30 Қараша, 2020 Алматы облысы
Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ дәстүрлі «Көшбасшы-2020» жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады.
Байқауға 20 номинация бойынша 402 үміткер өзара сынға түсті. Оның ішінде, 56 үміткердің материалы ереже талаптарына сәйкес келмегендіктен, іріктеу кезеңінен шеттетілді. Байқау нәтижесіне сәйкес, Жетісу өлкесінің 20 жасы өз саласынан үздік деп танылып, жас көшбасшы атанды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алып, жастарға мемлекет мол үміт артатынын, еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін айтып, жастарды білім мен спортқа бейім, жігерлі, ұшқыр ойлы, бастамашыл болуға шақырды. Өз сөзінде әкім облыстың экономикасына, атап айтқанда, ауылшаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту бағытындағы оң көрсеткіштерге тоқталды.
Алматы облысында 400 мың жас бар. Елбасы атап өткендей, жастар барлық игі бастамалардың қасында жүруі тиіс. Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері індетпен әлемдік күрес сапында Алматы облысының жас еріктілері белсенді жұмыс жүргізуде. Өңірде «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесінің жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жыл басында облыста 1043 ерікті болса, қазіргі таңда облысымызда 3200 ден астам ерікті жастар тіркелген.
Осы жас еріктілердің қатысуымен республикалық «Biz Birgemiz» акциясы аясында 2300 қайырымдылық акциясы мен іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 26000 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Облыста "Дипломмен ауылға" бағдарламасы да сәтімен жүзеге асып жатыр. Одан бөлек, "Жастар тәжірибесі" жобасы жас мамандардың кәсіби білімін жетілдіруге, ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарын табуға оң ықпал етуде. Ағымдағы жылдың қараша айында жұмыспен қамту орталықтарына 15916 жас келіп, оның 15597-і жұмыспен қамтылды. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы 1875 түлек "Жастар тәжірибесіне" жіберілді. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында 848 жас маман көтерме ақы алды. Баспана алу үшін 583 маман 2.3 млрд.теңге көлемінде жеңілдетілген несие қарастырылған.
Алмат Есенбеков «Үздік ерікті» аталымында топ жарды. Алакөл ауданында 2017 жылы «Бір арман» қайырымдылық қорын құрды. Еріктілерден құралған қордың әр мүшесі өзгенің мұңын өз мұңындай көріп, жоғын түгендеуге сүйемдей болса да үлес қосуға ұмтылып жүр. Алмат Есенбеков бастаған жалынды жастар жетімге жылу, сырқатқа күлкі сыйлаудан жалыққан емес.
Бүгін, міне, еленген еңбек пен теккен тердің жемісін көре отырып, басқаға үлгі болып отырған «Үздік ерікті»:
– Жетісу жастарының басты бәйгесі саналар «Көшбасшы» сыйлығын алу – үлкен жауапкершілікті жүктейтіні жасырын емес. Себебі, өз мамандығыңның, кәсібіңнің көш басында болу – үлкен міндет. Бүгінгі сыйлықты биылғы Еріктілер жылындағы айтулы жетістік деп санаймын. Өйткені, ерікті болу – тағдырымның таңдауы екендігі жасырын емес. Осы күнге дейін атқарған жұмыс, еңбек еленіп, шығамын деп ойламаған биікке бүгін қолым жетіп отыр, – деп, марапаттау рәсімінің жоғары деңгейде өткендігін жеткізді.
Көшбасшыларға облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы дипломы, естелік мүсінше және 250 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Шара соңы облыс өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен, "Көшбасшы - 2020" байқауының жеңімпаздары төмендегідей:
Үздік жас мемлекеттік қызметші - Мұхтарұлы Азамат (Қаратал ауд.)
Үздік жас әскери қызметкер - Апасқан Абылайхан Серікұлы (Ескелді ауд.)
Үздік жас дәрігер - Өмірбекова Әсел Жандәулетқызы (Ескелді ауд.)
Үздік жас ұстаз - Оразбаева Альбина Баглановна (Қапшағай қ.)
Үздік жас ғалым - Жігер Берліқожа Бегдаулетұлы (Панфилов ауд.)
Үздік жас спортшы - Жұмабаева Динара Жүнісбайқызы (Көксу ауд.)
Үздік жас журналист - Асылбекова Айман Серікқызы (Талдықорған қ.)
Үздік жас кәсіпкер - Нуркежанов Дамир Муратович (Талдықорған қ.)
Үздік жас батыр - Жарқынбеков Дәурен Елдосұлы (Текелі қ.)
Ауылшаруашылығының үздік жас маманы - Амангельдиева Айгуль Айдарқызы (Қарасай ауд.)
Үздік жас отбасы - Нұрланбеков Әлияс, Кәрім Гүлім (Ақсу ауд.)
Үздік ерікті - Есенбеков Алмат Асхатович (Алакөл ауд.)
Үздік жас өнерпаз - Кенжебаев Бауыржан Кайратович (Алакөл ауд.)
«Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы - Сейдахметова Эльмира Ерболатқызы (Талдықорған қ.)
Үздік студент - Тұрдаш Мадина Маратқызы (Талдықорған қ.)
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы - Сұлтан Ажар Сержанқызы (Қапшағай қ.)
Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы - Болғамбай Жәнібек Оралқанұлы (Еңбекшіқазақ ауд.)
Аудандық (қалалық) жастар ресурстық орталығының үздік маманы - Досалы Балжан Ерболқызы (Жамбыл ауд.)
Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы - Рахметқазынов Нұржан Нұрланұлы (Қаратал ауд.)
Үздік жас әдебиетші - Тоқтарбай Елдос Нүсіпұлы (Көксу ауд.)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір