, оны басқалармен бөлісудің маңызы зор екенін байқадық. Бұл жыл тек бастамасы деп білемін. Алда әлі талай белестер бар. Волонтерлер қатары толығып, қайырымдылық істер жалғасатынына сенемін.

 

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан - Еркежан СЕЙДАХМЕТ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір