• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:10:43
+35°

Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласындағы тағы бір жоғары оқу орны – академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін бас лицензиясынан айырды.

Министрлік сайттың хабарлауынша, шешім жоғары оқу орнында білім беру саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет өткен тексеруден кейін қабылданған.

– Біз студенттер мен ата-аналардың мұндай шаралар, ең алдымен, студенттердің өздерінің мүдделерін ескере отырып, қабылданатынын түсінгенін қалаймыз. Егер жоғары оқу орындары білім беру саласындағы талаптарға сәйкес келмесе, диплом алғаннан кейін болашақ мамандар жұмысқа орналасу проблемаларына тап болуы мүмкін, – деді БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Орын алған заң бұзушылықтар оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерді оқуға қабылдау, ЖОО-ны оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде болған.

Министрліктің мәліметінше, студенттер оқу семестрінің аяқталғанын күтпей-ақ басқа ЖОО-ларға ауыса алады. Студенттердің барлық оқу көрсеткіштері басқа ЖОО-ларға ауысқан кезде жарамды болады. Ақылы негізде оқитындар үшін оқу құны бұрынғы деңгейде қалады. Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан көмектеседі.

Сонымен қатар бұл шешім Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты отырысының қорытындысы бойынша шығарылды, 10 жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді. Осы кезеңде академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де шағымдануға құқылы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір