11 Қараша, 2020 Саясат
Никол Пашинян мен Ильхам Алиев. Фото: Алексей Дружинин / ТАСС
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек Қамшыға берген шағын сұхбатта Таулы Қарабақ бойынша 10 қарашада қол жеткізілген келісім, аймақтағы жағдайдың Қазақстан экономикасына әсері туралы айтып берді.
– Армения Қарабақтағы үш ауданды Әзербайжанға қайтаруға міндеттейтін бұл келісімге неге барды?
– Ереван Бакумен келісімге келуге мәжбүр болды. 30 жылға созылған Таулы Қарабақ мәселесінде осындай аукымды өзгеріс бірінші рет болып тұр. Қыркүйекте басталған қақтығыстан кейін Әзербайжан күштері айқын басымдық көрсетіп, аймақтағы де-факто жағдайды өзгерте алды. Армян тарапы Әзербайжандардың әскери қуатына әзір болған жоқ. Қыркүйектен бергі әскери қимылдар соны көрсетті. Өйткені екі елдің әскери әлеуеті әртүрлі. Мәселен, Әзербайжан әскери саласының бюджеті 1 миллиард 800 миллон долларды құраса, Армениянікі соның үштен бірі – 600 миллион долларға жетер-жетпес. Әскерді техникалық жарақтандыру бойынша да Әзербайжан Армениядан әлдеқайда алда тұр. Іс жүзінде бұл айырмашылық әжептәуір сезілді. Ереван тұтас аймақты уысынан шығарып алу қаупінің барын білді. Кейде "жақсы" және "жаман" деген нұсқалар арасында ғана емес, "жаман" және "өте жаман" деген нұсқалар арасында таңдау жасауға тура келеді. Армения өзіне қанша қиын болса да осы "жаман" сценарийді таңдады. Бұл олар үшін "өте жаманнан", яғни Қарабақтан біржола айырылып қалудан жақсы әрине.
– Пашинянның әрекеті елінде үлкен қарсылыққа тап болып жатқаны белгілі. Бұл күтілген реакция ма?
– Әрине. Таулы Карабақ екі ел үшін де ұлттық деңгейге көтеріліп кеткен өте нәзік мәселе болғандықтан, кез келген тарап үшін шегініс жасау – саяси суицидпен тең. Армениядағы ереуілдер, Пашинянды айыптау әрекеттерінің түпсебебі осымен түсіндіріледі.
– Қарабақтың ендігі тағдыры қалай болуы мүмкін?
– Бұл туралы әзірге бірдеңе деу қиын. Мәселе осы келісіммен бітпейтіні анық. Тараптар өзгерістерді негізге ала отырып, келіссөздер жүргізсе, келіссөздердің жаңа жеңгейі басталуы мүмкін. Десе де ендігі келіссөздердің барысы қалай болатынын болжау оңайға соқпайды. Өйткені ендігіде Армения да есесін жібергісі келмейді.
– Кеше Әзербайжан президенті Ильхам Алиев пен Түркия президенті Режеп Ердоған телефонмен сөйлесіп, Қарабақтағы атысты тоқтату режимін бақылау үшін түрік-орыс бітімгерлік орталығын құруды талқылады. Алғашқы келісімде Түркия туралы бірде-бір сөз жоқ еді ғой... Екеуара әңгіме нені білдіреді?
– Иә, екі ел басшыларының сөйлесуі қызық болып тұр. Түркия Әзербайжанның жақтасы болғанымен, Әзербайжан, Армения, Ресей елдерінің бірлескен мәлімдемесінде Түркия туралы ештеңе айтылмаған. Әзірге бұл мәселеге Түркия араласып жатқан жоқ. Ал Ресей бітімгерлік миссияға әскерін жолдап үлгерді. Бір-екі күнде бітімгерлер қызметі басталады. Ресей ол жақты өз әскерімен қорғайды. Бәлкім, алдағы уақытта үшжақты келісімге өзгеріс еніп, Түркияның рөлі айқындалатын шығар.
– Қарабақтың ішінара Әзербайжанға қайтарылатынының Қазақстан экономикасына әсері, жібек жолын жандандыруға ықпалы туралы айтылып жатыр. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Қарабақтағы жағдай тікелей болмаса да жанама түрде Қазақстанның экономикалық жобаларына әзер етеді. Аймақта ұзақ мерзімге тыныштық орнауы – Қазақстан үшін ыңғайлы болар еді. Өйткені біз Каспий теңізі арқылы транзиттік дәліз құруға тырысып отырмыз. Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдауда Әзербайжан территориясы тізбектегі басты түйіндердің бірі. Ал соғыс жағдайы жалғасар болса, Армения Әзербайжанның стратегиялық нысандарына зымырандық соққы жасауға дайын екенін жасырып отырған жоқ. Ал бұл Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы Қазақстанның Еуропаға мұнай экспорттау жоспарына кесірін тигізеді. Сондықтан Қазақстан аймақтағы тұрақтылыққа мүдделі әрі тұрақтылық болуын, жанжалдың бейбіт жолмен шешілуін қолдайды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір