• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:15:41
Алматы
+35°

23 Қазан, 2020 Барлық аймақтар

Фото: Жеке мұрағаттан алынды

Әке бейнесі

Пай, пай, Өмір!

Өтесің-ау бір күні.

Тыясың-ау қуанышты,

күлкіні.

Өмір деген – бір жарқ

еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның

күркірі

Пай, пай, Өмір,

Өтесің-ау бір күні!

Болмағандай,

жүрмегендей сенде біз,

Кетеміз-ау, әй, кетеміз,..

Пендеміз.

Ұрпақтарға береміз де кезекті...

М. Мақатаев

 

Құмда  көшкен керуендей бұл өмірде байлау бар ма?.. Бұл өмірге келген екенсің, Алланның жазуымен кетесің. Осы екі уақыт арасында өз ізіңді қалдарасың. Маңыздысы осы емес пе...  Секөнттер сырғып, күндер жылжып, көзімізді ашып жұмғанша асқар таудай әкеміз  Мақсат Тоқанұлының  бұл фаниден өткеніне де қырық күндей уақыт толыпты.

      Біздің мына жарық дүниені көріп, қарнымыздың тоқ, деніміздің сау, ақылымыдың бүтін болып, барша нығметтерге бөлеген алдымен Аллаға шүкіршілік етіп, содан соң осының бәріне себепкер болған ата-анамызға алғыс білдіруге тиіспіз. Олар бар өмірін бізге арнады, біздер үшін көптеген қиыншылықтарды көрді, балапанын қорғаған қарлығаштай таң ата ұядан ұшып кетіп, кешке Алланың берген ризығымен бізді тамақтандырды, қызғыштай қорып, мәпелеп өсірді. «Жақсы әке балаға елу жыл азық» дегендей, әкенің берген тәрбиесі ұрпағына құн жетпес қазына, таусылмас нәр. Осындай ұлағатты әкелердің бірі – Мақсат Әбдірахманов еді. Әрине, күні кеше арамызда жүрген жанды өлімге қимайсың. Десе де, өмірінен үлгі аларлық өткен ізін айтып өткеніміз жөн.

М. Әбдірахманов 1962 жылдың 5 қаңтарында Сарыөлең ауылында дүние есігін ашқан. №3 Күршім орта мектебінде оқып, орта білім алды. Сонау албырт шағында жүрек қалауымен таңдап алған мамандығына барынша адалдық таныта білген Мақсат Тоқанұлы «Қазақтелеком» кәсіпорында табан аудармай 38 жыл еңбек етті. Еңбек адамы. Осы бір сөзде қаншама мән мағына бар. Ағымы асау ақпарат заманында, нарықтық қарым-қатынас орнаған қоғамда жұмыр басты пенденің «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тез арада материалдық байлық пен қоғамдағы жоғары орындарға жеткісі келетіні анық. Сондықтан болар, бүгінгі қоғамда жиырмасында миллионер, отызында шенді болғандар кеңінен дәріптеліп жатады. Десе де, жетістікке жетудің кілті халыққа арналған қалтқысыз қызмет пен ұзақ жылға созылған елеулі еңбекте екенін ұмытып кететіні вертуалды заманның әсері шығар. Замана желі  аздап соққанға сабырынан айырылып, тағатын тоздырғандарға, не болмаса әлеуметтік желілердің арқасында миллиондар кумиріне айналғысы келетіндерге қарап, мың құбылған ортадан кең пейіл, ашық  мінез еңбек адамын іздейтіміз рас. Осыдан табаны күректей 38 жыл бұрын  1982 жылы жиырмаға жаңа толған жас жігіт сол кездегі Күршім аудандық пошта байланысы торабына электр монтеры ретінде жұмысқа орналасып, өз міндетіне бел шеше кіріскен болатын. Әрі жас, әрі тәжірибесі аз оған жұмысқа орналасу оңай болған жоқ. Солай екен деп ауыл баласы алған бетінен қайтпады. Көп ұзамай ол кабель дәнекерлеушілігіне ауысты, сөйтіп біртіндеп біліктілік деңгейін арттыра түсті. Кейін қабырғасы қатайып, ысылып алған соң кәдімгі сақа жұмысшылардың қатарына қосыла кетті. Өндірістен қол үзбей оқи жүріп, 1994 жылы Алматы байланыс электротехникумын бітірген бойда талапты азамат желілік телефон цехы инженерінің міндетін атқара бастаған болатын. Күнделікті өз мамандығының тереңіне бойлап, там-тұмдап тәжірибе жинады, білімін жетілдірді. Нарықтың қыспағына бой алдырмай, өз мамандығын шынайы сүйе білді. Тағдырдың талайына реніш білдірмей, Жаратқанның нәсібесін тере жүріп маңдай терін төкті.  Осылайша 2017 жылы Мақсат Тоқанұлы жетекші инженерлікке орналасты, кейіннен осы кәсіпорынның басты саласы -желілік техникалық учаскінің бастығы болып тағайындалды.

Іскер де білікті, көпшіл де жайдары жанның әріптестер мен дос-жарандарының арасында беделі өте зор еді. Өйткені өзі осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан. Оған әр жұмыстың икемі, әр жұмысшының жағдайы бес саусағындай таныс болатын. Кейде талап қойса, кейде қол астынғыларының іштегісін айтқызбай білетін. Ұжымдағы бедел тек тәжірибемен келмейді, онымен қоса үлкен пейіл, адалдық, адамгершілік секілді игі қасиетпен қосарлана келеді. Содықтан болар, оның еселі еңбегі жоғары бағаланып, түрлі алғыс хаттармен, төсбелгілермен, ақшалай-заттай сыйлықтармен марапатталды.  2017 жылы Мақсат Тоқанұлының «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Құрметті байланысшысы» атағына ие болды.  Осының барлығы оның биік болмысының бір көрінісі деуге болады.

2020 жылдың 18 қыркүйегінде Күршім аудандық телекоммуникация торабы желілік техникалық учаскісінің бастығы, осы саланың білгір маманы Әбдірахманов Мақсат Тоқанұлы кенеттен дүниеден озды. Амал қанша, енді ұжым қызметкерлерінің онымен бірге өткізген күндердің барлығы естелікке айналып, өткен шақпен айтылып жатыр. Бірақ, өнегелі әке,  адал жар, ардақты әріптес, қарапайым да қайсар азамат әрдайым олардың арасында, ол жайлы естеліктер әрқайсының жүрегіміз мәңгі сақталады.

Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкенінің айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.  Туған ұлы Жанболат әкесінің ақылымен әскери саланы тандап, өмірін Отан қорғауға арнаған жан. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп, еліне еңбек етті. Қуанышы мен қайғысын әкесімен бөлісіп, ішкі сырын жасырмай айтар сырласына айналған еді. «Қай жерде жүрмесем де, әкемнің қолдауын сезінетін едім. Оның бір ауыз сөзі нар көтерер жүкті жеңілдетуші еді. Көңілге шуақ, бойға қуат дарытатын. Енді, оның аялы алақаны мен қолдауы сағынатын боламын»,-деп зор өкінішпен естелігімен бөліседі ұлы Жанболат.

Шіркін. Маңдайдағы екі көз тек жақсылықты көрсе, отыз екі тістің арасындағы қызыл тіл тек жақсылықты айтса екен. Алайда, өмірдің заңы сол. Қуанышпен қайғы қатар жүретін жазымышқа айтар уәжін бар ма? Өмірлік серігі Гүлнәр апай, балалары Жанболат пен Арайды, бес немересін еңіретіп, келмеске сапар шеккен есіл азаматтың мезгілсіз қазасының дос-жаран, туған-туысқа төбеден жай түскендей әсер еткені шындық. Әйтсе де, адам өмірі уақытпен емес, ізгілікті іспен, артта қалған ізбен өлшенеді. Артында қалған жақындары бар да, адал жар, сенімді дос,  асқар таудай әкенің бейнесі мәңгілікте жүректе болмақ.

Дарын СЕЙІТОВ,

Журналистер Одағының мүшесі

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Әке бейнесі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір