15 Қазан, 2020 NEWS

Тоқаев "Абай мектебін" ашуды ұсынды

Фото: aikyn.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс қазақстан облысына жасаған сапары барысында "Ұлы Дала алтыны" археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Қазақстан президенті алдымен мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, "Абай әлемі" сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

Сондай-ақ көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорларындағы 18 сурет қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлы Дала алтыны" археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті.

– Биылдан бастап 10-тамыз "Абай күні" деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. "Абай" телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында "Абайтану" курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы "тарихи орталық" ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді президент.

Тоқаев гуманитарлық саланы дамытуды қолға алцдың маңызына тоқталып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беру қажеттігіне назар аударды.

– Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы  Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, "Абай мектебі" деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деді мемлекет басшысы.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір