Жас толқын, жаңа бастама, тың идеялар. Бұл жаңа Қазақстанның жасампаз жастарының ұстанымы. Бүгінде сол елім-жерім деген жастарымыздың ілкімді істері көңілімізге қуаныш ұялатады. Әсіресе, ұлт қамын ойлап, түрлі қайырымдылық жасап жүрген еріктілер. Осыған орай, Алакөл ауданы жастарының қайырлы істерін жазуды жөн көрдік.  

Ырыс-құт тұнған қойнауы, қорасы толған қой-малы, тулаған шалқар айдынды, тасыған асқақ айбынды Алакөлдің салқар даласында талай тұғырлы тұлғаларымыз туып, есімдері тарих беттерінде қалды. Туған жер... Кім-кімнің болмасын уыс жүрегінің қуысынан орын теуіп, ең жайдарлы да жасампаз естелік болып сақталатын құтты мекен. Ең алғаш жөргек кіріміз жуылып, табанымыз топыраққа тиген киелі өлкені өмір сапарымыздың соңғы секундтарына дейін санамызға байлап қоятынымыз рас-ақ. Әр адам баласының туған жерімен ең нәзік те тәтті естеліктері сабақтасып жатыр.  Тағдыр торабы кейде өзге өлкелерге айдап барып, түнгі аспандағы жұлдыздармен сырласа туған жерімізді сағына, сарғая еске алатынымыз жасырын емес. Дәл осындай мезеттерде ауылдағы әткеншектің орындығында қалдырып кеткен балалығымыз санамыздың ой-қырларында белең алып, өткен күндердің өткелдеріне сапар шектіретіні тағы бар. Мен де осындай толғаныс пен толқуға толы жағдаяттарды басымнан талай өткердім.

Білім іздеп, алып қалаларға ат шалдырған кезеңдері, терезеден телміре ағаш бұтағын арғымақ қылып мініп, көк жайлаудың төсінде көбелек қуған балғын күндерім мазалайтын да отыратын. Себебі шілде суына шомылып, шілдеханам тойланған туған өңірім мен үшін өте ыстық және іңкәр махаббатқа ие еді. Дархан даланың жерұйығы атанған жұмақ өлкесі, жеті өзені еркелеген Жетісудың жәннәт мекені, көбікті өзендер мен көрікті жазықтарды, бұйрат құмдар мен орман-тоғайларды төсіне қондырған, асқары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданының киелілігіне талас жоқ. «Балқаш-Алакөл» ойысы мен Жоңғар Алатауын бөктерлей құлашын жайған өңірдің ғасырлар қойнауына көмген тағылымды тарихына үңілсек бұл ауданда Жоңғардың соңғы қонтайшысы Дауашыны Қытай асырып, басын алған  Дарабоз батыр Қабанбай, үш жүз жігітін ертіп он мың қалмаққа жалғыз ат, жалаң қылышпен шапқан Қақал әулие, баянды ғұмырын қалың бұқарасын қорғауға арнаған Баянбай батыр, күллі Алаштың басын қосып, түтінін түзу түтеткен Абылай ханның мыңбасы Қасабай батыр, жомарттығы арқылы есімі Ресей патшалығына дейін жеткен Есім төре, емшілігі бір төбе, даналығы бір төбе Шіре ана шыр етіп, дүние есігін ашқан, елу жасына дейін ел кезіп, жау қылышынан кейіп көрмеген Кейкі батыр мен жеті жүз қадамнан шие жемісін жебемен атып түсіретін Тоқболат баһадүр жерленген.

Қиял дейтін кермиығымыздың көк дөненіне мініп,  күні бүгінге жортатын болсаң, Жоңғар Алатауының жоталарынан Қабанбайдың Қубасы, Қақал әулиенің Ақбоздарасы кісінеп,  Қасабай батырдың Қаракөгі менмұндалайды. Бергісіне сапар шексек, әуезді әнімен зейініңді аударар Зейнептей бұлбұл әпкеміз, жауырыны жерге тимеген Қараш балуан, қаламынан от шарпыған Сәкен ақын, әлем танығын Әнуар Әлімжанов сынды текті тұлғалар шыққан. Бүгінгіге бет бұрсақ Айдын Смағұлов, Бауыржан Оразғалиев, Жәнібек Әлімханұлы сынды спорт саңлақтары әлемді мойындатты. Қазірдің өзінде шығармашылық, спорт, әдебиет пен мәдениетте, музыкада жүрген жалынды жастар Алакөлдің атағына атақ үстеп, абыройын еселеуде.

Бұлардың барлығы біз танитын, көпшілік білетін мақтаныштарымыз. Алайда тасада қалған талапты да табанды, тапқыр да талапшыл, білімді де білікті, озық әрі озат жастарымыз да жетерлік. Халық арасында жүріп, көпшіліктің қамы аянбай, қызметінде де, қоғамдық шараларда да белсенділік танытып жүрген қатарластарымды атап өтсем. Өңірімізде 2017 жылдан бері «Бір Арман» қайырымдылық қозғалысы қарқын алып, еріктілер тобы жаңа азаматтармен толығуда. Өзгенің мұңын өз мұңындай көріп, жоғын түгендеуге сүйемдей болса да үлес қосуға ұмтылатын алакөлдік жастардың қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланып, аталған бағыттағы істерге кеңінен қолдаулар да көрсетілуде. Ерікті студенттердің шәкіртақысы ұлғайды, жаңа жобаларға қанат бітіп, қайтарымсыз гранттар да бөлінуде. Волонтерлік қызметтегі жастарға жеңілдіктер мен жаңа мүмкіндіктер де қарастырылған. Бұның барлығы бастамашыл қатарласарыма өте тиімді болып отыр.

«Бір Арман» қайырымдылық жобасына ойыссақ, 2017 жылдың 15 желтоқсанында алғашқы қадамдарын басқан жобаның бірінші кезеңінде Үшарал қаласы, Достық кенті, Лепсі, Жыланды, Ынталы, Бескөл, Қазақстан, Ақши ауылдарында жалпылай алғанда алпыс баланың бір-бір тілегі орындалды. Бұл ретте айта кететіні балаларға өздері қалап тұрған заттарын табысталды. Сыйлықтардың атауы жазылған бүктеме қағаздарды еріктілер жасырын таңдап, ішіндегі дүниелерді қуаныш иесіне тарту етті. Сұралған заттар ішінде ұялы телефондар, планшеттар, ұлттық аспаптар, томдық кітаптар, спорттық құралдар, үй жабдықтары да болды. Артынша 2018 жылдың желтоқсанында бір жылдық мерейтойдың құрметіне «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауын ұйымдастырып, өнерде, спортта, білімде үздік балалар мен Алакөлдің ең сүйкімді балақайын анықтады. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, бағалы заттар, сонымен қатар мұз айдынына, пиццерияға, видео-фотосессияға тегін бару сертификаттары табысталды.

Игілігін иен даладан тапқан исі қазақтың ежелден келе жатқан ізгі мінезінің бірі – қайырымыдылық. Атқаны жетіп, айтқаны өтіп тұрған азаматтар, төрт түлігін түгел жайған ауқаттылар, жүрек түкпірінде жақсылықтың нұры ұялаған жомарт жандар жығылғанға демеу, жылағанға пана бола білген. Бұл үрдіс қазіргі дамыған заманда да өз бағытын жоғалтқан емес.

Осымен бір жарым жылдан астам уақыт шамасында аудан аумағында жас журналистердің ұйытқы болуымен түрлі игілікті істерді атқарып жүрген «Бір арман» қайырымыдылық қорының ұйытқы болуымен аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде бүлдіршіндерге арналған бөлменің салтанатты ашылуы өтті.

Ойын бөлмесінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов арнайы келіп, балалар мен аналарға құттықтау тілегін жеткізді. Осындағы түрлі ойыншықтар сәбилердің тез айығып кетуіне септігін тигізіп, сырқат балалардың көңілін көтеруге ұйытқы болсын деген ниетін жеткізді. Аудандық орталық аурухананың директоры Асхат Бутабаев «Бір арман» қайырымдылық қорына бүлдіршіндерге осындай сыйлық жасап, сауапты істің көшбасынан көрініп жатқандары үшін алғысын білдірді. «Біздің мұндағы басты мақсатымыз балалардың қуанышы ғана. Бұнда келіп ем қабылдайтын бауыр-қарындастарымыз ауруханадан тек сырқатынан айығып қана емес, сонымен қатар бір бірімен ойнап, күліп, тәніне, жанына түскен ауыртпалықты ұмытса екен ниеттің жетегінде осындай шешімге келдік. Бұл шараға атсасылысқысы келген азаматтар да көп болды. Соның арқасында бар-жоғы екі күннің ішінде керекті қаражатты жиып, қажетті ойыншықтарды алдық. Бір айта кетерлігі демеушілік еткен азаматтардың бүгінгі кішкентай ғана үлесі осындағы балаларға үлкен бақыт сыйламақ»,- дейді, «Бір арман» қайырымдылық қоры жетекшісінің орынбасары Айжан Жанатова.

«Жастар жылы» аясында жалауын желбіреткен акция барысында Қазақстанның болашағын ұстар жеткіншектерге қомақты қаржыға арнайы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ ойын бөлмесіне ем-дом қабылдап жатқан балалардың көңілін көтеріп, сауығып кетулерін жеделдету мақсатында сырғанақтар, құрғақ бассейн, велосипедтер, үлкен көліктер, сонымен қатар музыкалық аспаптар, доптар, резінке аттар қойылды. Бұнымен сауапты іс тәмамдалған емес. Жас белсенділердің бастамасымен әлеуметтік әлсіз отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жеткізу, қыстық отын-көмірмен қамтамасыз ету бойынша ілкімді істер атқарылуда. Бұл игілікті шараның бір бөлігі ғана.

Көпбалалы жанұяларға көмек қолын созу мақсатында еріктілер Бескөл ауылынағы үш  отбасының жағдайымен танысып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етті. Бір айта кетерлігі аудан әкімінің тікелей қадағалауымен баспаналы болған қос жетім жерлестеріміздің үйін толықтай жиһазбен толтырып, сауапты істен шет қалмады.

Бүгінде балалар Үшарал қаласының шығыс беткейінен бой көтерген көп қабатты үйден екі бөлмелі пәтерге ие болған. «Бір арман» жобасының арқасында үйге керекті жиһаздар, теледидар, кір жуу машинасы, тіпті балаларға киім-кешек пен көрпе-жастыққа дейін табысталған.

Игілікті істе ауданның жастары, кәсіпкерлері ме жүрегінде жылылыққа орын бар бірталай азаматтар атсалысқан. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, солар біріге қол ұшын созғандықтан бүгінде қос болашағымыз уайым-қайғысыз өмір кешуде.

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға, туа сала тағдыр тәлкегіне түскен жетім балалар мен көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан жасөспірімдерге, ерекше күтімді қажет ететін жандар мен егде жастағы жалғыз басты қарттарға көмек көрсетіп, олардың көңілдеріне ұялаған бір арманына жан бітіру бағытын ұстанған алакөлдік еріктілердің жұмысы осылай өрбуде.

Жуырда қайырымдылық аталған қозғалысы аясында «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауы ұйымдастырылып, балалар арасында үздіктері анықталды.

2019 жылдан көмекке мұқтаж отбасылар мен көпбалалы жанұяларға көмек көрсету бағытын ұстанып, Бескөл, Үшарал, Қазақстан ауылдарындағы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға қыстық отын-көмір, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, азық-түлік табыстап, алғыстарына кенелді. Барлығы сегіз отбасыға септесуге мүмкіндік туды.

Келесі кезекте «Мұқтаждарға мейірім» жобасы аясында Қазақстан ауылының тұрғындары, үйлерін өрт шалған қос жетім балаға аудан әкімі баспана сыйлағаннан кейін екі бөлмелі пәтерді толықтай жиһазбен толтырылды. Атап кетсек, екі балаға жатын  төсектер, киім шкафтары (спальный гарнитур), кіре беріс бөлменің, ас үйдің және қонақ бөлменің жиһаздарын, теледидар, кір жуғыш машинасын, азық-түлік, киім-кешек, көрпе-жастық, ыдыс-аяқтар алынып берілді. Сөйтіп, жастардың мұрындық болуымен қос болашағымыз қазіргі мезетте алаңсыз тірлік кешуде.

Аудандық ауруханасының балалар бөлімінде сырқат бүлдіршіндердің көңілін аулап, олардың емханадағы уақытын қызықты өткізу мақсатында аурухана басшылығымен ақылдаса келіп, арнайы бір бөлмесін ойын залы ретінде жабдықталды. Ол жерге керекті құралдар, түрлі ойыншықтар, әткеншектер, велосипедтер, ойын машиналары қойылды.

Сонымен қатар «Қарияларға көмек» акциясының түңлігін түріп, жалғыз басты қарттардың үй шаруасын реттеу, көше атауларының тақтайшалары мен улы газды анықтау құрылғыларын орнатуда. Бұл іс тоқтаусыз жүзеге аса бермек.

Соңғы уақытта қолға алған бастаманың бірі «Тегін дүкен» акциясы. Бұл жерде зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен мұқтаж азаматтарға екі аптада бір рет тегін азық-түлік, өзге де керекті заттардың дүкені қойылады. Тізім бойынша азаматтар өздеріне қажетті дүниелерін тегін алып, ақысына тек алғыс төлеуде. Бұл бастаманы Ескелді, Қаратал, Ұйғыр, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласының белсенді қыз-жігіттеріе эстафета ретінде жолдады.

Қазіргі мезетте жетім және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға тегін ағылшын, түрік тілдерінің үйірмелері мен Алакөл орталық базарынан «Тегін дүңгіршек» ашу бойынша жұмыстар атқаруда. «Тегін дүңгіршекте» мұқтаж азаматтар тегін киім-кешек ала алады.

Қазіргі таңда өңірімізде жастардың осы істегі белсенділігі айқын байқалады. Кейінгі толқын өкілдері, көш бастаған, көпті көрген ата-әжелерімен кеңесе жүріп, кең көлемде қайырымдылық ісін қолға алып отыр.

Жастар бастаған жобаның алдағы жоспары да ауқымды. Демеушілердің арқасында көптеген істің ұшын шығарып, халықтың пайдасына жарату мақсаты көзделіп отыр. Бұған әр азамат та тілекші әрі терек бола алады. Өйткені біздің сауапты іске деген бір қадамымыз көмегіміз тиген жандардың келешегіне бағытталған мың қадаммен пара-пар.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші» ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылған істің кенжелеп қалмасы анық. Ауызбірлік пен тастүйін татулықтың тұғыры биік тұрғанда алынбас қамал жоқ. Бір аспанның астында, бір ауданның аумағында ғұмыр кешіп жатқан көмекке зәру жерлестерімізге қол ұшын созуда қарымды қадамдар жасап жатқан жобаның келешегіне үміт зор. Бір айта кетерлігі акция аясында «Бір Арман» жобасы үшін әлемге белгілі спортшыларымыздан алакөлдік жастарға видео үндеу жасалды.

Видео арқылы жолданған үндеуде Қанат Ислам, Бахтияр Артаев, Нұрбақыт Теңізбаев, Айдан Смағұлов, Арман Оспанов сынды саңлақтар жастарді жігерлендірді. Алдағы уақытта Қуат Хамитов, Жәнібек Әлімханұлы, Бауыржан Оразғалиев сынды жерлестеріміз бен Ардақ Назаров, Мәулен Мамыров, Дәурен Жұмағазиев секілді белді спортшылар алакөлдік жастарға жолданған үндеуге үн қоспақ. Бір айта кетерлігі, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Бір арман» еріктілер тобы облысымыздың үздік волонтерларының қатарынан табылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өткен додада бас жүлде иемденді. Сондай-ақ республика көлемінде байқаулардан да марапаттар баршылық. Топтың әр мүшесі де белсенді азаматтар.

 Барлығы да қазігі таңда қызметтегі жандар болғанымен, қайырымдылық ісіне де көңіл бөлуді естен шығармаған. Үнемі жақсылық пен жасампаздыққа жақын болып, бос уақыттарын сауапты іске арнауға ұмтылуда. Бұл ең алдымен алакөлдік жастардың ұйымшылдығы мен іскерлігінің бір көрінісі деп білеміз.

Топ құрамындағы талапты жастарды да атап өтпесек болмас. Жоба жетекшісі Алмат Есенбековтен өзге Лепсі орта мектебі директорының орынбасары Аян Оразов, «Алакөл» газетінің журналисі Айжан Жанатова, Достық ауылдық округінің жастар нұсқаушысы Айгерім Сарсенбаева, Ынталы ауылдық округінің жастар нұсқаушысы Қадырсұлтан Нүсіпхан, Үшарал қаласының жастар нұсқаушысы Алмас Самарханов, шекарашылар Азамат Баукенов, Бауберік Қасымсейіт, Үшарал қаласының спорт нұсқаушысы Мақсат Самарханов, теміржолшылар Сержан Күмпейісов, Бағлан Кеңесов, аудандық бірыңғай персоналды басқару бөлімшесінің маманы Ғалымбек Камитов, Үшарал қазақ гимназиясының ағылшын пәнінің мұғалімі Еркежан Есенбекова, «Алакөл жылу» КММ-ның инспекторы Айдос Ыбраев, Қоңыр орта мектебінің физика-математика пәнінің мұғалімі Ануар Базарбеков, аудандық орталық аурухананың фельшері Қайсар Азатбек өзгелерге көмек көрсетуде аянып қалмауда.

Еріктілер жылында да топ жұмысы тоқтап қалмады. Карантин кезінде мұқтаж отбасылар азық-түлік жеткізу, жалғыз басты қармяларға қолғабыс еті сынды істер атқарылуда. Сонымен қатар екі дана тігін машиналары сатып алынып, көпреттік бетперде тігу ісі де қолға алынған.

Мінекей, жалынды жастарымыздың жасампаз бастамасы осы. Қазіргі заман ағымымен арпалыса жүріп, өзгелерге де демдесуді ұмытпайтын болашақ иелерінің ісі сәтімен жалғаса берсін дегіміз келеді.

Ізгілікті іске құмармыз

Жастық жалын мен күш-жігерімізді жасампаз істерге жұмсау біз үшін маңызды саналады. Қазақстандай қуатты елдің болашағы біздің қолда болғандықтан ел мүддесіне қарай қам қылу басты приоритет болуы керек.

Осы ретте президент Қ.Тоқаевтың қолдауымен ағымдағы жыл «Волонтерлар жылы» деп белгіленіп, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ізгілікті істен аудан жастары да кенде қалмады. Жерлестерімізге қолғабыс етуде біз бір адамдай атсалысып, жүкті жұмыла көтеруге ұмтылудамыз.

Бір жағынан ауданның жаны жайсаң жандарына айтар алғысымыз да зор. Біздің бастамамызды қолдап, өз тараптарынан барынша көмек көрсетуде. Бұл жақсылыққа ұмсынған жастарды жігерлендіруге, еңбегіміздің өнімді бола түсуіне үлкен септігін тигізіп отыр.

М.САМАРХАНОВ, Үшарал қаласы бойынша спорт нұсқаушысы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Ойымыз ортақ, бағытымыз бір

Біз сан салада еңбек етіп, әрқайсымыз өз тағдыр жолымызбен жүріп келе жатсақ та ойымыз ортақ арнада тоғысып, еріктілер қызметін бағдар еттік. Тірлігіміз бөлек болса да, тілегіміздің бағыты бірігіп, аудан халқына біріге септесудеміз.

Ерікті болу – біреудің нұсқауымен яки бұйрығымен істеліп жатқан дүние емес. Бұл ең алдымен жүрек қалауымыз және қазақы қайырымдылық пен мейірімділікке құмар төл мінезіміздің бойымыздан көрініс табуы. Еліміз тарихтың талай тағдыршешті өткелдерін еңсеріп, өзінің береке құмарлығы мен татулығының арқасында бүгінгі дәрежесіне жетті. Біздің мақсат осы бірлігіміздің тұғырын теңселтпей, баянды болашақты қалыптастыруға жұмылу.

А.ЫБРАЕВ, «Алакөл жылу» КММ-ның инспекторы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Жүрегіміз жылылыққа жақын

Әлем халқын әбігерге салған пандемия, дүниежүзін дүрліктірген дағдарыс дауылы – бұның барлығы мемлекет экономикасына, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайына теріс әсер беріп отырғаны мәлім. Карантин салдарынан көптеген отандастарымыз жұмыссыз қалды яки жалақылары тоқтады. Бұл карантинмен қабаттасқан ауыр соққы болғаны жасырын емес.

Осы ретте өзгенің мұңын өз мұңындай көріп, халықтың жоғын жоқтап, барын түгендеуге атсалысып жүрген жалынды жастардың еңбегі ерекше. Соның ішінде «Бір арман» еріктілер тобының қарқынды істері көпшіліктің алғысын да алып үлгерді. Сан бағыттағы жобалар мен бастамалар өз ретімен жалғасып, жүйелі түрде атқарылып келеді. Біршама қалталы жерлестеріміз де атсалысуда. Барлық қарымды қадамдар ең алдымен алакөлдіктердің саф алтындай сақталған татулығы мен бірілігінің арқасы деп білемін.

А.САМАРХАНОВ, Үшарал қаласы бойынша жастар нұсқаушысы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Қайырымдылықтың қайтарымы мол

Тегершігі шыр айналған тынымсыз тірлігіміздің соңынан қуып, кейде айналамызда болып жатқан дүниелерді аңғармай да қаламыз. Өзіміздің ісімізді ілгерілетеміз деп, өзгенің мұңына немқұрайлы қарайтынымыз да жасырын емес. Бұл заман ағымының қалауы деп білеміз.

Алайда өңірімізде «Бір арман» еріктілер тобы құрылып, қайырымдылық қозғалысы басталғалы бері бөтен адамға бақыт сыйлаудың да ерекше қуаныш екендігін байқадық. Өмірден үмітін үзіп, салы суға кеткен пендеге көмек қолын созу арқылы олардың көңіліне нұр ұялату таңғажайып сезімге бөлейді. Жасаған ісіңнен басқалардың езуіне күлкі үйірілу – еңбектің нағыз өтеуі.

Осы бағытта қам қылып жүрген барша қатарластарымды ел келешегінің кепілі деуге болады. Бүгіннен бастап болашақ үшін қызмет етіп жатқан олардың өнімді жұмыстары мақтау мен мадақтауға әбден лайық.

Ғ.КАМИТОВ, аудандық бірыңғай персоналды басқару бөлімшесінің маманы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Еріктілер елдің қамын ойлайды

Біз бала күнімізден талай тағдырлардың қирағанын, қаншама адамдардың өмір заңына шыдас бермей, беріліп жатқанын көрдік. Бала-шағаны асырау былай тұрсын, бір үзін нан таппай, көшеде қолын жайған жерлестерімізге қарап, көңілімізге мұң ұялайтын.

Қазір ержеттік, есейдік. Әркімге көмек көрсетуге шаамыз жетпесе де, әлемді қопарып тастауға күш-қуатымыз баршылық, бойымызда жастық жалынымыз өршіп, ерік-жігеріміз тепшіп тұр. «Темірді қызған кезінде ұр» демекші, маңдайымызға жазылған уақытымызды бекерге жұмсамай, ел игілігіне қарай қызмет етуді басты мақсаттарымыздың қатарына қойып отырмыз. Бұл біздің таңдауымыз.

Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Бұнда төзімділік пен мейірімділік, лезде шешім қабылдау мен жауапкершілікті көтере білу сынды қасиеттерді толық меңгеруің керек. Сонда ғана халыққа жақындасып, оларға барынша көмек көрсетуге мүмкіндігің де, уақытың да табыла кетеді.

А.БАУКЕНОВ, жас сарбаз, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Тас түскен жеріне ауыр

Тағдыр... Біріне күле қарап, құшағын кеңінен жайса, екіншісіне сыны мен сынағын молынан беріп, қинауға да шебер-ақ. Амал нешік, көнуіңе тура келеді.

Өзімінің өмір жолымда мен де талай тағдыры қинаған, тұғыры қираған азаматтарды жолықтырдым. Көңілінде мұң, көзінде шарасыздық, жүрегінде сөнген үміт. Осындай жерлестерімізге сүйемдей болса да ықпалдасып, аяққа тұрып кетулеріне септесу кез келеген адамнның қолынан келе бермейді. Осы ретте жастық жалынымыз бен ел мүддесін көздеген қарымды ұмтылысымызды бір арнаға тоғыстырған «Бір арман» жобасының арқасында біз де біршама тағдырлардың тік тұруына демдестік. Ісіміз ілгері жылжып, сапарымыз сәтімен жалғасса, қайырымыдылық жолындағы қызметімізді одан әрі жалғай береміз.

Еңбегіміздің ақысы елдің алғысы мен ыстық ықыласы. Бұдан асқан бізге бақыттың да керегі шамалы. Біздің бүгінгі кішкентай ғана ісіміз өзгенің ертеңі үшін үлкен қадам болуы да ықтимал. Сондықтан бет алысымыздан танбай, тек алдыға қарай адымдай бермекпіз.

С.КҮМПЕЙІСОВ, жас теміржолшы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Біреуге күлкі сыйлау да бақыт

Заман ағымы алдыға жылжып, уақыт сырғыған сайын әлемде мейірімділік азайып бара жатыр ма деп қаласыз. Ғаламторға үңілсеңіз қаптаған жантүршігерлік жаңалықтар, зорлық-зомбылық, аласапыран. Жақсылыққа орын жоқ па деп те қаласыз кейде.

Бір қуанарым, тектілігіне таймаған қазақ елінің тамырлы қасиеттерінің ішінде «қайырымдылық» сынды ізгіліктің жоғалмауы. Ықылым замандардан бері жалғасып келе жатқан бұл мінезінің арқасында еліміз талай тағдыр өткелдерінде бірін-бірі демеп, жебеп, осы күнгі даңқы мен дақпыртының биігіне шығып отыр.

Біз де өз тарапымыздан бұқараның бір керегіне жарау үшін қайырымдылық ісіне атсалысып, барынша көмек көрсетуге ұмтылудамыз. Бұл уақыттың молдығы яки артық ақшамыздың шашылып жатқанынан туындаған дүние емес. Керісінше шарасыздықтан шаршаған жерлестеріміздің мұңын елеп, болашағына кішкентай болса да сәуле шашу. Осы жолда әлі талай асуларды бағындыратынымызға кәміл сенімдімім.

Қ.АЗАТБЕК, жас дәрігер, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Ұлтқа қызмет етуге тиіспіз

Ұлылық – қызметтегі өрлеуің мен лауазымдық өрістеуіңе емес, ұлтың үшін атқарған жұмысыңыздың салмағымен өлшенбек. Себебі тамырлы тарихымызға зер салсақ, есімдері ғасырларға жалғасқан ұлы тұлғаларымыздың барлығы дерлік ел үшін от кешкен азаматтар.

Қазіргі жастар үшін мүмкіндіктер көкжиегі кеңейген мезетте қол қусырып отыру бізге сын. Өйткені қызметіміз бар, тағдырдан таршылық та көріп жатқанымыз жоқ. Мемлекеттің де қолдауы мол, жастық жалынымыз да алаулап тұр. Қолымызды мезгілінен кеш сермемеу үшін, дәл осы уақыттан бастап халық қамын көздеуге тиіспіз. Барша қатарластарымызды осы жолға шақыру да міндетім деп білемін.

Тәубә, талай жұмыстар атқардық. Бастама көтерген сәтте «Қолымыздан келе ме?» деп күмән келтіргенімізбен, бүгінде сол кезеңдері күлкімен еске аламыз. Ерікті болу – мен үшін және тілегіміз ортақсатқан қатарластарым үшін құрмет.

А.БАЗАРБЕКОВ,

Қоңыр орта мектебінің физика-математика пәнінің мұғалімі, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

Ертеңіміз елге тиесілі

Бүгініміз өзімізге болғанымыз, ертеңіміз елге тиесілі. Себебі ортақ Отанымыздың патриоты ретінде болашағымызды бұқараның тағдырымен сабақтастыру туған жерге ту тіккен әр ер-азаматқа міндет.

Талай батырлар мен баһадүрлер, көптеген текті тұлғалар топырағында ауанп өскен киелі Алакөлдің тумасы болғандықтан, өңіріміздің және әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін қызмет ету басты мақсаттарымыздың қатарын толықтырып отыр.

Президент Қ.Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында ел қамын көздеген жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Биылғы «Еріктілер жылы» сол мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейте түскені мәлім.

Шыны керек, елдің мүддесіне қарай адымдау өзгеше бақытқа кенелтеді. Қуанышымызға қуаныш қосып отырған еріктілік қызметті жалғастыра беру – маған және қатарластарыма үлкен абырой.

Б.ҚАСЫМСЕЙІТ,

жас сарбаз, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

 

Жастық жалынымызды толық пайдаланайық

Жастар – ертеңгі Қазақстанның қуатты тірегі, елдің келешегінің кепілі. Олардың білімді, білікті болуынан бөлек, бауырмалдығы мен мейірімділіг, жанашырлығы мен жасампаз істерге құмарлығы құптарлық іс.

Сондықтан да біз «Алакөлдік жастар» деген брендті қалыптастыруғ бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру және жерлестерімізге ықпалдасу мақсатында «Бір арман» қайырымдылық жобасында басымызды біріктіріп, алға қарай біріге қадамдар басып келеміз. Ортақ дүниеге жұмылған ұйымшылдығымыздың арқасында біршама жұмыстарды атқарылды.

Алға қойған жоспарларымыз да ауқымды. Қызметімізден босаған уақытта мұқтаж жандардың хал-ахуалын бағамдап, қалай қолғабыс етсек деп жүреміз. Бұл өміріміздің үйреншікті бөлшегі болып та кетті.

«Еріктілер жылы» бізге жаңаша тыныс сыйлағаны жасырын емес. Ісімізге өрге домалап, пандемия кезінде халықтың бір керегіне жарадық деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осы беталысымыздан танбай, шыңдарға қарай қадам баса бермекпіз.

Б.КЕҢЕСОВ,

жас теміржолшы, «Бір арман» еріктілер тобының мүшесі.

 

Ілмек сөздер: қайырымдылық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір