Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Qazaqstan телеарнасында көрсетілетін "Түркістан: көне мен келешек көпірі" фильмінде ел астанасын Түркістанға көшіру мүмкін деген қауесеттің негізі жоқ екенін айтты.

Журналист Назарбаевтан соңғы кезде әлеуметтік желілерде ел астанасын Түркістанға көшіру мүмкін деп таратылып жүрген қауесеттің негізі бар-жоғын сұрады.

– Оның негізі жоқ. Бірақ олай айтудың жөні бар ғой енді. Әсіресе сол жақта тұратын, Түркістанның жағдайын білетін адамдар солай деп ойлайтын шығар. Әрине, тарихы өте үлкен. Қожа Ахмет Ясауи мұсылмандықты осы жерге уағыздаған. Бұл түрік дүниесінің, түркі тектес адамдардың мұсылман дініне ұласты. Адамдардың Түркістанды сыйлайтыны, жақсы көретіні сондықтан. Әсіресе Түркиядан бәрінің келгісі келеді, көргісі келеді. Сол себепті ел астанасы болса деген ойлары бар шығар, – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі астана Нұрсұлтан қаласын әрі қарай дамытатынын атап айтты.

– Әрі қарай мына астанамызды ұлғайтамыз. 200 мыңдай адамы бар бұрынғы Ақмола қазір бір миллион 200 мыңы бар шаһар болды. Нұрсұлтан деген ат болды. Мен өзім мұны ұсынған жоқпын. Бірақ қарсы да болмадым. Себебі әрбір астананың әрбір тасы, түрі, ғимараты менің нұсқауыммен, менің қатынасуыммен салынды. Сондықтан біз өзіміздің осы Нұрсұлтан қаласын дамытамыз, – деді экс-президент.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір