Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәжілістің кезекті сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленді. Бұл жолғы саяси додаға ресми тіркелген бұрынғы 6 партия ғана қатыса алады. Партия құрғысы келіп жүрген саясаткерлер тіркеуден өтіп үлгерген жоқ. Бұрынғы партиялармен мәжілістің жаңа құрамын жасақтау елге не беретіні туралы Қамшы тілшісі қоғам белсенділері мен саясаттанушылардан сұрап көрді.

Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі, қоғам белсендісі Жанболат Мамай тіркелген алты партия негізіндеде жасақталатын мәжілістің жаңа құрамынан ешқандай өзгеріс күтудің қажеті жоғын жеткізді.  

– Жаңа құрамнан ешқандай өзгеріс болмайды. Сайлауға қатысатын партиялар сол баяғы биліктің айналасында жүргендер. Оларға билік қалай айтады, тура солай әрекет етеді. Тек қана тіркелген алты партия қатысады. Олардың барлығы партиялық тізімді биліктің нұсқауымен бекітеді. Сондықтан ешқандай өзгеріс күтудің қажеті жоқ. Осыдан бір жарым жыл бұрын Тоқаев билікке келгенде саяси реформалар жүргіземіз деп уәде берген. Бірақ оның бірде-бір сөзі орындалған жоқ. Саяси партиялар тіркелмеді және заңда да саяси партиялар туралы өзгеріс байқалмайды. Мәселен, сайлау туралы заңды алып қарасақ, онда өзгеріс жоқ. Яғни ол айтқан сөзінде тұрмады. Барлығы бос сөз болып шықты, – деп атап өтті Мамай. 

Оның айтуынша, жаңа саяси партиялардың тіркелгені билік үшін тиімсіз.

– Соңғы бір жарым жылдың ішінде саяси партияны тіркеуге ең жақын қадам жасаған біздің демократиялық партия. Өйткені біз бір мың адамнан асатын бастамашыл топтың тізімін тапсырдық. Съездің күнін де белгіледік. Адамдарымызды да жинауымыз керек еді, бірақ билік бұның жолын кесіп, тосқауыл қойды. Жаппай репрессия, қудалау, соттау арқылы съезд өткізуге мүмкіндік берген жоқ. Билікке қандайда бір тәуелсіз, оппозициялық бағыттағы саяси партиялардың тіркелгені өте тиімсіз. Егер жаңа саяси партиялар тіркелсе, НұрОтан сайлауда жеңіледі. Билік өздерінің жеңілетінін жақсы біліп, түсініп отыр. Олардың да социологиясы, жабық социологиясы бар. Олар халықтың көңіл-күйін жақсы біліп отыр. Сондықтан электральды циклға тәуелсіз саяси партияны жолатпайды. Мына сайлау өлі сайлау болайын деп тұрғаны белгілі. Ешқандай бәсеке болмайды. Бірақ біз жақтастарымызды міндетті түрде көшеге шақырамыз. Саяси реформаларды талап етеміз және парламенттік сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп, бұл парламент лигитимді емес екенін айтамыз, – дейді ол. 

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза парламент сайлауынан жаңа өзгерістер күтетінін атап өтті. 

– Адам баласы үнемі жаңа нәрседен өзгеріс күтеді. Бұл жай ғана өзгеріс емес. Менің ойымша парламенттің құрамы 60-70 пайызға өзгеруі мүмкін. Жаңа адамдар жаңа идеяларымен үкіметтің жұмысына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Өз басым жаңа депутаттардан үлкен үміт күтемін, лайықты адамдар өтеді деп сенемін. Парламент сайлауына дейін партиялардың тіркелмеуі заң тұрғысынан кикілжіңнің орын алуы деп ойлаймын. Мүмкін құжаттар дұрыс болмай немесе партия құрамында сотталған адамдардар болып тіркелмеген шығар. Мен заң тұрғысынан нақты не себеп екенін білмеймін. 

Сарапшы мәжіліс депутаттары сайлауының нәтижесі Қазақстанда қырғыз сценарийінің қайталануына себеп бола алмайды деп санайды.

– Парламент сайлауы барысында заңбұзушылықтар орын алып жатса, Қырғызстандағы сценарий қайталанады деп ойламаймын. Себебі Қазақстан халқы – өте парасатты, салмақты, сабырлы. Қазір Қырғызстандағы қақтығыстың немен аяқталғанын көріп жатырмыз. Біздің қоғам Қырғызстан, Таулы Қарабақ, Белорусьтағы жағдайды көріп, мұндай қадамға барады деп ойламаймын, – дейді Самат Нұртаза. 

"Халыққа адал қызмет" (ХАҚ) партиясын құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиева "парламент сайлауы ешқандай өзгеріс алып келмейді" дейді.

– Парламент сайлауына қазіргі ресми түрде тіркелген партиялар ғана қатыса алады. Бірақ осы алты партия билікке жаңа бір өзгеріс алып келеді деп ойламайын, үміт те жоқ. Өйткені олардың бағдарламалары сол бұрынғы, еш өзгеріссіз. Қазіргі таңда биліктің жаңа партияларды тіркемеуінің бірден бір себебі – оларға бәсеке қажет емес. Парламент сайлауында бірең-сараң өзгерістер болуы мүмкін, бірақ ол саяси өмірге әсер етпейді. Сайлау кезінде заңбұзушылықтар болып жатса, халқымыз ешқандай наразылыққа шықпайтыны белгілі. Өздеріңіз көріп отырсыздар, тіпті адамдар рұқсат етілген митингтерге де шықпайды. Біз сайлау онлайн болмауы керек деп талап қойып отырмыз. Егер де онлайн өтетін болса, бақылау мүмкіндігі болмай, заңбұзушылықтар тіркеледі. Карантинді сылтауратар болса, онда сайлауды карантиннен кейін өткізуге болады деп ойлаймын, – дейді ол.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір