• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:04:55
Алматы
+35°

Есет Көкіұлы 1667 жылы еліміздің батыс өңірінде өмір есігін ашқан. Кіші жүз жетірудың ішіндегі тама руынан тарайды. Оның әкесі Көкі де батыр болған, кезінде Салқам Жәңгірге көмекке барған Жалаңтөс Баһадүрдің жасағында жоңғарға қарсы күрескен адам. Оның лақап аты – Таймас батыр. Орбұлақ шайқасында шеп бұзып, жүректілігімен көзге түсіпті. 

Есет – қазақ тарихында «Тархан» (фельдмаршал) шеніне ие болған үш батырдың бірі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше ерлік көрсетіп, кіші жүз ханы Әбілқайырдың адал серігі болған.

1667-1749 жылдардың аралығында өмір сүрген Есет Көкіұлы – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен. Аңырақай соғысында Кіші жүз құрамының туын көтерген батыр. 1743 жылы 3-шілдеде Ресей патша үкіметінің жарлығымен Есет Көкіұлына «Тархан» атағы беріледі.

Қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлы туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында, Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік мұрағатта, Мәскеудегі орталық мемлекеттік әскери мұрағатында, Алматыдағы және Ташкенттегі орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған. Орыс елші-офицерлері Тевкелеевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында, сонымен қатар ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларда батыр есімі кездеседі.

Есет батыр өмірін зерттеуші ғалым, тарихшы Зәкіратдин Байдосұлы Орынбор орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған батыр өміріне қатысты деректерді саралап, онда «1690 жылы Есет батырдың 23 жасында Тама ішіндегі Торым аталығының жетекшілігінде болғандығын» көрсетеді. Ғалымдар Есет батыр Көкіұлының бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы – 1690-1710 жылдар аралығындағы уақыт. Бұл кезеңде батыр Аюке бастаған Еділ қалмақтарының әскерімен шайқасып, қазақ жері үшін төнген қауіптермен күрес үстінде жүреді.

Алға ауданының аумағындағы Бестамақ ауылынан 3 шақырым шығыста орналасқан Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені б.з.д VІ-V ғ.ғ ежелгі көшпенділер дәуірінің археологиялық қорғанынан, ХІХ ғ. құлпытасы бар тас қоршаулардан, шырақшы үйінен тұрады.

1700 жылы Есет таманың ішіндегі бір руға би, ал, 1710 жылы бүкіл тама жұртының төбе биі атанады. 1722 жылдан бастап жетіру тайпасынан құралған әскердің бас қолбасшысы міндетін атқарды. Әрі би, әрі батыр болған Есет 1723-1726 жылдары Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен бірге еліміздің солтүстік-батысына шабуылдаған Еділ қалмақтарына қарсы күресті. Сол шайқастарда ол кіші жүздің азаматтарынан құралған ірі жасақты басқарды. Тәуке ханның тұсында да Есет үнемі алғы шепте Кіші жүздің қолын бастап жүрді. Оның ерлігін әділ бағалаған Тәуке хан бір шайқаста Есетке «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті.

Есет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен кейінгі Бұланты шайқасындағы ұлы жеңіске өз үлесін қосты. Осы шайқаста қазақтар жағы жеңіске жетіп, ойраттар Ұлытауды жаулап алу туралы ойларын іске асыра алмады. Сол майдан туралы ел аузында мынадай аңыз бар. Қан майданда Есеттің басы бірнеше жерден жарылыпты. Оны естіген батырлар шайқастан кейін аман ба деп, Есетті іздейді. Сөйтсе, ол басын таңып отыр екен. Сонда жауынгерлер «Есеттің басы қаттыма, Алланың тасы қаттыма?» деп тақпақтап қоя беріпті. Ал, Аңырақай шайқасында ол Кіші жүздің 20 мыңдық жасағын байрақ ұстап, бастап жүрді. Сондықтан, батырды ел ішінде «Ту ұстап, тарлан мінген Есет» деп атаған. Батыр жайлы «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген мәтел сөз де бар.

Есет өмір бойы Әбілқайырдың сенімді серігі, айнымас адал досы болып өтті. Оның өмірінің өзі Әбілқайыр жүргізген саясатпен тығыз байланыста өріліп отырды. Есет старшиналық қызмет атқарып жүргенде Кішіжүз бен Орта жүздің атынан Орынборда князь В.Урусов пен ел аралық келіссөздер жүргізді. Осы еңбегі үшін 1743 жылы Ресей патшалығы тарапынан «тархан» шенін алды. Есет – қазақ батырлары ішіндегі «тархан» дәрежесін иеленген үш тарханның бірі. Одан өзге Шақшақ Жәнібек пен оның ұлы Дәуітбай ғана осы құрметке ие болған.

Есет батыр 1749 жылы 82 жасында өмірден өтті. Денесі қазіргі Ақтөбе облысының Алға ауданы, Бестамақ деген елді мекенге жерленген. Мазарының басына 1750 жылы сәулетті кесене салынған.

 

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Есет Ақтөбе облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір