17 Желтоқсан, 2020 Әлеумет
Фото: qamshy.kz
Жиырмасыншы ғасырда қазақтың көрген қорлығы, тартқан азабы, жоғалған ұрпағы қаншама. Жеткен жеңісі мен тапқан табысы да бар. Әр кезеңде өмір сүрген ұрпақтың өзіне ғана тиесілі міндеті болады. Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы ғасырлар бойы сақталған қазақтың ұлы мұрасын жоғалтып алмай, сақтап, оны бүгін мен болашақтың игілігіне айналдыруға тиіс. Ал жиырмасыншы ғасыр – күні-бүгінге дейін, ертеңге де мұра болып қалар ән жазып, қазақ даласын тербеткен Шәмшінің ғасыры еді... Биыл композитор, мемлекеттік әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы. Қамшы тілшісі осы атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған шара барысын баяндайды.
Шәмші әлемін кеңінен насихаттау, замандастары мен өнердегі ізбасарларын композитордың туған топырағына шақыру мақсатында, Түркістан облысы әкімдігі мен Тұран экспресс компаниясы бірігіп, қазақтың бір топ зиялыларына, журналистеріне арнайы "Шәмші Қалдаяқов" пойызымен бір күндік сапар ұйымдастырды.
Құрамында мәдениет пен өнер қайраткерлері, танымал журналистер, Шәмшінің замандастары мен туыстары бар рухани керуен алдымен Арыс қаласындағы темір жол вокзалының жұмысымен танысты. Қонақтарды қала әкімі Мұрат Қадырбек күтіп алды. Ол Шәмші әнге қосқан, қайта қалпына келтірілген Арыс жағасындағы қаланың бүгінгі келбетімен таныстырды. Содан кейін Көпен Әмірбек, Тілеуберді Бинаш, Қазыбек Иса, Серік Абас-Шах, Жарылқасын Дәулет, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Әлібек Шегебай сынды тағы басқа да зиялылар бастаған делегация Шәмшінің туған ауылына аттанды. Композитор, Қазақстанның халық артисі Қалдаяқовтың мерейтойы қарсаңында Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен Шәмші аллеясының қақ ортасында Шәмшінің мұражай-үйі ашылды. Онда композитордың қолданған аспаптары (фортепиано, домбыра, балалайка, патефон), киген киімдері, кітаптары, тұскиіз, т.б. заттары жинастырылған.
300-ге жуық ән жазған қазақ вальсі королінің 90 жылдық мерейтой датасы тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп, Түркістан қаласындағы "Ақжайық" музыка мектебінің алдында Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР парламенті сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, музыкалық продюсер Қалдыбек Құрманалиев, Алматыдан "Ш.Қалдаяқов" поезымен арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
– Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарындарды сыйлаған киелі мекен. Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр, – деді облыс әкімі Ө.Шөкеев.
Ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер "Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек", – деген екен. Өнер қайраткерінің дегені жүзеге асып келеді. Жаңа қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинаш. Композицияда сазгердің шығармашылық ой үстінде отырған сәтін бейнелеуге тырысқан. Ескерткіш демеушілер есебінен жасалды.
Бұған дейін 2005 жылы Шәмшінің «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілген болатын. Биыл мемлекеттік әнұранның да ресми түрде бекітілгеніне 15 жыл.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір