14 Қазан, 2020 NEWS

Тарихи атауы қайта қалпына келген Қарамеңді батыр ауылында тарихи кітаптың тұсауы кесілді

Елбасымыз бастап, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастырып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымыз түгенделіп, тарихи қателіктер түзетіліп келеді. Соның бірі, Целиноград ауданындағы тарихи жер атауларының қалпына келтірілуі. Сондай тарихи әділеттіліктің орнауы барысында қазақтың белгілі батырларының бірі Қараменді батыр атауы да қайта қалпына келтірілді. Осынау тарихи маңызы зор ерекше күнді қалай ұлықтасақ да жарасады.
«Батыр туса ел ырысы» деген көнеден қалған тәмсіл бар. Атадан қалған құтты қоныс пен қара ормандай қалың елін жаудан қорғаған батырлардың ерен ерлігі ешқашан ұмтылмақ емес. Аты аңызға айналып, рухы қайта жаңғырған сайыпқыранның бірі – Қараменді батыр.
Қазақтың әйгілі оғланы Қараменді батырдың рухына және тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаевтің Қараменді батырдың тарихи тұлғасын сомдаған «Қиыр жайлаған қызай» атты кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты шара өтті. Аталған шараны Целиноград ауданы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Қараменді ауыл әкімдігі және батыр ұрпақтары бірлесе ұйымдастырып отыр.
Ең алдымен ауыл маңындағы көне зиратқа барып батырдың аруағына құран бағыштап, рухына тағзым жасалды. Бабалар ерлігін ұлықтаған аталмыш шара Қараменді батыр ауылындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Алқалы жиналысқа арнайы келген тарихшы, ғалымдар мен ақындар, зиялы тұлғалар және бір бөлім аудан басшыларының қатысуымен Жамбыл Артықбаевтың «Қиыр жайлаған Қызай» атты кітаптың тұсаукесері жасалды.
Целиноград ауданы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Үкіметқызы батыр есімін ұлықтап жиналған қауымға алғысын айтып, ел игілігі үшін атқарылатын шаруалардың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді. Береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отырған Қараменді батыр ауылындағы барша ағайынның атынан ізгі тілегін білдірген Канат Темиров және Ардак Наганов батыр есімін жаңғыртып, ел рухын көтеретін осындай келелі шаралардың көптеп өтуіне тілектестік білдірді.
Ел тарихынан тереңнен сыр қозғаған Жамбыл Артықбаевтың «Қиыр жайлаған Қызай» атты кітабында: «1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан тұста Қараөткелдік қазақ азаматтары өздері қасиетті деп санайтын Есіл бойындағы Қараменді батырдың бейітінде Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 толуына арнап ас беріп, ат шаптырып үлкен жиын өткізген екен. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты.» осынау ізгі дәстүр қазақтың береке-бірлігінің айғағындай ғасырға жуық уақыт өткен соң тағы да қайталанып отыр. Жиылған жұртшылық бұл жақсылыққа да шүкір десті.
Ежелгі хандар мен билердің, қасқа мен жайсаңның, игі жақсылардың қонысы болған, бүгінде Қазақ елінің Елордасы орнаған Сарыарқа даласы қазақтың әр азаматы үшін ыстық. Маңғыстау өңірінен келген ақын, дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты, құрмет өрденінің иегері Светқали Нұржан: «Бір ғана Астананың айналасында отаршылдардан қалған жат атаулар әлі сыңысып тұр. Солардың бірі Семеновка ауылы еді. Тұлғалы тарихшы Жамбыл Артықбаевтың, ақын Алмас Темірбай бастаған осындағы азаматтардың жанкешті күресімен 2018 жылы Қараменде батыр атын алған. 1890 жылғы патшалы Ресей картасында Қараөткел-Атбасар жолындағы меңзіл (бекет) есепті Қараменде ауылының аты бар екен. Бүгінгі қазақстандық орыс шовинистеріне соның өзін дәлелдеу оңайға соқпаған... Аталмыш батыр кім еді? Қараманде Тоқсанұлы Найман ұлысының Қызай тайпасының өкілі, хан Абылайдың атышулы батырларының бірі-тін. Төріне шығарған, төредей күткен, төбеге тұтқан қасиетті Қазақ Елінің айбыны аса берсін!..» деген жүрекжарды тілегімен бөлісті.
Cалтанатты шараның бір парасы түреңнен жол салып, соны тарихқа жол ашқан Жамбыл Артықбаевқа арналды. Ол қазақ елінің және қазақ халқының шұғылалы тарихына тереңнен үңіліп, бабалар ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген зиялы тұлға. Қазақтың әйгілі ханы Абылай ханды, көмекей әулие Бұқар жырау бастаған қазақтың қадау-қадау тұлғалары туралы құнды дүниелер жазған қарымды қаламгер. Ол «Әр қазақ менің жалғызым» деп қазақты жан-тәнімен сүйе білді. Бүгінде еліне ерліктің өшпес ізін қалдырған Қараменді батырдың рухын оятып отыр. Тарихшы-этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев өз кезегінде сөз алып, «Қиыр жайлаған Қызай» атты кітаптың жазылу барысымен, оның қазақ тарихында алар маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.
Тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеттің профессоры Нәбижан Мұқаметханұлы: «Бүгін тарихымызда елеулі күн болып отыр. Қарменді батыр бабамыздың атына ауыл аты беріліп, мазарына құран оқып келдік. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізген табыстарымыздың бірі деп есептеймін. Тәуелсіздіктің арқасында ел қайта бірігу процесін бастан кешіп отыр. Соның нәтижесінде өткенімізді толықтап, өшкенімізді тірілтіп, барымызды көркейтіп осындай жаңғыру кезеңінде тұрмыз. Қараменді бабамыздың тарихын келтіруге әріптесім Жамбыл Артықбаевтың сіңірген еңбегіне мың алғыс айтамын» деген ізгі тілегін білдіре отырып, Қараменді батыр ұрпақтары атынан Жамбыл Артықбаевқа шапан жауып, ат мінгізді.
Ақын, журналист, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облысы филиалының директоры Алмас Темірбай Қараменді батыр ауылында бүкіл қазақтың рухын әйгілеп тұратын батырға арналған музей ашылса деген ұсынысын білдірді. Тарихшы, белгілі жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы XVIII ғасырдағы қазақ тайпаларының және Қызай руының көші-қоны туралы айрықша тоқталды. Шежіреші Тоқмұқамет Тұрсынұлы облыс, аудан басшыларына, ауыл тұрғындарына және бастамашы азаматтарына Қарменді батыр ұрпақтары атынан шексіз алғысын білдірді. Солтүстік қазақстан облысының ресми өкілі Әбдығани Пәзілханұлы солтүстік өңірге қандастардың қоныс аударып, аталған өңірдің әртүрлі саласына еселі еңбек етуін үміт етті.
Салтанатты шараға орай белгілі өнер жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Ел мен жер тарихынан тереңнен сыр қозғайтын әуезді әндер айтылып, күмбірлі күй шертілді. Еліне ерліктің өшпес өнегесін қалдырған Қараменді батыр рухы ұрпақтан-ұрпаққа жаңғыра бермек.

 

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ
Ақын, журналист

 

 

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір