• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 00:41:33
Алматы
+35°

Бүгін Палата Спикері, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясының фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Онда  партияның  «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалды.

Бейнеконфенция форматында өткен кеңейтілген жиынға Қазақстанның  Премьер-Министрі Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, сондай-ақ, Үкімет мүшелері қатысты.     

Партияның сайлауалды бағдарламасы туралы айтқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев парламенттік фракцияның алдына «Nur Otan» партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің орындалуына тікелей және қатаң бақылау жасау міндетін қойғанын атап өтті.

Бұл үшін Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясы Үкіметпен өзара іс-қимыл жасай отырып, апта сайын Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысына мониторинг жүргізіп, сондай-ақ алынған міндеттемелерді орындау үшін заңнамалық негіз қалыптастырып, жұмысты жүйелі түрде жолға қойды.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Nur Otan» фракциясына мүше депутаттар үкіметтік заң жобаларымен жұмыс істеумен қатар,  өздері де 55 заң жобасына бастамашы болғанына назар аударды.

Өз кезегінде, Үкімет басшысы баяндағандай партияның сайлау алдындағы міндеттемелері негізінен орындалды.

Премьер-Министрі Асқар Маминнің айтуынша, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, авто және темір жолдарды, заманауи логистикалық жобаларды жаңғырту нәтижесінде 559 мың жұмыс орны құрылды. Мектептер мен балабақшалардың құрылысы ерекше бақылауда. 4 жыл ішінде 3 мыңнан астам мектепке дейінгі балалар мекемесі салынды. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін 417 мектеп пайдалануға берілді. Биыл-тағы 56.

Асқар Мамин атап өткендей, агроөнеркәсіпті қарқынды дамыту жөніндегі міндет дәйекті және жүйелі түрде шешілуде. Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының 400-ден астам жаңа нысаны іске қосылды.

Үкімет қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту үшін реттеуші орта үнемі жетілдіріліп, кедендік әкімшілендіру жақсартылуда. «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі халықаралық рейтингінде Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 25-орынды иеленді.

«Жаңа әлеуметтік саясат» бағдарламасының бағыты шеңберінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі енгізілді. Реформаланған жұмыспен қамту орталықтары әмбебап қызметтердің кең жүйесін ұсынады. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40% - ынан 70% - ға дейін өсті, бұл мұқтаж азаматтардың үлкен санына әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Шағын бизнеске шағын несие беру көлемі 31 млрд. теңгеден 83 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.

Медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін арттыру үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Қауіпсіздік және тұрақтылық» бағыты шеңберінде Үкімет Елбасы мен Мемлекет Басшысының халықаралық бастамаларын ілгерілету жөніндегі іс-шараларды дәйекті түрде іске асырды.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин бірлескен жұмыс нәтижелері туралы айта келіп, бұған ең алдымен, тәуелсіздік жылдары Елбасы, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының арқасында елде тұрақты экономика құрылып, алтын-валюта резервтерінің үлкен көлемі жинақталғанын, бұл сыртқы сын-қатерлерге жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Палата Спикері Үкімет мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру арқылы сайлауалды бағдарламаны орындау үшін барлығын жасағанын алға тарта келіп, осы жылдар ішінде депутаттық корпус барлық қажетті заңнамалық базаны қалыптастырғанын айтты.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин:

– «Nur Otan» партиясы еліміздегі негізгі және жетекші саяси ұйым болып табылады. Сол үшін партиямыздың Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партия алдындағы барлық міндеттерді, соның ішінде, сайлау бағдарламасын орындау туралы әрқашанда тапсырма беріп келеді. Себебі, «Nur Otan» партиясының сайлау бағдарламасы ол – Елбасымыз айтқандай, елді сақтау, тәуелсіздікті нығайту және ұлттың болашаққа баратын жолы. Сонымен бірге, ол – саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың кепілі, – деді.

Нұрлан Нығматулинннің айтуынша, VI шақырылым барысында «Nur Otan» фракциясы депутаттарының сайлау алдындағы міндеттемелерін қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстары республикалық бюджеттен жалпы 138, 3 млрд. теңге сомасында қолдау тапты. Бюджет шығыстары білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға, сумен жабдықтау, су бұру, ауылдық елді мекендерді газбен жабдықтау, жалға берілетін тұрғын үй салу және т. б. мәселелерді шешуге ұлғайтылды.

– Осының барлығы елдің тұрақты дамуы мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. партиямыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай міндеттер жүктеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар, жиын барысында бірқатар мәселелер белгілі себептер бойынша толық көлемде орындалмағаны атап өтілді. Ең алдымен, олар нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен, саны 250 адамнан асатын барлық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларын жекешелендіру.

Отырыс барысында, Нұрлан Нығматулин:

– Коронавирустық пандемия, әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық - бұл ескерусіз қалдырмайтын нәрсе екені түсінікті. Біз Үкіметтің осы мәселелерді шешуде нақты жолдары бар екенін көріп отырмыз, – деді.

Мәжіліс Төрағасы осы бағытта қойылған мақсаттарға жету үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қолданатына сенім білдіріп, Парламент тарапынан бақылауды қамтамасыз етуді жалғастыратынын жеткізді.

Кеңейтілген жиын барысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары қазақстандықтар үшін өзекті мәселелерге назар аударды. Бірінші кезекте, ол еліміз бойынша әсіресе, ауылдық жерлерде жалға берілетін тұрғын үйлермен қамтамасыз ету.  Сондай-ақ депутаттар қаржыландыру мен құрылыс көлемін, оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұлғайту қажет деп санайды. Жиында ссы мақсаттарға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және салынып жатқан үйлердің сапасына бақылауды қатаңдату сияқты басқа да мәселелер қамтылды.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, халықты еңбекпен қамтудың белсенді шараларына тартуды одан әрі  жалғастырып, осы бағытта  қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіруді күшейтіп, ол туралы халықты тұрақты ақпараттандырып тұру қажет.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Нұр Отан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір