01 Желтоқсан, 2020 Саясат

Фото: РИА новости

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның сұхбаты (1992 жыл)

Президенттің жұмыс уақыты әрбір минөтіне дейін өлшеулі, есептеулі. Оның мойнында мың батпан қыруар істің жүгі артулы екен. Уағдалы мерзімде жолыққанымызда жұрт жұмыстан қайтып бара жатқан. Президенттің шаршаған сыңайы байқалды. Десе де жылы қабақпен қарсы алды.

Сұрақ. Нұрсұлтан Әбішұлы, ұмытпасаңыз, Сіз бен біздің алғашқы сұхбатымыз 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде шығып еді. Сонда сол сұхбаттың атын «Қуатты Орталық, қуатты республика» деп атап едік. Содан бері...

Жауап. Иә, содан бері заман күрт өзгерді. Сіз бен біздің «сәуегейлігіміз» түп-түгел келе қойған жоқ. «Қуатты Орталық» күйреді. Енді күйреген Орталықтың қаңқасының астынан әрең-әрең босанып, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Соның бірі – Қазақстан.

Сұрақ. Соңғы кезде Сіз конфедерацияны жақтайды деген қауесет шығып жүр. Бұған наразылық білдіретіндер де бой көрсетіп қалды. Анығы қалай?

Жауап. Бұл бекер сөз. Қауесет деген де қара күйе сияқты: күйдірмейді, бірақ күйесін жағады. Мысалы, не дейсің, Назарбаев Тегеранға екі рет жасырын барып қайтыпты. Ядролық қаруды сатпақшы көрінеді деген де қауесет тарады. Өтірік пе? Өтірік. Енді конфедерация дегенді шығарыпты. Иә, конфедерация болу керек дегенді мен кезінде, сонау тамыз бүліншілігіне дейін айтқаным, жақтағаным рас. Бірақ уақыт жағдайды күрт өзгертті. Бұрынғы Одақтағы республикалар тәуелсіз мемлекеттер болды. Мен айттым: тәуелсіз мемлекет болдық екен, ендеше бұл мемлекеттер арасында біреу аға, біреу іні, біреу үлкен, біреу кіші деген болмайды. Бәрінін құқығы тең. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеннің мәні осыған келіп саяды. Ал енді келіп Назарбаев конфедерацияны көксеп жүр дегені қисынсыз. «Түркие» газетінің тілшісімен менің сұхбатымды әдейі бұрмалау.

Сұрақ. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, сірә, сол шығар. Ал енді ол аз болса, сақалы сапсиған «Известия» газеті: Назарбаев Қазақстандағы орыс тілді жұртшылықтың тұтқыны деп соқты. Бұл қалай?

Жауап. Тағдыр мен тарих солай жаратқан. Ол рас, Қазақстанда тұратын 17 миллион халықтың тек 7 миллиондайы ғана қазақтар, 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері. Мұндай жағдай Өзбекстанда да, Қырғызстанда да... Украинада да жоқ. Сонда қалай, әлгі 10 миллионды көзге ілмеу керек пе? Қазақтың жерін «халық достығының лабораториясы» жасаған мен емес... Өткен – өтті, өткеннің, бәріне тас лақтырып, топырақ шашу тағы қиын. Айттым ғой, мұның бәрі тарих пен тағдырдың ісі. Осындай тағдырға тап болған екенбіз, енді не істеу керек? Кейбір «әсіре патриоттар» айтып жүргендей, шоқпар алып, сойыл соғып шошаңдау керек пе? Онда қан төгіледі. Кім қырылады? Осы ма бізге керегі. Ондай қырғынға жол беріп, тарих алдында күнәкар болғым келмейді. Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек. Қазақ өз жерінде басым көпшілікке айналып жатса, бұйырса, ондай да күн туар, сонда да: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген даналықтан танбау керек. Ал мұның есесіне: орыс тілді халықтардың өкілдерінен күтеріміз – өзара түсіністік, өзара сыйластық, өзің өмір сүріп жатқан жерінді сыйлау, сол жердің байырғы тол халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілін, дінін сыйлау. Береке, бірлік осында.

Сұрақ. «Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек» дедіңіз. Тарихымызда осылай ойлап, өз халқын сыртқы жаулардан қызғыштай қорыған дарабоз даналар өткен. Соның бірі Абылай хан. Сізді жұрт сол Абылайдың жолын ұстанады деген сөз бар ел аузында. Ал енді «Известия» сияқтылардың әлгі бір әңгімесінен кейін кейбіреулер Сізді осы Әбілқайыр емес пе өзі деп жүр. Бұған қалай қарайсыз?

Жауап. Қай заманда да болсын, ел басқару, мемлекет басқару ешкімге де оңайға түскен емес. «Абылайдың жолын ұстанып», соның саясатын сара басшылыққа алып отырмын деуге аузым бармайды. Аруағынан қорқамын. Әрі десе Абылай заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда туған ұрпағын рухы қолдай жүрсін. Ал Әбілқайыр... Жоқ, мен Әбілқайыр емеспін!

Сұрақ. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті! Жүрегіңді алып ұштыратын, халыққа қанат бітіретін қайратты, құдіретті сөз. Баяғыда біреу: «О, это сладкое слово – Свобода!» деген екен. Сол азаттыққа жеткен сыңайлымыз. Бірақ осы тәуелсіздік тұрлаулы ма, баянды ма өзі деген бір сұңғыла сұрақ көкейінде сұнқылдап тұрғандай болады. Сізде мұндай күдік болмай ма?

Жауап. Марксті қазір анау деп, мынау деп жүрміз ғой. Бірақ сол кісі өзіне қойылған бір сұраққа: «Бәріне де күмәнмен қараймын» деген екен. Сол айтқандай, әліптің артын бағайық дейсіз, о да дұрыс. Әрине, 300 жылдай отаршылық бағынышты хал кешкен халықтың бір-ақ күнде тәуелсіздік алып шыға келуі – ұзақ жылдар қараңғы қапаста отырған адамды кенет жап-жарық күнге алып шыққанда көзін қарықтырғанмен бірдей шығар.

Сол империялық саясат Қазақстанды ылғи да шикізат қоймасы ретінде ұстап келді. Дәл қазір өзгелердің көмегінсіз өзімізде біз не өндіре аламыз? Бұрын Орталыққа тегіннен-тегін кетіп жататын мысты алайық. Оны біздегі зауыттар бізге қара мыс ретінде дайындайды. Ал таза мыс басқа жақта өңделеді де валютаға шет елге сатылады. Таза мыс дайындайтын зауыт әзірге бізде жоқ. Ендігі күшті осыған салуымыз керек. Ал ол бір күннің шаруасы емес. Тек қана мыс па екен... Халыққа қажет тауарлардың бәрін дерлік сырттан тасимыз. Ал енді бұрынғы республикалар арасындағы қарым-қатынас тиыла бастағалы бері хал мүшкілге айналды. Сондықтан, мүмкін болғанша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы көлемінде де, бізбен қарым-қатынас жасауға мүдделі басқа елдермен де байланысты нығайту тиімді іс. Ал осыны тереңнен ойламаған кейбір албырт жастар түрлі жиындарда, баспасөз бетінде, теледидарда да Қазақстан жеке-дара, оқшау болсын, тек қазақтардың ғана қамын ойлайық деп қызуланады. Қазіргі әлемде ешбір қарым-қатынассыз, алыс-беріссіз жеке-дара оқшау қалуға мүлде болмайды ғой.

Тәуелсіздік баянды болады сонда ғана: егер біз халықтар арасында дұрыс саясат ұстасақ, егер біз қанжоса қақтығысқа жол бермесек, егер біз бірлігімізді сақтай білсек, егер біз сөзден гөрі іске көшіп, жұмыла жұмыс істеп, барлық салада өнімді көбейтсек, сол ерен енбек арқылы басқаларға тіленшек болып, алақан жаймасақ...

Сұрақ. Бұл үшін тәртіп болуы керек қой. Жер-жерде, тіпті Президенттің Жарлықтарының өзі орындалмай жатқан жоқ па?

Жауап. Міне, енді менің жарамның аузын тырнап алдыңыз... Бірақ бәрін де бүкпесіз айтқан дұрыс. Шынында да тәртіп нашарлады. Бұған көбінесе үкіметтік жүйе кесірін тигізді. Бұл – ескі мен жаңаның арпалысы. Өтпелі кезең. Бұрынғы ескі жүйені аңсайтындар жаңалыққа жаны қас. Айталық, жекешелендіру дедік. Жарлық жарияланғалы да біршама уақыт өтті. Бірақ іс орнынан қозғалмайды, сірескен мұз сөгілмейді. Жергілікті басшылардың кебі жаңалыққа қарай қадам басқысы келмейді. Үнсіз кедергі. Сірә, биліктен, жайлы орыннан айырылып қаламыз дейтін болар.

Әне, сондықтан да үкіметтік жүйені, яғни Өкіметтің заңын орындаушы, жер-жерде іске асырушы буындарды өзгерту қажет болды. Бұл өмірдің ез талабы. Облыстарға жігерлі, іскер, жаңашыл деген жігіттерді әкім етіп жібердік. Жап-жақсы заңдарымыз бар, оны іс жүзіне асырушы солар. Көреміз. Меніңше, нәтиже жаман болмаса керек. Әкімдер тағайындау тұсында да шашымыз біршама ағарды білем. Қайтсек қателеспейміз деген ой да шаршатады. Баяғыда марқұм Де Голль айтқан екен: «Егер менің аппаратымда бір орын босап қалса, сол орыннан үміткер тоқсан тоғыз адам болса, сол тоқсан тоғыз түгел маған риза болмас еді» деп. Осындай жағдай біздің басымызда да бар. Мұндайда ұлттық мәселені де ескеру керек. Мәселен, Қостанай облысында марқұм Жанбаевтан басқа бірде-бір қазақ бірінші болмапты. Шығыста да сондай. Осы жағын ескердік. Ал енді аракідік өзге ұлттың өкілдерінен де тағайындадық. Мұны халқымыз дұрыс түсінер деп сенемін. Мен саясаттың адамымын. Жан-жағымды, елдің тыныштығын ойлауым керек.

(Президент қабырғадағы сағатқа қарады. Мен терезеге қарадым. Қараңғылық қоюланып, кар жауып тұрған сияқты).

Сұрақ. Уақыт тығыз. Жұмыс көп шығар. Осы Сіздерде бос уақыт бола ма өзі? Ана бір жылы Жастар театрына Колбинді зорлағандай етіп ертіп барғаныңыз есімде. Соңғы рет театрға қашан бардыңыз?

Жауап. Былтыр желтоқсанның 31-і күні Минскіден ұшып келе жаттық. Ұшқыштардың командирі маған бір қағаз ұсынды. «Сіз 1991 жылы әуеде 382 сағат болдыңыз», –  деді. «Соның 185 сағатын түнде ұштыңыз», – деді. Мен айттым: «Бұл көп пе, аз ба?» «Бізге 300 сағат ұшқан ұшқыштарға бір жылғы стажымыз екі жылға саналады». «Неге?» –  деймін мен. Сөйтсе, 10000-11000 биіктікте радиация 260 рентген болады екен. Жә, жұмысты көп істейміз бе – халыққа нәтижесі керек. Халықтан аянатын ештеңе жоқ. Ал театр мәселесінен ұяттымыз. Соңғы рет, ұмытпасам, былтыр күзде бардым-ау деймін. Қазақ академиялық драма театрына. Қазір ғой, міне, сізбен отырмын. Шынымды айтсам, бүгін келініңіздің туған күні еді. Үйге ертерек қайтамын деп қойып едім...

Сұрақ. Сонымен, ертең Минскіге аттанасыз ғой?

Жауап. Иә. Мәселе күрделі. Негізгісі – Қарулы Күштер мәселесі болар. «Егеменді Қазақстанның» бұл мәселеге көзқарасын білемін. Оқып жүрмін. «Үлкен қанжар», тағы басқалары. Әрине, дұрыс. Бірақ біреуді қорқыту, үркіту үшін емес, түптеп келгенде Тәуелсіздік үшін. Сондықтан Қазақстандағы стратегиялық қарулар әзірше тұра тұрғаны жөн. Ал армия... Егер ТМД дегеніміз ғұмырлы болса, ортақ әскер керек шығар. Ал егер басқалар бас-басына әскер құрып жатса, біз де қарап қалмаспыз... «Егеменді Қазақстанның» мың-сан оқырмандарына менен көп-көп сәлем айтыңыз.

Сұхбат Шерхан Мұртазаның "Мақалалар, публицистикалық толғамдар, хаттар" атты кітабынан

1992 жыл

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір