Талдықорған қаласында Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қаражатына салынған жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Амандық Баталов, белгілі меценат Болат Назарбаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

"Тәубе" мешітінің ашылуында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:

 – Бүгін жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында сәулеті асқақ, кескіні керемет жаңа мешіттің ашылуына куә болып отырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан жиырма жыл бұрын келешектің қандай болатынын білген Елбасы батыл шешім қабылдап, облыс орталығын Талдықорғанға ауыстырды. Содан бері мұнда көптеген игілікті істер қолға алынып, көрген жандар таңғаларлық шаруалар атқарылды. Оның бәрі халық үшін, – деп халықтың шынайы пейілі, ыстық ықыласы жақсылыққа жетелейтінін атап өтті.

 – Өмірдің кілті бірінші имандылықта, екінші білімде. Адам ең алдымен Жаратқан Алла Тағаланың жолы – сыйластық жолымен жүруі керек. Сонда болашақтың бағыты жарқын, келешегі кемел болады. Мынадай керемет мешіттің ашылуына қуанып отырмын. Мешіттің үлкен жолдың бойында орналасуы қаланың көркіне көрік қосып, көрген жанның көңілін қуанышқа кенелтеді. Елбасы бастап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көпшілік еліміз бен жеріміздің, мемлекетіміздің тыныштығы үшін, тұрақтылығы үшін тілек тілеп, дұға жасайды деп сенемін. Жаратқан Алланың жердегі үйі мешіттің ашылуына зор көмек жасаған жандардың отбасына амандық, есендік беріп, қуаныш әкелсін! «Салихалы ұрпақ» қайырымдылық қорының бастауында тұрған Болат Әбішұлына Жетісу жұртшылығының атынан  рахмет айтқым келеді. Еліміз аман, жеріміз бүтін, аспанымыз ашық болсын! Әрқашан осындай жақсылықта кездесейік!

Жетісу жұрты атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт кезекпен сөз алып, жиналған қауымға жүрекжарды тілегін арнады. Тұсаукесер рәсімі жасалған соң көпшіліктің алдында мешіттің имамдығын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамының наибы Керімбек Дәуітовке арнайы бұйрықпен өткізген Наурызбай қажы Тағанұлы мешітте сәлем намазын оқып, дұға жасады.

         Салтанатты ашылудан соң облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңіріндегі имамдарымен «Ислам құндылықтарын сақтаудағы ақсақалдар мен аға буынның ықпалы» атты кездесу өткізген бас мүфти өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылап, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің өміршеңдігі жайлы салихалы ойын ортаға салды.

 «Тәубе» қалалық мешіті үш мыңға жуық адамды қабылдай алады. Заманауи архитектуралық шешімдер қабылданған мешіттің құрылысы ерекше салынған. Екі қабаттан тұратын «Тәубе» мешітінде биіктігі 40 метр болатын екі мұнара бар. Күмбездің диаметрі – 18 метр, биіктігі – 10 метр. Мешітте намаз оқу үшін қолайлы жағдай жасалған. Ғимаратта кондициялау жүйесі қолданылып, барлық намаз оқу залдарында «жылы еден» жүйесі енгізілген. Қауіпсіздікті сақтап, респираторлық инфекциясының таралуының алдын-алу мақсатында мешітте санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. «Мешіт – қаланың дамуының айқын үлгісі. «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры діндар және мұқтаж жандарға ерекше көңіл бөледі. Қорды 2016 жылы Болат Назарбаев құрған еді. Осы уақытқа дейін оның қолдауымен Алматы облысында 350 орынға арналған мешіт, Алматы қаласында 1 000 адамға арналған мешіт салынды. 2020 жылы қор коронавирусқа қарсы күрес үшін 150 миллион теңге бөлді. Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жиырма үй салып берді. Алғашқы күні-ақ жапа шеккен жандарға 20 тонна гуманитарлық жүк жеткізді. Аз қамтылған отбасылардың 20 баласы жазғы лагерьде демалды. Сонымен қатар, Алматы қаласы мен Алматы облысының аз қамтылған отбасылардың оқушыларын қолдау мақсатында жеке қаражатынан қашықтан білім алу үшін 1 000 ноутбук үлестірді.

«Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», – дейді қасиетті  Құран Кәрімде.

Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибраты мол. Қоғамда да  күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздердің бірі – «Кең болсаң, кем болмайсың». Мәніне үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін меңзеп отыр. Тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне көмек қолын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүрген қордың жұмысы көпке үлгі.

Шара барысында Талдықорған қаласына арнайы іссапармен келген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа ашылған облыстық инфекциялық аурухана ұжымымен кездесіп, пандемия кезінде күн-түн демей халықтың денсаулығы үшін жанұшыра еңбектенген Күләйхан Жұмашқызы, Сайра Досжанқызы, Айгүл Тұмарбайқызы сынды дәрігерлерге Алғыс хат және ауруханаға 17 пульсометр мен 1 оттегі концентратын табыстады. Пайдалануға жақында берілген Студенттер жатақханасында ерікті жастармен кездесіп, өскелең ұрпақтың ықылас-пейіліне қаныққан бас мүфти облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен әңгіме дүкен құрды. Еліміздегі ынтымақ пен бірліктің бастауында Қазақстан Республикасының сарабдал саясаты жатқанын жеткізген Наурызбай қажыны көпшілікке облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиұлы таныстырды.

         Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету –  халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бір-біріне көмек көрсету арқылы бауырмалдық танытады. «Мейірім танытпаған жанның мейірімге бөленбесі анық». Ал әлімсақтан Құранға амал едіп, хадисті салтындай көрген текті елдің асыл қасиеттері жайлы сөз қозғаудың өзі шабытыңды шарықтата түсетіні бар. «Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа жарқыным, қарыз ғып берсең керек те емес алтының», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, арда жұрт жақсылықты ақы алу үшін жасамаған. Оны тарау да тарау тарихтан айқын аңғарамыз. Қашан да қайырым жасау, мейірім танытуға құрақ ұшатын сол текті халық бүгінгі шарада да баба жолын жалғады. Талдықорған қалалық орталық «Иман» мешітінде басталған республикалық «Жүрекке жылу» қайырымдылық керуенімен 11 тонна азық-түлік, 10 тонна көмір тиеген жүк көліктерінің сапарына ақжол тілеген құрметті қонақтар Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында көпбалалы 10 отбасыға үйдің кілтін табыс етті. Атап айтқанда, Жаркент қаласында 7 отбасы, Сарқан қаласында 1 отбасы, Ақсу ауданында 1 отбасы, Алакөл ауданында 1 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Жергілікті жанашыр азаматтардың бірлесуімен алынған үйлерге 25 миллион теңге жұмсалған.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір