• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:18:44
Алматы
+35°

09 Желтоқсан, 2020 Барлық аймақтар

Көрнекі сурет

Қазақ тілі – азат тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына, міне, 31 жыл толыпты. Бірақ шын мәнінде емес, өйткені тілімізі әлі есіктен сығалап, терезеден жәутеңдеп келеді. Кез келген қалаға барыңыз, үйлердің аулаларында, мектеп, жоғары оқу орын дәліздеріңнде, банктерде, дүкендерде, үлкен сауда орындарында, аурухана, емханаларда, көліктерде, отбасыларда елдің 90 пайызы орысша шүлдірлейді десек артық емес. Неліктен?

Ең алдымен біздің мемлекетте тәуелсіздік алғанмен отарсыздану процесі жүргізілген жоқ. Біз әлі күнге дейін құлдық қамытты мойнымызға артып келеміз. Әбден орысқұл болдық, енді қытайқұл боп барамыз. Содан соң біз намыс, ар, ұят дегеннен жұрдаймыз. Одан кейін тіл туралы заңнамалық актілер жүрмейді. Міне, осы үш фактор кежегемізді кері тартып отыр.

Осы 31 жыл бойы тіл туралы қақсап келеміз, қақсап келеміз. «Айта айта Алтайды Жамал апай қартайды» демекші, тіліміз туралы нешеме басқосулар, конференциялар, тіпті симпозиумдар өткіздік, бірақ нәтиже шамалы. Баяғы жартас сол жартас.

Мәселен, Астана шаһарында 33 қазақ мектебі бар, соның кез келгеніне бара қалсаңыыз, жеткіншектеріміз дәлізде орысша өзара сөйлеседі, соны ұстаздар неге қадағаламайды, ана шәкірттерінің миларына неге дұрыстап құймайды деймін-ау! Аралас мектептің саны 47, орыстікі – 8. Ал 47 аралас мектеп деген орыс мектебі дегеніміз, өйткені аралас мектептер жай көзбояушылық. Сонда Астанада 55 орыс мектебі бар деген сөз.

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Бұл формула да көзбояушылық., мұны ешкім де талап етпейді, жұрт оны жүрдім-бардым қабылдайды. Содан соң кезінде қала көліктерінде аялдамаларды қазақша жариялай бастап еді, міне 3-4 жылдың жүзі болды, орысша жариялауды қосарлатып отыр. Мәселен, «Абылай хан даңғылы» аялдамасы, түсінікті емес пе, оны неменесін «проспект Абылай хана» деп қайталатады. Бұл үрдіспен ешқашан қазақ тілі жүрмейді. Анау Керекуде жалғыз Руза Бейсенбайтегі шырылдап тіл үшін зарлап келеді, ал оны қолдаудың орнына әкімшілік сотқа кеп сүйрейді. Осы ма олардың тілге деген жанашырлығы. Ал, Алматы, Петропавл, Қостанай қалаларындағы тіл ахуалы тіптен мүшкіл.

Орысша шүлдірлеген шала қазақтарға ескерту айтсаң, өзіңе тарпа бас салады, аяқ астынан ұлтшыл боп шыға келесің. Ата-аналар үйде балаларымен орысша сөйлеседі, теледидардың көбісі орысша. Қазақша фильмдер бірен-саран. Баяғыда Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» атты қойылымдары болушы еді, олар жастарға тәлім-тәрбие беретін, ал қазір Қабатовтың жынойнақ шоуларын көретін болдық. Не жүрекке, не миға жылы тимейтін сайқымазақтықпен айналысатын шоулар.

Ел боламыз десек ресейлік телеарналарды барынша қысқарту керек, әйтпесе жеткіншектерімізді әбден улап бітті. Берісі 30 жылдан астам, ар жағы 70 жыл бойы сонда тұтас 100 жыл бойы бізді шүлдірмектермен улап келеді екен. Әрине, бұлайша тіліміз өркендемейді.

Ал барлық ұйымдарда, кәсіпорын, институттарда іс 90 пайыз орысша жүргізіледі. Бұған да бақылау, талап жоқ. Сала басшысы қазақша жетік, өзі патриот болмай іс алға баспайды.

Ең негізі, Конституциядағы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастаған жөн. Онда орыс тілі мемлекеттік тілмен теңдей қолданылады делінген. Міне, осыны сары орыстар мен қара орыстар алдыға тартып келеді. Әй, қай мемлекетте дәл осылай жазылған. Тек біздің можантопай елімізде ғана осылайша болып отыр.

Қысқасы, ана тілімізді тезірек алдыға қоймасақ, ертеңгі күндері анау чукчалардың кебін киіп кетуіміз ғажап емес...

Дүниеде жарлауытты кез жаман,

Шаршатты ғой көрләт пенен көзқаман.

Қоясын бір ақтарайын адақтап,

Берші, аға, сөз маған.

 

Айта-айта сөздерім де сүрінді,

Шындық десе ала тайдай бүлінді.

Тәрк еткендей әлпештеген анасын,

Тәрк етеді тіліңді.

 

Сақта құдай мәңүрттерден-маңғыттан,

Тал түсіңде төбеңе кеп саңғытқан.

Әңгүдікше әумесерлі батыстық

жарапазан жаңғыртқан.

 

Сақта құдай көрбақтардан жетесіз,

Өмір-мезет, қас-қағымда өтесіз.

Серке бар ма, көрегенді көсбасшы,

Қойларың да аяқ баспас текесіз.

 

Мейлі өрге өрмелейін, өрлейін,

Қайда барсаң Қорқыттайын көр дейін.

Ана тілден безінгендер көбейіп,

Қоғамымыз тартқандайын кер кейін.

 

Санамызды сарсытты ғой сарсытты,

Арамыздан алуан ой аршытты.

Менсінбейтін тілің менен дініңді

Олигарх деген нар шықты.

 

Білмеймін мен қайсы ерте, қайсы кеш,

Билеп алды бишігеш пен байшыгеш.

Жұмыртқадай шіріген шіл сімтіктер,

Ал өзің сен ел-жұртыңа сай тілес.

 

...Қазағымның қаһары бар жауарлы,

Тезіне қояр тексізді, шағылтпайтын тауанды.

Қарсы алайық қарашым,

Аршылайық алашым, Таң келеді рауанды!

                     ***

Тілім менің,

Ғажайып тілім менің,

Тілім барда асқақтап күлімдедім.

Тілім, тілім – айбарым, айбыным да,

Тілім барда ешбірде сүрінбедім.

 

Ана тілім айдыным, айбатым да,

Арқасында қажымас қайратым да.

Туған тілде сөйлесем тебіренем,

Туған тілде жазылар жай хатым да.

 

Күресемін тіл үшін, тіл-майданым,

Сол күресте мың қызып, мың қайнадым.

Сол күресте жеңсем мен әруақтанып

Туған жердің төсінде тың жайладым.

 

Кедергі күш – мәңгүрттер, көзқамандар,

Кеже қалып жарыста озбағандар.

Қанша сатсаң қазақтың бар байлығын

Жер мен Тілді ешқашан қозғамаңдар.

 

Тілім, Тілім, ардағым, алдаспаным,

сенсіз күңгірт арайлы таңғы аспаным.

Арналады сен үшін кие тілім

Бар жігерім, бар ойым, бар дастаным!

 

 

Бақытжан Тобаяқтан

Нұр-Сұлтан қалалық «Мемлекеттік тіл қозғалысы» төрағасының орынбасары,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: тіл мәселесі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір