• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 21:58:08
Алматы
+7°

Қазақстанда соңғы уақытта депутаттар мен қоғам белсенділері тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету, несие амнистиясын жариялау бастамаларын көтеріп жүр. Қамшы тілшісі бұл бастамалардың нарықтық қарым-қатынастар, экономиканың бүгінгі ахуалы жағдайында қаншалықты мүмкін екенін, оның экономикаға салмағы мен салдарын зерделеп көрді.

Пайыздық мөлшерлеме қалай белгіленеді?

Қаржыгер Жалғасбек Ақболат тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі бірнеше фактор ескеріліп белгіленетінін айтты.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболат

– Пайыздық мөлшерлемені анықтауға бірнеше фактор әсер етеді. Алдымен ұлттық банктің базалық ставкасы басшылыққа алынады. Базалық ставка елдегі инфляция деңгейі негізінде айқындалады. Екіншісі – банктердің түрлі тәуекелдері. Мәселен, дефолт риск деген бар. Бұл – несие алған адам қарызын төлемеген жағдайға делінген тәуекел. Тәуекелдің осы түрі азаматтардың қаржылық жауапкершілігімен тікелей байланысты. Банктер статистика негізінде шартты түрде несие алған үш адамның біреуі несиені төлемеуі мүмкін екенін біледі. Сондықтан банк екі адамнан үшінші адамның ақшасын өндіріп алуға тырысады. Азаматтар кредитті көбіне кепілсіз алатындықтан, қайтармай қойып жататын жағдайлар кездеседі. Сосын теңгенің өтімділігі тәуекелі бар. Егер теңге нарықта өтімді болмай қалса, банкке белгілі бір мөлшерде шығын келеді. Банктің қызметіне байланысты кредит риск деген болады.

Осындай рисктер негізде банктің пайыздық мөлшерлемесі шығады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, елдегі екінші деңгейлі банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені 56 пайыздан асырмауға тиіс. Бұл азаматтарға ауыр. Пайыздық мөлшерлеме артқан сайын халық кедейлене түсетіні, қаржысынан айырыла түсетіні белгілі, – дейді қаржыгер.

Сарапшы бүгінгідей экономикалық жағдайда ұлттық банк базалық ставканы төмендетуі жақсылыққа әкелмейді деп санайды.

Ұлттық банк жылдық инфляцияны қадағалап, соның деңгейінде базалық ставканы белгілейді. Базалық ставка инфляция деңгейінен төмен бола алмайды. Оның бірнеше себебі бар.

 

– Егер базалық ставка инфляция деңгейінен төмен болса, теңге құнсызданады. Нарықта арзан ақша пайда болады. Иә, банктер пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, халық көбірек кредит алып, ипотека ресімдеуіне жол ашылуы мүмкін. Көп ақша бизнеске салынып, бизнесті ынталандырушы инструмент пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл инфляцияны шарықтатады. Сонымен қатар теңгелік инструменттер құнын жоғалтады. Бағалы қағаздарымыз, Қазақстан қор нарығындағы ірі компаниялардың акциясы төмендейді. Теңгемен сақталған депозиттер құнын жоғалтады. Шетелдік валютаға, бағалы қағазға сұраныс артады. Пайыз төмен, сәйкесінше кіріс төмен болған сайын инвесторларға тиімсіз ахуал қалыптасады. Түптеп келгенде ел экономикасы қиындыққа ұшырайды.

Ал пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуының теріс салдары – халық кедейлене береді. Ал ақшасы бар адамдар мен шетелдік инвесторлар байи түседі, – дейді қаржыгер.

 

Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, базалық ставканы төмендету үшін елдің экономикасы мықты болуға тиіс. Өңдеуші өнеркәсіп дамып, экономикалық сектордағы ойыншылар көп болуы керек. Үкімет жаңа өндіріс орындарын ашуы қажет. Отандық тауарлардың санын арттырған дұрыс. Бұл – инфляцияны төмендетеді.

Ал бүгінгідей жағдайда банктер тәуекелдерді ескеріп пайыздық мөлшерлемені төмендетпейді. Бұған Қазақстан нарығына кіргелі жатқан шетелдік банктер де әсер ете алмайды.

– Шетел банктерінің келуі корпоративтік этиканы дамытып, қызмет сапасын артыруға ықпал етуі мүмкін. Бірақ қазіргі тәуекелдермен олар да пайыздық мөлшерлемені төмендете алмайды, – деп атап өтті қаржыгер.

Қазақстан экономикасында капиталдың сыртқы ағыны өте жоғары

"Rysqulov Analytics" орталығының директоры, қаржыгер Жасұлан Кушебаев та несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайтуға ел экономика мүмкіндік бермейді деп санайды.

Қаржыгер Жасұлан Кушебаев

– Банктер несиені жоғары пайызбен беруінің бірден-бір себебі олардың сырттан қаржы алатынында. Сырттан пайызбен алынған қарызды қайтару үшін олар өз кезегінде жоғары пайыз қоюға мәжбүр. Ал батыс елдерінде банктер қаражатты азаматтардың депозитке салған ақшасынан алады. Солармен күн көреді десе болады.

Қазақстан экономикасында капиталдың сыртқы ағыны өте жоғары. Қарапайым азаматтар жалақысының 65 пайызын күнделікті тұтынатын тауарларға жұмсайды. Ал күнделікті тұтынатын тауарлардың көп бөлігі Қытайдан, Ресейде және өзге де алыс-жақын шетелдерден келеді. Яғни, жалақымыздың 65 пайызы сыртқы елдер экономикасына құйылып жатыр. Сәйкесінше, экономикада ақша ағыны азаяды. Бұл – экономиканың дамуына, оның мықты, мығым болуына теріс әсер етеді, – дейді маман.

 

Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан экономикасы сауда-саттық, ойын-сауық экономикасына айналған. Ештеңе өндірмейді, тек алып-сатарлықпен айналысып, сауда ойын-сауық орталықтарынан түскен қаржыны дөңгелетіп отыр. Бұл – ақша ағынының сыртқа кетуіне әсер етеді.

 

Маман "Қазақстан ақша ағынын тоқтату үшін басты фокусты өндіруші экономикаға қою керек" деген пікірде. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сала дамыса, тұтыну тауарларының едәуір бөлігі елде өндірілер еді. Сонда ақша ағыны ел ішіне бағытталып, әрі салық төлейтін көптеген кәсіпкерлердің шығуына жол ашылады.

Қаржыгер осы ретте дәретхана қағазы, жуынатын сабын, тіс пастасы секілді күнделікті қажеттілікті өтейтін тауарлардан бастап өзге де тұрмыстық тауарларды елде шығаруға көңіл бөлу керектігін атап өтті.

Жасұлан Кушебаевтың айтуынша, дәл бүгінгі пандемия жағдайында экономиканы көтерудің бірден-бір жолы – құрылыс саласын жандандыру. Өйткені құрылыс саласының басқа салаларды дамытуға тигізер әсері мол.

– Осы бірнеше саланы дамытудың өзі экономикаға қан жүгіртіп, ақшаны ел ішінде сақтап қана қоймай, сырттан қаржы тартуға жол ашар еді, – дейді сарапшы.

Қаржыгер аталған салаларды дамытпай халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру қиын екеніне назар аударды.

 

– Соңғы уақытта Қазақстанда тұтынушылық несие алушылар саны тым көбейген. Тұтынушылық несие портфелі 4 трлн теңгеден асып кеткен. Бұл – өте үлкен сома. Бұл – халық жалақысына қажетті заттарды сатып ала алмай, ол үшін несиеге жүгініп отырғанын көрсетеді. Демек, халықтың жалақысы төмен. Екінші жағынан азаматтардың қаржылық сауатының төмендігін де білдіреді. 200 мың теңгенің техникасын 500 мың теңгеге несие алу дұрыс емес.

Халық қаржысының инвестицияға, депозитке салынбауы секілді факторлар жиынтығы экономиканың қазіргідей халде болуына әсер етуі мүмкін. Ал одан шығудың жолы – жоғарыда айтқан салаларды дамыту, азаматтардың қаржылық сауатын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету, – деді Жасұлан Кушебаев.

 

Несие кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық депутаттар мен қоғам белсенділері көтеріп жүрген кредитті кешіру бастамасы нарықтық экономика заңдылығына қайшы екенін айтты.

Экономист Мақсат Халық

– Несие кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап. Біріншіден, бұл – нарықтық экономика заңдарына сай емес. Әр азамат несие алғанда, оны өтеуді де жауапкершілігіне алады. Алған қаржы міндетті түрде қайтарылуы керектігін біліп, келісім-шарт жасайды. Яғни, қарызды алу бар жерде, қайтару да бар. Амнистия жариялау ұсынылып отырған 4 трлн теңге көлеміндегі тұтынушылық несие сомасы Қазақстан үшін қомақты қаражат. Мәселен, былтыр үкімет 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін жауып берді. Сол кезде 105 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. "Жыл соңына дейін тағы жабамыз" деген. Соның өзінде бұл мақсатқа кететін қаражат көлемі 200 млрд теңгеден аспайды. Енді 200 млрд теңге мен 4 трлн теңгені салыстырып көріңіз. Ел бюджетінің биылғы жалпы шығыны 14 трлн теңгені құрайды. Ал амнистия жариялауға сұралған сома бюджеттің үштен бір бөлігіне жуықтайды. Егер азаматтардың несиесі кешірілетін болса, онда әлеуметтік төлемді жасауға, зейнетақы төлеуге, қорғаныс, білім, денсаулық салаларын қаржыландыруға қаржы тапшы болуы мүмкін, – дейді экономист.

Мақсат Халық кредитті кешіру әлеуметтік алалауды тудыруы мүмкін деп санайды.

 

– Былтыр кредитті кешіргенде "менің үш балам бар, жағдайым қиын, неге 4 баласы барлардың кредиті кешіріледі де, менің кредитім кешірілмейді" дегенге саятын пікір көп болды. Бұл әлеуметтік алалауды, келіспеушілікті тудырады. Несиесін жауып тастаған азаматтар "неге біз несиесін төлей алмағандар үшін салық төлеуіміз керек, олар ғана қиын жағдайда ма" деуі де мүмкін. Сондай-ақ бұл қоғам ішіндегі ауызбіршіліктің сетінеуіне, наразы топтың пайда болуына әкеліп соғуы да ықтимал, – деп атап өтті экономист.

 

Сарапшы несиелік борышы бар азаматтарға көмектесудің ең тиімді тәсілі – олардың табысын арттыру, сондықтан жұмыссыздарға екі қолға бір күрек тауып беру керек деген пікірде.

– Проблемалық кредиттердің көбеюі азаматтар жалақысының төмен болуымен байланысты. 2015 жылдан бері қазақстандықтардың табысы азайғаны байқалады. Соның салдарынан халықтың өмір сүру деңгейі түсіп кетті де халық табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Жетпеген соң банктен, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Сондықтан ең бірінші кезекте мемлекет азаматтардың табысын арттыруға күш салуы керек. Қазіргі жағдайда Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 мың 500 теңге емес, 70 мың теңге болғаны жөн. Келесі жылы оны 100 мың теңгеге дейін көтерген дұрыс деп санаймын. Сол кезде ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады.

Үкімет табысынан айырылып, қиын жағдайға қалған азаматтарды алдымен жұмыспен қамтып, сосын жұмыс өнімділігін арттыруға күш салуы керк. Әр азамат – адами капиталды құрайды. Маманның еңбек өнімділігі артқан сайын экономика өседі. Сондықтан мемлекет маманның біліктілігін арттыруға жұмыс істеуі керек. Профессионал маманның табысы да артады, сәйкесінше әлеуметтік жағдайы да көтеріледі.

Бұл тұста халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да аса маңызды. Қаржылық тұрғыда оң-солын білетін азамат артық пайыз салатын, алдайтын мекемелерден аулақ жүреді. Бірақ мұны мемлекеттік деңгейде қолға алып, қаржылық сауаттылықты арттыратын ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет. Ол мектеп бағдарламасына енгізілгені жөн. Бұл ретте Малайзияның тәжірибесіне сүйенуге болады, – дейді экономист.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір