• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:15:49
Алматы
+35°

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен кездесуде Таулы Қарабах жанжалы, тараптардың ұстанымы туралы құнды мәліметтерді айтты. Қамшы тілшісі елші мәлімдемелерінің толық нұсқасын ұсынып отыр.

Әзербайжан Арменияның бір күні соғыс ашатынын білді

Арменияға демократ деп саналған Пашинян билікке келген сәтте, Әзербайжан басшылығында екі ел арасындағы қарым-қатынас оңалар деген үміт пайда болды. 30 жыл бойы қордаланған мәселені шешудің орайы туды деп ойладық. Басында үміт ақтала басталғандай еді. Өйткені ол шекарадан армяндарды әкетіп, келіссөз жүргізуге ниетті екенін білдірді. Әлемдегі өзге де елдер секілді екі ұлттың бірге тату өмір сүруінің тәсілдері мен жолдарын табатындай көрінді. Жаңа билік келгенде бәрі реттеле ме десек, керісінше әрекеттері қаталырақ бола түсті. Қарабахты отарлауға қатысқан ескі саяси күштер оған қысым жасап, ақыры ол барынша бізге қарсы агрессиялық ұстанымға көшті.

Пашинян әскери тұжырымдама жасады. Ол тұжырымдама бойынша соғыс нәтижелері заңдастырылуға тиіс. Яғни, олар бір жерді басып алса, оны әлемдік ұйымдар мойындауы керек. Осылайша  армяндар тарапынан геноцид жалғаса берді, жалғаса берді...

Алғашында 613 жазықсыз адамды өлтірді, 70 пайызы әйелдер мен балалар. Кейін аймақты "әзербайжандардан тазалау" процесі кезінде мыңдаған адам қаза тауып, ормандарда із-түссіз жоғалып жатты. Бәрін тонады. Территориямызға этникалық армяндарды кіргізді. Халық алдында сөз сөйлеген Пашинан "Қарабах – бұл Армения" деп нүкте қойды. Сосын Арменияның қорғаныс министрі "бізге жаңа жерді жаулап алу үшін жаңа соғыс керек" деп айтқаны да есімізде. Армениядағы инаугурациядан кейін Пашинян арандатушылықпен айналысып, мас күйінде әзербайжанша билеп, халқымыздың намысына тиді. Саясаткердің мұндай қадамға баруға қақысы жоқ. Біз бұл оқиғаларды естігеннен кейін, барлығын хабардар еттік, соның ішінде ақпаратты Қазақстанға да жеткіздік. Мен өзім сыртқы істер министрімен кездесіп, Арменияның соғысқа дайындалып жатқанын айттым. Біздің президент те БҰҰ-ға мәлімедеме жасап, Арменияның соғыс ашқалы жатқанын жеткізген болатын. Барлығын спутник арқылы көріп отырмыз. Оларға кішігірім соғыс керек. Маусымда ма, тамызда ма, әйтеуір Арменияның бір күні соғыс ашатынын білдік. Біз оған 26 жыл дайындалып келеміз. 26 жыл соғысуды қаламайтынымызды дәлелдеумен келеміз. 

Қарабах қақтығысындағы Әзербайжан шығыны – 100 млрд доллар

Қазіргі жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Армяндар бейбіт, тыныш жатқан қалаға шабуыл жасап жатыр...

2020 жылдың 10 қазандағы жағдайдың өзінде 10 адам мерт болып, 40-қа жуығы жарақат алған. 17 қазанда 14 адам мерт болып, 50-ден астамы жарақат алған. Армяндар әзербайжандық қарулы күштерге төтеп бере алмайтынын біледі. Сол үшін олар түнгі 2-3 терде біздің ұйықтап жатқан жазықсыз халықты атып, техникасын тастап, қаша жөнеледі.

Қарабахтағы қақтығыс

Әзірбайжан тарапы соғыс ережесіне сай бейбіт тұрғындарға тиіскен емес. Ал басқыншылар қалалар мен аудандарды, ауылдарды атқылауда. Ганжа мен Бадра қаласындағы қатыгез шабуылды көрдіңіздер. Халықаралық ұйымдар келіп, кассеталық бомбалар қолданылғанын растады. Бұл ауыр қылмыс. Балалар мен әйелдер көз жұмды. Көп адам мүгедек болып қалды. Арменияның әскери-саяси басшылығы әскери қылмыстары үшін ғана емес, барлық  оқтарды, қайтыс болған, зардап шеккендерді тіркеп отырған тиісті халықаралық ұйымдар алдында жауап береді. 27-28 қазан күні армяндардың бомба лақтырып, біздің 21 адамды өлтіргенін көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары растап отыр. Бізге де Арменияның шабуылынан келген материалдық шығынды есептеуге көп жұмыстар жасау керек. Бұзылған 1000 ауыл, 10 шақты қала, аудан орталықтары, мекемелер, барлығын заңгерлер есептейді. Армяндар бәрі үшін жауап береді. Қазірдің өзінде Әзербайжанның шығыны, шамамен 100 миллиард доллар.

 Әзербайжанда антиресейлік саясат жоқ

Кеңес одағының құрамында болғандықтан, біздің ұзақ жылғы тарихымыз Ресеймен байланысты. Кеңес одағы тарағаннан кейін өзге елдер сияқты Әзербайжанның да мемлекеттік басқару немесе халықаралық қатынастар жөнінен ешбір тәжірибесі болмаған. Содан кейін Армения басқыншылық жасап, қысқа ғана уақытта біздің көршілес елдермен қарым-қатынасымызды бұзды. Дегенмен, Әзербайжан тәуелсіздік алғаннан бастап сыртқы саясатын сауатты жүргізіп келе жатқан ел. Ал қазіргі жағдайда Таулы Қарабахтың  бізге тиесілі жер екеніне бүкіл халықаралық ұйымдар секілді, Ресей де күмән келтірмейді және Армениямен болып жатқан қақтығысымызға араласпайды. Біз Армения Ресей Федерациясының әскери блогына кіретінін, экономикалық одақ екенін түсінеміз. Сондықтан экономикалық та, мәдени де байланыстарымыз жақсы, тұрақты.

Әзербайжанның Түркиямен қарым-қатынасы жақсы болса, ол – Ресеймен арасы дұрыс емес дегенді білдірмейді. Біз белгілі бір елмен, басқа елге қарсы тұру үшін бірігейін деп жатқан жоқпыз. Бірақ Ресейдің БАҚ беттеріндегі материалдарда "Армения мен Әзербайжан арасында атыс-шабыс болды" дегендей ақпарат таратылады. Шын мәнінде Армения түнгі уақытта баллистикалық бомбалар лақтырып, 21 адамымызды мерт қылды. Оны ешкім жазып жатқан жоқ. Ақпараттық саясат қайда жатыр? Біз Ресейдің позициясын дұрыс деп ойлаймыз, себебі екіжақты тұрақты баланс сақтап тұр. Ал Әзербайжанда антирсейлік саясат жоқ. Шынында, Ресей Әзірбайжанға жау емес.

Екі ықпалды мемлекет ретінде Түркия мен Ресейдің сыртқы істер министрлігімен де, президенттерімен де байланыс ұстап отырмыз.

Армяндықтардың біздің әскерге төтеп беретін шамасы жоқ

Әзербайжан өзінің кішкентай ауқымына қарамастан 2000 жылдары көп ақша таба бастады. Біздің жалпы аумақтың 20 пайызы аккупацияланып жатыр. Біздің әскеріміз Түркияда білім алады. Жасыратыны жоқ Әзербайжандағы орта және жоғары әскери мектептерде ұрыс жүргізу тактикасы, техника және тіпті бұйрық беруге дейін түрік әскерлерінің ұсынған моделі бойынша оқытады. Кейде  "Түркия әскері Қарабақта соғысып жүр" дегенді естіген сәтте күлкіміз келеді. Егер біздің әскеріміз тура Түркияның әскеріндей болса, онда бізге түрік әскері неге керек?

Біз тәуелсіздік алғалы бері жақсы қаруланған, технологиясы дамыған, мобильді, 100 мыңдық әскер жасақтай алдық. Яғни біздің елдің мүддесіне сай әскер дайындап шығардық.

ХХІ ғасырдың соғысы мүлдем басқа техникалар мен қаруды талап етеді. Қазір ХХІ ғасырдың әскері мен ХХ ғасырдың әскері соғысып жатыр деп сенімді айта аламын. Себебі, армяндықтардың біздің әскерге төтеп беретін шамасы жоқ.

Біз өз қарулы күштерімізге 26 миллиард доллар инвестиция құйдық. Бұл – бүкіл Арменияның 10 жылдық бюджеті. Барлық әскери буынды дайындадық. Қазір Арменияның аумағында өзінің әскері жоқ. Олардың барлық шекарасын келісімге сәйкес ресейлік әскер қорғап тұр. Өздерінің елінде қауіп болмағасын, бар әскерін біздің аумаққа кіргізіп қойған. Бүгінгі күнге дейін ресми түрде Таулы Қарабахтағы 2.7 млрд доллар болатын жаудың техникасын жойдық. Бұл шығынды Арменияның шығыны деуге келмейді. Себебі, оларға бұл қару-жарақтарды Кавказдағы балансты сақтап тұру үшін алпауыт елдер қайтарымсыз сыйға тартқан. Бүгінге дейін күн сайын Әзербайжан оккупациядан  арылмауы үшін деп Араб елдері, Франция, Ресей, т.б елдер оларға қару-жарақ жеткізіп тұрады.  Көптеген елдер бұл қақтығыста жеңген де, жеңілген де тарап болмайтындай, Әзербайжанды тоқтатқысы келеді. Неге? Әзербайжанның 20 пайыз аумағына басып кіргенде армяндарды неге ешкім тоқтатпады? Ешкім жауап бере алмайды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын орындап жатқан Әзербайжанды неге тоқтатады?                                                                                       

Армяндар да, әзербайжандар да балаларын өлімге жіберіп жатыр

Таулы Қарабахтағы қақтығыс – әзербайжандарға жер үшін, ал армяндарға оккупациялық соғыс. Түсіндіріп көрейін. Біздің фронттағы әскер, генералдарға дейін өз жерін қайтарып алғысы келеді. Ал армяндар үшін бұл оккупациялық соғыс. Олар тіпті Таулы Қарабах үшін емес, бірде-бір армян мекен етпеген соның айналасындағы аумақ үшін соғысып жатқанын түсінбейді.

Қарабахтағы қақтығыс

Армяндық аналар балаларын өзге елдің территориясына өлімге жіберіп жатыр. Жақында бір видео көрдім. 80 жастағы әже өзінің немересіне қасқыр сияқты жауыңды оңдырмауың керек деп айтып жатыр. Жеріңді армяндардан босатпай қайтпа деп үйретіп жатыр. Түсініп отырсыздар ма?! Біздің аналар абайла, өзіңе сақ бол демейді, "жеріңді азат етпей қайтпа" деп жіберіп жатыр.

Халқымыз 30 жыл бойы ұятқа қалып келеді. Біздің әскер ешқашан өзге елдің аумағына басып кірген емес. Өзге елді нақақтан нақақ қырған емес. Өз жерімізді қайтарамыз деп 30 жыл бойы күресіп келеміз.

Әзербайжан – өз экономикасына 250 миллиард доллар құйған 

Әзербайжан – зайырлы, заманауи, экономикасы дамыған, мықты әскері бар, бай мемлекет. Дубайдан әдемі. Жаңа жолдар, туристік орталықтар, жұмыс орындары ашылды. Сондықтан біз өзімізге сенімдіміз.

Сонымен қатар, Әзербайжан – өз экономикасына 250 миллиард доллар инвестиция құйған ел. Бұл қыруар қаржы. Аумағы бізден 36 есе көп Қазақстанның өзі тәуелсіздік алғаннан бері экономикасына 300 миллиард доллар инвестиция құйған. Әзербайжан – посткеңестік елдердің ішіндегі тәуелсіз саясат жүргізетін жалғыз ел.

Қарабах үшін соғыс бізді ұлт ретінде ұйыстырды

Соғыс бізді ұлт ретінде ұйыстыра білді. 40-тан астам партия бір мезетте президенттің маңайына топтасты. Өйткені бұл "Отан соғысы" екенін жақсы біледі.

Қазір антиәзербайжандық пропаганда жүріп жатыр. Әлемдегі БАҚ беттерінде халқымызды қырылып жатқан сорлы етіп көрсетіп жатыр. Ал армяндар Әзербайжан мен Түркия сияқты мұсылман елдердің қыспағында жалғыз қалған христиандар сияқты көрсетіліп жатыр. Мұнда діннің еш қатысы жоқ.  

Қазір біздің әскеріміз 4 ауданды толық азат етті. 3 аудан жартылай азат етілді. Біз солтүстіктегі барлық биіктікті қолымызға алдық. Ол биіктіктер арқылы Қарабахты бақылау оңай. Әскер өз жерін азат етуге барын салып жатыр.

Егер Армения өз әскерін біздің елден шығаратын болса, біз өзіміздің әскери қимылдарымызды тоқтатуға дайынбыз. Армения бұлай жасауға ниетті емес. Бір тарапты бейбіт келісім болмайтынын білесіздер. Екі тарап келісімге келмей отырғандықтан, соғыс қимылдары тоқтамайды. Дегенмен, бір күні территориямызды тазартуды бастайтынымыз анық. Арменияның өз әскерлерін біздің территориядан алып кетеріне және бейбіт келісімнің боларына сенеміз. Бізді қолдаған әр қазақ бауырымызға алғыс айтамыз. Өйткені ертең қақтығыс бітіп, бейбітшілік келген сәтте, "сын сағатта бізді кім қолдады" деп жан-жағымызға қараймыз. Біз әлемдегі 10 ірі елдің қатарында Қазақстан барына қуаныштымыз, бұл – жалпы қазақтардың ғана емес, түркінің мақтанышы. Әзірбайжан ешкімге жау емес, біз өз жерімізді қайтарудамыз. Ол БҰҰ-ның резолюциясына сай. Соғыс бітіп, жерімізді қайтарып, өз өлкемізде тыныштық орнауын қалаймыз.

Таулы Қарабах қақтығысы туралы оқырманға қысқаша түсінік

Таулы Қарабах – Әзербайжан Республикасы аумағындағы, ешқандай елмен шектеспейтін автономиялық облыс. Бұл аймақта 27 қыркүйектен бері қақтығыс жалғасып келеді. Екі тарап жанжалдың басталуына бірін-бірі кінәлайды.

1992-1994 жылдары Армения аймақта этникалық армяндардың тұрып жатқанын желеу етіп әскер күшімен Таулы Қарабах өлкесі мен іргелес жатқан жеті ауданның жерін басып алған. Аккупацияланған жер Әзербайжан территориясының 20 пайызын құрайды. Ол сәтте Таулы Қарабахта 170 мың азаматтың 130 мыңы армяндар, қалғаны әзербайжандар еді.

1994 жылы облыста оқ атуды тоқтату туралы келісім жасалар сәтте Әзербайжан жеріне миллионға жуық босқын келген.

1994 жылдан бері аталған аймаққа қатысты келіссөздер АҚШ, Франция, Ресей теңтөрағалары саналатын ОБСЕ-нің Минск тобы деген атпен жалғасып келеді.

Оқи отырыңыз:

Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі: Халқымыз 30 жыл бойы ұятқа қалып келед

Гүлім Жарасқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір