Мамин президентке елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады

/image/2020/10/26/crop-0_2_443x590_e83e5049-6e6c-47e1-9f18-a62be6090e35.jpeg

Премьер-министр Асқар Мамин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы айтты. Бұл туралы Ақорда сайты мәлімдеді.

Асқар Мамин президентке елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

Сондай-ақ коронавирус індетінің жаңа толқынына дайындық жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы да мәлімет берді. Атап айтқанда медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу нысандарына жасанды тыныс беру аппараттары мен оттегі концентраттарын жеткізу, аймақтарды жылжымалы диагностикалық кешендермен, цифрлық рентген-аппараттармен, мобильді топтармен және жедел медициналық көмек көрсету көліктерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 13 аймақтың 10-ында модульдік жұқпалы ауруханалардың құрылысы аяқталған, қалған 3 нысан осы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар министр Тоқаевқа республикалық және аймақтық тұрақтандыру қорларының құрылғаны және денсаулық сақтау жүйесіне арналған 91 түрлі дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталғаны туралы атап өтті.

Оның сөзінше, дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін дәріханалардың бөлшек сауда жүйесінде сұранысқа ие 33-тен астам препарат қоры қосымша жасақталуда. 

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ПТР тест сынамаларын алу көлемін арттыру жұмыстары туралы  да айтты.

Оның сөзінше, зертханалар саны 124-ке дейін көбейіп, тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жетті. Бұл ретте, тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайтылып, ПТР тест сынамаларын алу құны төмендетілді.

Бұдан бөлек, Асқар Мамин президентке шекаралық өткізу бекеттерінде, сондай-ақ, көліктің барлық түрлері мен инфрақұрылымдарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың күшейтілгені туралы баяндады.

Сонымен қатар өңірлердегі бизнес субъектілерінің жұмысы біртіндеп қайта қалпына келтіріліп жатқанын жеткізді.

Президент коронавирус пандемиясының алдағы айлардағы таралуына қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пессимистік болжамдарын ескеріп, Үкімет белгілеген жоспардың мүлтіксіз орындалуының маңызды екенін атап өтті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар