• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:24:27
Алматы
+35°

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қазақ өнеріне, оның ішінде, кино әлемінде айшықты із қалдырып, "Тақиялы періште" атанып кеткен Әлімғазы Райымбеков пен Гүлжауар Айтжанқызын қабылдап, актер атамызды 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Кездесуде Амандық Ғаббасұлы:

– Бүгін ерекше күн. Өйткені, облысымыздың Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, есімі елге танымал Әлімғазы атамыздың мерейтойы. Ұлттық киноны дамыту жолында елеулі үлес қосқан атамызды туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ақылдың кені, даналықтың көзі болған жанның орны қашанда ерекше. Сіз түскен фильмдердің барлығы қазақ киносы тарихының алтын қорынан орын алды. Соның ішінде «Тақиялы періште» фильмінде сомдаған Тайлақтың рөлі актерлік шеберлігіңіздің шыңына шыққан, қазақ киносының ең үлкен рөлі екенін мақтанышпен айтамыз. Бүгінде қартайдым демей, қоғамдық шараларға белсене қатысып, болашақ жастарға рухани тәрбие беріп жүрген ақылшы жансыз. Тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған саялы бәйтеректей ұрпағыңызбен өркендеп, үлкен әулеттің абыз ақсақалы болып отырсыз. Тәуелсіз еліміздің игілікті істеріне, жемісті жылдарына куә болып, арамызда аман-есен жүріңіз, – деп ізгі тілегін білдіріп, Әлімғазы атамызға шапан жауып, Гүлжауар әжемізге камзол кигізді.

Осыдан кейін сөз кезегін алған мерейтой иесі:

– Мерейтойыммен құттықтап, құрметтеп шақырған облыс әкіміне шексіз ризашылығымды білдіремін. Менің белгілі актер болғаным Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сияқты режиссер ағаларымның арқасы. Ағаларым салған сара жолмен жүрдім. Болашақта да аймағымыздан елге танымал мықты кино жұлдыздары шыға берсін. Кез келген салада абыройлы болу үшін қажырлы еңбек керек. Сондықтан, жұмыстарыңа табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жетісу жыл санап түрлене берсін, – деп ақжарма тілегін ақтарып, ақ батасын берді.

 

Кездесу соңында жиналған қауым ата салтын ұмытпаған, дін мен дәстүрді ұлықтаған атамызды құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ттақиялы періште

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір