• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:25:35
+35°

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Zeren" республикалық жастар білім беру лагерінің жұмысы аясында жастармен кездесті.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне, оны сақтаудың, ұлтқа, Отанға қызмет етудің маңызына тоқталған Мәулен Әшімбаев желтоқсанның қазақ үшін қастерлі ай екеніне ерекше назар аударды.

– Желтоқсан – қазақ үшін қастерлі ай. Оның ұлт тарихындағы орны бөлек. Өйткені, бізді елдік пен егемендікке бастаған оқиғалардың көбі осы желтоқсан айында болған. Бұдан 103 жыл бұрын дәл осы күндері, яғни, 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда екінші жалпы қазақ съезі өткені белгілі. Сол съезде Алаш автономиясы жарияланды. Бұл қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру жолында жасалған маңызды қадам болды. Сол кезде арыстарымыз ұлт болып ұйысудың озық үлгісін көрсетіп берді, – деді сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол осы айда қазақ жастары еркіндікке ұмтылған 86-жылғы Желтоқсан оқиғасы да өткенін тілге тиек етті.

 

– Желтоқсан жастарының асқақ рухы мен айбар мінезі егемендікке жол ашып берді десек, артық бола қоймас. Желтоқсан айының алғашқы күнінің де тарихымызда маңызы ерекше. Себебі, 1991 жылдың 1 желтоқсанында халқымыз Тұңғыш Президентін сайлады. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімізді де 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияладық, – деген Мәулен Әшімбаев 1997 жылдың 10 желтоқсанында Елбасының Жарлығымен Ақмолаға астана мәртебесі берілгенін атап өтті.

 

Сондай-ақ сенат төрағасы жас буынның сапалы білім алу керектігін, алға биік мақсаттар қойып, соған жету үшін талпынып, талаптану қажеттігін атап өтті.

"Zeren" республикалық жастар білім беру лагері 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Лагерьдің биылғы қорытынды кездесуі "Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі" тақырыбына арналды. Іс-шараға сенат төрағасымен бірге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар бірлестіктерінің лидерлері, волонтерлар, "Болашақ" стипендиясының иегерлері, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір