• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 14:56:37
Алматы
+12°

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Тәуелсіздіктен кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған Қазақ көші мүлдем тоқтады деп айтуға болады. Қазіргі уақытта тар жол, тайғақ кешуді басып келген шетел қазағы өз Отанының шекарасынан өте алмай кері қайтып жатыр. Бұған тек әлемді жаулаған пандемия әсер етіп отыр десек қателесеміз. Сізге түсінікті болуы үшін қысқа ғана жазуды жөн көріп отырмын.

  • Өзіңіз жақсы білетін Қытай елі заңды бұзған, сотталған азаматтарға шетел асуға арналған паспорт бермейді.
  • Қазақ елінің Қытайда орналасқан визалық қызметі де Қазақстанда заң бұзған немесе кіруге тыйым салған азаматтарға виза бермейді.
  • Арнайы зертханалар Covid-19 сынағында оң нәтиже көрсеткендерге ПЦР тестін теріс нәтижемен бермек түгілі сол уақытта карантинге жатқызып немесе арнаулы емханаларға орналастырады.

Ендеше, қолында Қытайдың заңды паспорты, Қазақстанның заңды визасы, ПЦР тесті теріс нәтижесінің анықтамасы бола тұра Қазақ шекарасынан кіре алмаған шетел қазағына не бетімізбен жауап бермекпіз?! Естуімізше, Отанына оралғысы келген қазақ ведомствоаралық комиссияның бекіткен «арнайы тізіміне» енуі керек екен. Ол қандай комиссия? Ол қандай тізім? Түсіндіретін бір пенде жоқ.

Біздің анықтауымызша, бұған премьер-министрдің орынбасары жауапты көрінеді. Тіпті шекарадан кіруге рұқсат беретін тізімге кіруге көмек көрсететін делдалдардың барын құлағымыз шалды. Басқасы басқа осынау қиын қыстау кезеңде өз Отанына оралғысы келген, өзіңіз «Қандас» деп атауға пәрмен берген бауырларымыздың шекарадан өте алмауы әлем алдында масқаралық емес пе?! Кеше ғана Қазақ шекарасынан кері қайтқан қазақтар мәселесі туралы «Қамшы» порталы арнайы мақала жариялап, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – «Отандастар қорының» араласуымен олардың қайта оралуына мұрындық болған еді. Қиындыққа ұшыраған азаматтың туысынан естуімізше, Қытай тарапы олардың өздеріне ескерту жасапты. «Біз қолына заңды паспорт бердік, визасы бойынша шекарадан шығардық. Қабылдамай қойған өз Отандарыңыз. Ендеше неге Қытай тарапын кінәлау сипатындағы мақала жарияланған» деп өз пікірлерін айтыпты. Орынды. Айтарға сөз жоқ. Сондай-ақ аталған мақала шығысымен редакцияға АҚШ-тың Алматыдағы консулдығынан хабарласып, Қазақстан шекарашылары кері қайтарып жіберген қандастар туралы ақпарат сұрады. Демек өз ішімізде-ақ ың-шыңсыз реттеуге болатын жағдайдың шуы Қытай мен Америкаға дейін жетуіне жол беріп қойдық. Бұл – елдігімізге, мемлекеттігімізге сын!

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қытайдағы қазіргі жағдайды бізден гөрі Сіз артық білесіз десек қателеспеспіз. Соңғы 2-3 жылда Қазақ көші тұралап, оған әлемдік пандемия қосылып, әсіресе Қытай қазағының Отанына оралуы мүлдем мүмкін емес жағдайға жетті. Бөлініп-жарылған туыс туғандар, ерлі-зайыптылар, үйленбекші болған жастар екі жақта қалып, бейбіт заманның таршылығын тартып отыр. Осындай қиын кезеңде 3-4 мемлекеттің шекарасын аттап, әрең дегенде Отан топырағын бастым-ау дегенде біздің шекарашылар кеудесінен итеріп кері қайтаруды әдетке айналдырды. Қандастарымыздың бірнеше мемлекетті аттап, Отанына әрең оралғанын, оларды кері қайтарғанда Қытайда не күтіп тұрғанын біздің шекара қызметі мүлдем қаперіне алмайды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Тәуелсіздіктен кейінгі «Қазақ көші» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы, тарих алдындағы «Ұлт көшбасшысы» ретінде жасаған ең ұлы еңбегі десек артық айтқандық болмас. Ал сол «Ұлы көштің» елді Сіз басқарған кезеңде Дүниежүзіне «масқара» болатын деңгейде тұралап қалуын бүкіл қазақ қаламайтыны анық. Шекара қызметінің генералы Дархан Дилманов мырзаның осы мәселеде кейбір түйткілдің шешілуіне оң ықпал етіп отырғанынан хабардармыз. Дегенмен бұл бір қазақтың ғана емес барша Алаш жұртын алаңдататын мәселеге айналғаны анық. Сондықтан осы мәселені өзіңіз тікелей бақылауыңызға алып, түбегейлі оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз!

Осы хатты тек «Қамшы» порталында ғана емес, президент әкімшілігіне ресми жолдайтынымызды және ресми жауап күтетінімізді хабарлаймыз.

Құрметпен, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қазақ көші Қандастар

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір