• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:43:37
Алматы
+12°

Жанболат Ағаділ қазасына байланысты істе күдікті ретінде ұсталған Өміржан Рахметтің адвокаты Жандос Тұяқов сот шешімі шықпайынша күдікті делінген адамның "қылмысты жасағанын мойындаған" видеосын желіге шығару заңсыз екенін айтып, видеоны түсіріп, желіге жүктеген азаматтарды жауапкершілікке тарту үшін прокуратураға шағым дайындап жатқанын жеткізді.

– Біз бұл істі мойындамаймыз. Әлеуметтік желіде "Жанболат Ағаділді абайсызда пышақтадым" деп тараған видеоүндеу заңсыз. Сот шешімі шықпай мұндай видеоны халыққа арнап шығару да дұрыс емес. Заңсыз түсіріп, желіге жүктеген азаматтарды жауапкершілікке тарту үшін прокуратураға арнайы шағым дайындап жатырмыз. Біріншіден, видео түсіру процесі ешкімнің қатысуынсыз жүзеге асырылған, екіншіден, бұл тергеу амалдары емес. Мәселен тергеу амалдарында видеоға түсіру рұқсат етілген. Бірақ онда адвокат қатысады. Ал мұнда тергеуге арналмаған, іс материалдарда жоқ дүние. Күдіктінің кінәлілігін тек сот шешеді. Халыққа алдын ала жариялап, олардың ойын қалыптастыруға ешкімнің құқығы жоқ. Видеоның құқық қорғау органдарында түсірілгені белгілі, – дейді заңгер. 

Адвокат кісі өліміне соқтырған қылмыстық істің астарында саяси астар жоқ деп санайды.

– Мұнда ешқандай да саясат, саяси аятар сынды мәселе мүлдем жоқ. Кәдімгі қылмыс болған. Қазірше сот шешімі шықпайынша, бізге істің мән-жайын ашып айтуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл жерде нақты кімнің адам өлтіргені анықталмай жатыр. Біз әзірше Өміржанның кінәсі жоқ санаймыз, – деп айтты Жандос Тұяқов. 

Қоғам белсендісі Жанболат Мамай "тергеу аяқталмай жатып видео таралуына қарағанда істің саяси астары бар" деген пікірде.

 Бұл істе күмән тудыратын істер өте көп деп ойлаймын. Себебі бір күннің ішінде "күдіктімін, мен пышақтадым" деген жас баланың видеосы шыға келді, артынша күдіктінің анасы бірнеше "өтірік болды" деп мәлімдеме жасап жатыр. Ресми органдардың келтіріп отырған деректеріне өз басым сенбеймін. Егер қылмысқа ешқандай саясаттың қатысы жоқ болса және арнайы тапсырыс, қолдан ұйымдастырылған жағдай болмаса, онда полиция қызметкерлері аталған істі ашық, әділ тергеп, қылмыс жасаған азаматты жауапкершілікке тартуы керек.

Әлеуметтік желіде тараған видеоның қайдан шыққаны әлі күнге дейін белгісіз. Біздің заңнамада сот шешімі шықпай ешқандай видео таратуға болмайды. Өйткені күдіктілердің ешқандай қылмыстары дәлелденген жоқ. Бірнеше сағаттың ішінде қылмысты дәлелдеп, ашып тастау мүмкін емес. Сондықтан қылмыста күмәнді істер өте көп. Полицияның осылай жасырын әрекет етіп, қитұрқы әрекеттерге барып жатқанына қарағанда істе саяси астар болуы әбден мүмкін. Күдікті Өміржан Рахмет өзінің кінәсіз екенін ашықтан-ашық айтып отыр. Азаптау, ұрып-соғу, қорқыту арқылы қылмыс жасамаған адамдардың өзіне қылмысты іліп, жазықты етіп жататын жайттар біздің Қазақстанда көп болады. Мен бұған таңғалмаймын. Сондықтан мен полицияның сөзіне қарағанда, Өміржан Рахметтің "мен өлтірген жоқпын" деген сөзіне сенемін. Егер де тергеу жұмыстар ашық түрде жүргізілмесе, онда мен бұл – саяси тапсырыспен жасалған іс деп кесіп айтамын. Дәл қазіргі уақытта саясаттың қатысы бар. Алдағы уақытта қылмыстық іс айқындалады деп санаймын, – дейді Мамай.

Күдіктінің анасы, І топтағы мүгедек Инабат Абдиева "баламды видеоға түсірген адамның кім екені әлі белгісіз" деп отыр.

– Баламды тергеу изоляторына түскелі әлі көрген жоқпын. Маған жұма күні баламмен кездесу үшін өтініш жаз деген. Өтініш жаздым. Үш күннен кейін рұқсат берілетінін айтты. Алайда кеше баламмен жүздесуге барсам, кіргізбеді. Не үшін өтінішімді қабылдамағанын сұрасам баламның жазған өтініші керек екенін айтты. Бүгін адвокатымыз екеуміздің өтінішімізді алып, өткізді. Енді кездесу үшін ертеңгі күнді күтіп отырмын. Баламды видеоға түсірген адамның кім екені әлі белгісіз. Прокуратураға шағым түсірдім, олардан сұрасам "білмейміз" деп басын алып қашады. Балам видеода қорыққанынан айтып отыр. Ол жерде "мен өлтірдім" деп айтпаған. Балам о бастан "мен білмеймін", "мойныма алмаймын" деп отыр екен. Ол кімді өлтіріп, не болғанын білмейді. Сұрастыра келе сол күні оқиға болған жерде балалардың бәрінде пышақ болғанын біліп жатырмыз. Бірақ солардың барлығын неге жібере салғанын түсінбей отырмын. Қазір олар бостандықта жүр. Өздері өлтіріп алып, баламды "подставить" етіп отыр. Оларға "өлтірді" деген күдікті керек болды. Жанболат Ағаділдің үйіне барып туыстарына көңіл айттым. Анасының айтуынша, 25 баланың ешқайсысы пышақты кім сұққанын білмейді. Меніңше өкіметке Жанболат Ағаділді өлтіру қажет болған сияқты, – дейді күдіктінің анасы.

11 қарашада күні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділді пышақтап өлтіріп кеткені хабарланды.

Мәйітті көруге кірген марқұмның ағасы Таңат Жалмағамбетов  Жанболаттың денесінен пышақ жарақатының іздерін көргенін айтқан

12 қарашада ішкі істер министрлігі тергеу департаменті Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар делінген күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Артынша әлеуметтік желіде Жанболат Ағаділге "төбелес кезінде абайсызда пышақ ұрдым" деген адамның видеосы тараған. Ұзамай видеодағы адам шынымен де күдікті екені анықталған. Алайда күдіктінің мүгедек анасы "баласына таныстары жала жауып отыр" деп санайтынын айтқан.

Кеше белгілі заңгер Абзал Құспан Facebook парақшасында "Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты: полиция бейнематериалы заңсыз таратылған" деген атаумен видео жариялады. 

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір