• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:07:22
Алматы
+35°

27 Қараша, 2020 Саясат

Серік Әбдірахманов: Бұл сайлау – президентті мерзімінен бұрын ауыстыратын сайлау

Мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы депутат алдағы парламент мәжілісі сайлауы туралы Қамшы порталына сұхбат берді.

Фото: Ярослав Радловский

– Бүгін өздерін Қазақстандағы жалғыз "оппозициялық партиямыз" дейтін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мәжіліс және мәслихат сайлауына бойкот жариялады. Мұнысын сайлау туралы жаңа заң қабылданғанымен, шынайы саяси ахуал өзгермегенімен байланыстырды. Партия уәжімен келісесіз бе?

– Негізі солайы солай ғой. Бірақ ЖСДП жағдайында басқа мәселеге мән беру керек. ЖСДП кімнің партиясы? Бергей Рысқалиевтікі. Биыл ғана билік Бергейге тәркіленген дүние-мүлкін қайтарып бергенін білеміз. Билік енді қарапайым тілмен айтқанда Рысқалиевке "біз сенің байлығыңды қайтардық, сен сайлауға араласпа" деп саясатқа келуіне "стоп" қойып отыр. Сондықтан олар қалыс қалды. Үлкен ойынның бір бөлшегі ғой.

– Жанболат Мамай бастаған белсенділер де сайлауға бойкот жариялап, азаматтарды сайлау өтетін күні алаңға шығуға шақырып жатыр. Бұл бастамаға не дейсіз?

– Алдағы сайлаудың аты ғана сайлау. Заты – саяси спектакль. "Нұрсайлау" деген спектакль. Сондықтан азаматтық позициясын білдіру үшін бойкотты таңдап отырған шығар. Жалпы Қазақстанда сайлау жоқ қой. Парламенттен халықтың өкілдерін таппайсың. Жұрт алдына шығып, ел сөзін айтып жүрген ешкім жоқ. Биліктің өзі "НұрОтан" арқылы халқына таңдау қалдырмай бойкот жасап отыр. Белсенділердікі "ә" десе, "мә" дегендей "бойкотқа – бойкот" дегені ғой. Тыныш отырып сыртта қалғанша, жариялап сыртта қалған да дұрыс.

– Кезінде биліктің кей әрекеттерін сынаған кей азаматтар сайлауға "жүйені ішінен өзгерту" үшін түскелі жатқанын мәлімдеуде. Бүгінгі жүйені ішінен өзгерту қаншалықты мүмкін?

– Бүгінгі билік аты жаман "рак" ауруы секілді қоғамның барлық саласына тарап, буын-буынын кеулеп, жүйелі түрде алып қойған. Оны ішіне барып жөндеу мүмкін емес. Бұл – тек ақталу. Абайдың "арсыз болмай, атақ жоқ" дегеніндей атақ үшін арын сату ғой. Олардікі жеке басының қамы. Басқа ештеңе де емес. Билік өзгереміз десе, 30 жыл уақыт болды ғой. Бірақ сол 30 жылда құлдырай берді, іри берді, шіри берді. Бұл билік ішінен өзгеретін уақыттан кетіп қалды.

– Алдағы сайлауға ескі партиялар қатысады. Жаңа партия тіркелген жоқ. Халықта таңдау бар ма?

– Халықта таңдау жоқ. Назарбаев биліктен кетіп, оның аты ғана қалды. Тоқаев өз құзіретінің жартысын да пайдалана алмай отыр. Жоғарыда байыған топтар бір-бірімен қырқысып жатыр. Сайлауға қатысатын 5 партия сол қырқысқан топтардың өкілдері. Өздерінің дүниеге таласына саяси бояу беру үшін осы партияларды сайлауға қосып отыр. Осы арқылы "сайлау" деген үлкен сценарийдің ойыншыларына айналды.

– Өзіңіз айтқан "сценарийдің" қоғамға, халыққа әсері қандай болады?

– Бұдан халық тек зардап шегеді. Бүгінде азаматтарымыздың тұрмысы тозған. Қымбатшылық қысып барады. Экономика шикізатқа байланған. Экспорттың 95 пайызын шикізат пен жартылай дайын бұйымдар құрайды. Бір ауыз толтырып айтарлықтай зауыт салынбады. Ештеңе өндірмейміз. Тұтыну тауарларының 100 пайызы импорт. Осы 30 жылда Қазақстанға 600-700 млрд доллар инвестиция құйылған. Соның бәрі қайда кетті? Қалталарға кетті. Миллиардерлер пайда болды. Лондоннан саяжайлар сатып алынды. Халық бейшара жағдайда. Ал кезінде басшымыз Кувейтті озамыз деп уәде бермеп пе еді? Қайда озғанымыз?

– Партиялар съездерінде қауіпсіздік кеңесінің төрағасы мен президенттің ел дамуына қосқан еңбегін міндетті түрде тілге тиек етті. Саяси додаға бара жатқан партиялардың өздеріне бәсекелес билік партиясының төрағаларын мақтап, мадақтауы нені білдіреді?

– Бұл "күнкөріс" деген сөз. Олар Тоқаевтың атын ырым үшін айтқан болар, әйтпесе тізімге елбасының рұхсатымен еніп отырғаны белгілі ғой. Соларға алғыс айтып, қатарға қосылғандарына ризашылықтарын білдіріп жатқан жайы.

– Сайлау жақындағанда елдегі екі бірдей партия ребрендинг жасап, қатарларына жаңа адамдар қосып, ескісін шығарып жатыр. Бұл алдағы сайлауды тартымды, тартысты ете ала ма?

– Қазақстанда қайдағы тартыс, қайдағы талас. Мәжіліске қай партияның өтетіні, кімдер депутат атанатыны қазірдің өзінде белгіленіп қойылған. НұрОтанға 60 пайыз, қалғандарына 10 пайыздан бөліп береді деп естіп жатырмыз. Арасында біреу-міреу ойын ережесін бұзып жатса, соны шығарып жіберуі де мүмкін. Бір анығы, бұл сайлау – Дариға Назарбаеваның, яғни президентті мерзімінен бұрын ауыстыратын сайлау.

– Неге олай дейсіз?

– Мұның артында билікті Дариғаға мұра ету мақсаты жатыр. Дариға мәжіліске барады. Ол жерде төраға болады. Ұзамай Қасекең (Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) шаршадым деп кету туралы арыз береді. Мәулен Әшімбаев (сенат төрағасы, конституция бойынша елдегі екінші тұлға -–ред.) "ішім ауырды" дейді де ол да тайып тұрады. Осылайша, мәжіліс төрағасы Дариға президент міндетін уақытша атқара тұрып, ұзамай өтетін "нұрсайлау" нәтижесі бойынша президент болып шыға келеді. Ары қарай "Қасым ханның қасқа жолы, "Есім ханның ескі жолы, НұрОтанның қысқа жолы болайын деп тұр. Бұл сайлаудың құпиясы осында жатыр. Осы сайлау келесі президент сайлауына праймериз. Дариғаны сайлаған да, көктемде кетірген де халық емес. Өз ортасы. Сол орта "даулы мәселелердің шуы басылсын", "сен демала тұр" деді. Енді "жол ашық", "ел ұмытты" деген болар.

– Биыл "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізілгені белгілі. Оған сай партиялар ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуға тиіс. Бұл мәжілістің жұмысына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

– АҚШ-та президент конгресстің 30 пайызы жастар болуы керек деген қаулы шығарса, тура сол жерде импичмент жарияланып, президентті жоқ қылады. Бұл – күлкілі. Жастар сайлана ма, кәрілер сайлана ма халық шешуі керек. Бұл – аңқау елге арамза молданың кері. Біздегі жасандылықтың көрінісі.

– Қазақстанға қолданыстағы пропорционалдық жүйе қаншалықты тиімді?

– Пропорционалдық жүйе бізге мүлде келмейді. Қазақстанға партиялық жүйе бейтаныс. Партиялар тәжірибесі, дәстүрі қалыптаспаған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында демократияның көріністері бар екі-ақ сайлау өтті. Артынша билік өзіне ыңғайлы болуы үшін мына пропорционалдық жүйені таңдап алды. Енді мәслихаттарды партиялық тізім бойынша таңдамақ. Бұл – биліктің халықтан қорқуы. 30 жылда өз ауылының әкімін сайлауға мүмкіндік бермеді. Не үшін? Жасанды әкімдер арқылы қазба-байлықты тонау, ұрлау, сату үшін. Ал халықтан сайланғандарға бүкіл ауыл болып көтеріліп, тоқтау жасай алушы еді. Сайланған әкім ұрлыққа бармайды. Халық өзі сайласа, жергілікті лидерлер пайда болады. Билік бұдан қауіптенеді. Сайлау, сайлану құқығы жоқ халықтың жағдайы құлмен тең. Халық – биліктің құлына айналды.

– Сіз Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі, жоғарғы кеңестің, мәжілістің депутаты болдыңыз. Сол кезде елдегі кемшіліктерді осылай батыл айттыңыз ба?

– Айттым. Ұдайы айттым. 90 жылдары Сергей Терещенко мен Әкежан Қажыгелдинді "ұрысыңдар" деп жекешелендіруге қарсы шығып 3 жарым жыл тергеуде жүрдім. Назарбаевтың өзіне "жаныңызға өңкей жемқорларды жинап алдыңыз" деп айтқанмын. Назарбаевқа көрген, келіспеген талай нәрсені ашық айттым. "Қыздарыңызды тыйыңыз, құдаларыңызды тыйыңыз" деп кеңес бергенмін. 2003 жылы жерді сатуға қарсы шығып, сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовке "егерде жоңғарлар осы тәсілді білгенде қантөгіске бармай, қазаққа сол заманда-ақ осы жер кодексін ұсынар еді" дегенім бар. Оның бәрі стенограммаларда жазулы тұр. Егер өз пайдамды ойлаған болсам, министр де, әкім де болар едім. Терещенко жастар және туризм министрі болуға ұсыныс білдірді. Бас тарттым. 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы әкімі болуды ұсынды. Одан да бас тарттым.

– Неге?

– Ол кезде ол кісінің маңайындағылар Алматының жерін талауға кіріскен еді. Мен олармен не бірге болуым керек, не күресуім керек. Мен пара ала алмайтын, бере алмайтын адаммын. Ал егер күрескен болсам, ендігі жоқ болар ма едім.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір