Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы облыстық театрда салтанатты шара өтіп, Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосқан жандар марапатталды.

Шарада сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:

 – Тәуелсіздік – бабалардың арманы мен аманаты, халықтың ең киелі құндылығы. Елдің үкілі үміті мен сенімі, күш-жігерінің сарқылмас көзі. 2021 жылы рухы асқақ, тұғыры биік еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен тарихи белес. Осы жылдар ішінде Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтырды. Осы уақытта түрлі қиындықтар мен сынақтардан өттік. Соның бәріне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарға негізделген салиқалы саясатының арқасында жеттік, – деген Амандық Ғаббасұлы жұртшылықты алаңдатқан биылғы жылдың жетістігін саралады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз Тәуелсіздікті бабалар нақылымен, халықтың парасатты ақылымен алдық. Отанды сүю – ерекше бақыт. Ал, оның ыстығына күйіп, азабына шыдау – әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние» деген болатын. Біздің Тәуелсіздік тарихының әр парағында Елбасымыздың ұшан-теңіз еңбегі, жанкешті ерлігі, жасампаз істері жатыр. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Нұрсұлтан Әбішұлының реформаторлық батыл шешімдерінің арқасында жаңа Қазақстанның жасампаз дәуіріне жол ашылды. Ата Заңымыз жазылып, төл теңгеміз айналымға енді, шегарамыз бекіді, асқақ астанамыз бой көтерді, халықаралық ұйымдарға төрағалық еттік. Экономиканың сан салаларын қамтитын маңызды бағдарламалар қабылданып, тарих үшін ұлы істер жасалды. Тәуелсіздік кезеңінің тәжірибесі жинақталды. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың байсалды саясаты Елбасының сындарлы жолымен жалғасып жатыр.

Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат етіп, жаңғыру жолында қадам басып келеді. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерде жетісулықтардың да қосқан үлесі мол. Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіру қайта жаңғыртылып, суару жүйелері қалпына келтірілгенін, ет және сүт өңдеу ісінің жолға қойылып, инвестициялық ірі жобалардың жүзеге асырылып отырғанын, өңірдің барлық ауылдық округтеріне табиғи газ тартылып, республикалық автокөлік жолдарының жөнделіп жатқанын тілге тиек еткен облыс әкімі биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асатынын, ауылшаруашылық өнімінің мөлшері 900 миллиард теңгеге жететінін атап өтті.

Одан соң мемлекеттік және қоғамдық қызметте ерекшеленген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан жандар «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Құрмет» орденін алғандардың қатарында облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Айдар Башбаев бар. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Серік Мұқанов, «Алматы бояулары» ЖШС-нің директоры Римма Салықова ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталса, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, еңбек ардагері Елеусіз Сұлтанғазиев, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Несіпжамал Баймадиева, «Аю Тас» ЖШС-нің құрылтайшысы Алпысбай Рахимов, кинорежиссер Талғат Теменов, «ZHERSU» инвестициялық- -өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Жетісулықтар үшін тағы бір қуанышты жайт, облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденін алды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, кинорежиссер Талғат Теменов, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Несіпжамал Баймадиева, «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің төрағасы Виктор Хильниченко, «Алматы бояулары» ЖШС-нің директоры Римма Салықова көпшілікке ризашылық білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Ілмек сөздер: марапаттау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір