• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:40:20
Алматы
+12°

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Өлең – сөздің патшасы...» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған жыр бәйгесіне жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бақтары мен баптарын сынады.

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттауды көздейтін сөз зергерлері сайысының алғашқы айналымына 14 адам қатысып, ақтық кезеңге 4 студент жолдама алды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұрбол Жауынбаев, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Ардақ Адалбек, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Злиха Наурызалина және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Жасар Нұрданбекұлы бар.

"Биыл ұлы ақын, дала кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтілуде. Абайға бет бұру, «өткеннің арты, жаңаның басы едім» деген ұлы ақынның тағылымына терең бойлау – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Абай – ұлттық болмыстың айқын үлгісі. Абай – дала даналарының барша жақсы қасиеттері мен асыл мұраларын бойына сіңіре отырып, ұлт әдебиеті мен мәдениетін баға жетпес қазыналармен байытқан дана да дара тұлға. Абай – адамзатқа ортақ кемеңгер. Ұлы ойшылдың шығармаларының 30-дан астам тілге аударылып, өміршең өлеңдері мен пәлсапалық ойлары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енуі бұл сөзімізге айқын дәлел", – деді Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова.

Университет басшысы кемеңгердің тойы ойдың тойы болуы қажет екендігін атап өтті.

"Кемеңгердің тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс. Осыған орай Қыздар университетінің данышпанның мерейтойына орай республикалық жас ақындар айтысын өткізуді ұйғарды. Басты мақсат – жастардың өрнекті сөздері мен өрелі өнері арқылы ел мұраты мен құндылықтарын насихаттау. Келісті де кестелі сөзді жанына серік еткен аламанға қатысушыларға табыс және жеңіс тілеймін! Кемелдік кілтін ұсынған Абай мұрасы жаңғыра берсін", – деді өз сөзінде Гаухар Төремұратқызы.

Айтыс барысында ақындар «Абай – дана, Абай – дара», «Рухани жаңғыру – басты бағдар», «Туған жер – тұрған жермен өлшенбейді», «Ана тілім – ардағым», «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыптары бойынша сөз жарыстырды.

Ұлттың ұлылығын ұлықтап, төл мәдениетіміздің мерейін арттыруға сеп болған сөз сайысында Нұрбол Жауынбаев үздік атанып, байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бірінші орын Жасар Нұрданбекұлына берілсе, екінші орын Злиха Наурызалинаға бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынға Ардақ Адалбек лайық деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың «Алғыс хатымен», арнайы дипломдармен және «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхамед пен «Tasgroup» компаниясының басқарушысы Дулат Тастекеев тағайындаған сыйақыларымен марапатталды.

Аламан айтысқа қатысушылардың өнерін Талант Арынғали, Саят Қамшыгер, Ләззат Игісін сынды танымал ақындар бағалап, жыр додасына қазылық жасады.

Осы орайда айта кетейік, өнер сайысының жоғары деңгейде өтуіне Қыздар университетінің Филология институтының қосқан үлесі мол. Институт директоры Тыныштық Ермекованың айтуынша, хәкім мерейтойына арналған өнер жарысының мақсаты – Абай мұралары арқылы ұлт әдебиетінің табыстарын және тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктерді дәріптеу.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір