• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:51:18
Алматы
+35°

Абақтыдан шығып, қоғамға сіңу бір сәттік көрініс болғанымен, қоғамға бейімделу біраз еңбекті талап етеді. Түрмедегі тәртіп пен қоғамдағы еркіндіктің арасын сәйкестендіру біршама уақытқа созылатыны рас. Осы орайда «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры Алматы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен бұрын істі болған азаматтарға психоәлеуметтік диагностика жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шара қалалық пробация қызметінің инспекторларымен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл жолы психоәлеуметтік диагностикаға Түрксіб ауданының пробация қызметінде тіркеуде тұрған 40-шақты адам мен Наурызбай ауданы пробация қызметінің тізіміндегі 50-ге тарта адам қамтылды.

Білікті психолог Жанна Яворская мен заңгер, толыстағы полковник Мұхамеджан Тоқтағұл өткізген диагностикада сотты болып, түзеу мекемесінде жазасын өтеп шыққан жандармен диалог жүрді. Психолог ханым оларға сақ қағазға сурет салдырып, сонан соң суретке қарап сурет авторларының жан-дүниесіне баға берді. «Мен сурет салдырғанда қатысушыларға суреттің жанына өз есімдерін жазбауды сұрадым. Себебі психоәлеуметтік диагностика жасағанымда сурет авторының көңіліне жақпайтын сөз айтып қалуым әбден мүмкін. Мен оларға пайдалы болу үшін әділ ақпарат айтуға тиіспін», дейді Ж.Яворская. «Кейбір кісілер суретті қағаздың ортасына немесе бұрышына кішкентай етіп салады, – деп сөзін жалғады психолог бізге берген сұхбатында, – Бұл олардың бойында әлдебір қорқыныш барын көрсетеді. Сосын оларға кез келген адамның суретін салыңдар деп едім, біреуі аяқ-қолы жоқ қыздың суретін бейнелепті. Менің ойымша ол суреттің авторы қарама-қарсы жыныстағы адамдармен араласа алмайды. Коммуникациялық қабілетін шыңдауы керек. Мен жасаған жорамалдардың бәрі жүз пайыз шындық емес, гипотеза болып саналапды. Бірақ психология ғылымында бұл әдістің диагностикалық қыры дәлелденген».

Заңгер М.Тоқтағұлдың сөзінше қатысушылар арасында аяғын аңдап басатын, сақ адамдардың саны көп. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, жігіттер тәртібін түзеп, жаңа өмірге ұмтылғысы келеді. Мен оларға диагностикалық сабақ ретінде «шекараны бұзбау» деген тәсілді түсіндірдім. Қылмыстың көбі біреуді жеке өміріне қол сұққанда орын алады. Адамдар эмоцияға беріліп, кейде мұндай шекараның бар екенін ұмытып кетеді де, басқалармен соқтығысып, жазалы болады. Ең бастысы қатысушылардың бойында сақтық шаралары бар», дейді заңгер.

Ал жобаны ұйымдастырушы Б.Нәлібаев аталған іс-шара бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу мақсатында жүргізіліп жатқанын айтады. «Жоба аясында психоәлеуметтік бағдарламалар ұйымдастыру деген тармақ бар. Диагностикалық жұмыстар соның аясында атқарылып жатыр. Бұдан бөлек кейбір сотты болған азаматтар мен азаматшалардың отбасына әлеуметтік көмек көрсеттік. Сонымен қатар психоәлеуметтік диагностикалар түрме ішінде де жүргізілді» дейді ол.

Н.Наурызәлиев 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір