• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 01:12:57
Алматы
+12°

Өткен ғасырдың орта тұсында күндей күркіреп өткен екінші жаһан соғысында, КСРО халықтары тарапынан «Ұлы Отан соғысы» деп аталып кеткен КСРО мен Фашистік Германия арасындағы соғыста қазақ жауынгерлері небір ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақтың ерлігі мен батырлығын, соғыс  өнері мен техникасын игере алатындығын осы соғыс  айқын дәлелдеді. Солардың бірі де бірегейі, осы сұрапыл соғысты басынан аяғына дейін өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен, батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген, соғыстан кейін Кеңес Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери Академияны бітіріп, әскери академияда сабақ берген Бауыржан Момышұлы еді. Қазақ халқының қаһарман перзентінің туғанына бүгін 110 жыл толды.

Соғыс аяқталмай жатып, алғашқы хикаяттары «Знамя» журналында жарық көрген Александр Бектің «Арпалыс» және 60-жылдардың басында өзінің «Москва үшін шайқас» романдары шетел тілдеріне аударылғаннан кейін Баукең шын мәнінде әлемдік тұлғаға айналды. Ақбоз атымен аты аңызға айналып, әлемге әйгілі болған Бауыржан Момышұлы қазақ деген ұлттың батыр, қайсар, ержүрек халық екенін бүкіл жаһанға танытты.

Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасшы. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл, шешен. Ол жауынгерлерімен бірге соғыста шынықты, соғыста шыңдалды, соғыста өсті. Оны қатардағы сарбаздар әділдігі үшін, әскери өнерге жетіктігі үшін, жауынгердің жанын ұға білетін зерделігі үшін жақсы көрді, сыйлады, оған сенді. Ал командирін шын сыйлаған солдат жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп шығады. Өйткені оның бойында бұйрықтың күші ғана емес, ар мен ұяттың, командирге, қолбасшыға деген сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді. Бұл жеңіс үшін аса қажетті фактор. Батырдың айтуынша, жауынгерлерге сену командирдің басындағы бақыты, үлкен ырыс. Жауынгерлер командирге сенсе, одан артық абырой болмайды. Сенім  – үлкен медет. Қолбасының қоластында қаһарман қазақ аз болған жоқ. Солардың көбі ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жанын берді.

Бауыржан Момышұлы

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы облысы Талғар қаласында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлер батырлықтың, тәртіптіліктің, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, өздерінен күші төрт есе басым жаумен бір ай бойы күресіп, дұшпанды ойсырата жеңіліске ұшыратты. Момышұлының әскери-қолбасшылық қызметінде соғыстың ең шешуші, Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше болды. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан батальонның соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды да шебер басқара білді.

Алайда аласпыран қысылшаң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің баталон, роталармен байланысты үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соқты. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасады. Батальонның  алдында жүретін 15 адамнан  құралған барлаушы қойып взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізуді ұйғарды. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарды. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырды. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырды. Қарағайлы тоғай іші қалың қар, жауынгерлер шаршаған, әйтсе де табанды төзімділік көрсеткен батальон екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шықты. Барлаушылардың айтуы бойынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспапты. Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В.Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұрған екен. Жау қоршауынан шығып, түгелдей аман оралған Б.Момышұлы басқарған батальонды генерал И.Панфилов зор қуанышпен қарсы алды.

Мәскеуге ұмтылған неміс әскерінің екпінін баяулатып, қатты шығынға ұшыратты. Бұған қоса жан-жақта қоршауда қалып қалған бөлімшелердің басын біріктіріп, алдыңғы шепке әкеліп қосты. Бауыржанның  бұл тапқырлығы «Қоршаудағы ұрыс», «Қоршаудан құтылып шығу» деген тактикалық ілім ретінде соғыс кезінде жаппай тәжірибеге айналды. Момышұлы қанды шайқастарда түрлі айла-тәсілдер ұйымдастыра білетін мықты қолбасшы болды. Мысалы, жаудың қоршауында жүріп, жауынгерлерді аман сақтай отырып соғысу, қоршауды бұзып шығу, тағы да басқа айла-тәсілді меңгерген шебер қолбасшы.

Мысалы, генерал-майор И.Панфилов дивизия бөлімдерінің жаңа шепке жылжып орналасуы үшін Б.Момышұлына өз батальонымен жаудың шабуылын 4 күн тежеп, ұстап тұруға тапсырма береді. Батальон өзінен он есе көп жау тобына қарсы шайқасты, оған ілгері жылжуға мүмкіндік бермеді. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындап, немістердің мыңдаған адамын жойып, 5-ші күні орман ішімен жүріп, өз дивизиясына қосылу әрекетін жасайды. Ол оңайға түспейді. Айнала қоршаған жау әскері. Осындай жағдайда Б.Момышұлы түнде жүріп, және мынадай амал-қулық жасайды. Жолмен жүріп бара жатқан жау колоннасының арасына байқатпай кіріп, батальонына немісше бұйрық беріп, бір қолайлы қалқа жерге келгеннен кейін жолдан шығып кетеді. Сөйтіп, аман-есен өз дивизиясына келіп қосылады. Жау қоршауын қайта-қайта бұзып өтіп, дивизияға әкеліп қосу үлгісі тек Бауыржанның ғана қолынан келетін тәсіл болатын.

Кейіннен генерал-полковник, Кеңес Одағының батыры, 8-гвардиялық дивизияның қолбасшысы болған И.М.Чистяков «Дружба народов» журналында жариялаған естелігінде былай деп жазды: «1073-атқыштар полкының командирі майор Момышұлын мен соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр шығыста бірге қызмет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир болатын. Оны ерекше ерлігі мен тапқырлығы үшін Панфиловтың өзгеше жақсы көргенін де білетінмін. Мәскеу түбінде оның батальоны полктан хабар-ошарсыз күйде, бірнеше күн қоршауда қалып, қалың жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізген. Екі тәулікке созылған қырғын соғыста гвардияшылар төрт жүзден астам фашистердің көзін жойып, олардың Волоколам тасжолы арқылы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан кейін орман ішінде маневр жасай отырып, өздерін қоршаған жау шеңберін тас-талқан етіп бұзып шығып, полкке келіп қосылған болатын. Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің резерві етіп ұстап, оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыстарға жіберіп отырды. Соның бәрінде де батальон үздіксіз жеңіске ие болды».

Бауыржан Момышұлы

А.Бектің «Арпалыс» атты еңбегінде Бауыржан Момышұлы – кейіпкердің аузымен былайша сипатталады: «Батальон төрткүл қиықша тәрізденіп бір қатардан сапқа тізіледі. Мұндай жауынгерлік тізіліс тәртібін әскери тілде «ромб» деп атайды. Осы қиықшаның, былайша ромбының ортасына арбалар мен зеңбіректер орналасады. «Менің әмірім бойынша жүріп бара жатып, залпымен оқ ату керек! Атқанда, әуеге емес, жерге де емес, жауды көздеп ату керек!» Осы қалпымен бір мезгілде жеті жүз винтовкадан дүркіндете үздіксіз оқ жаудырған батальон немістердің бас көтеруіне мұрша берместен жайпап өтіп, қоршаудан шығып кетеді. Бұл арада Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшыға тән негізгі мұраты: «…жаяу әскерді оқпен, маневрмен сақтау керек, оның жолын оқпен аршып, оқпен өткел салу керек».

Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшылық біліктілігіне тән тактикалақ-маневрлік әдістерінің бірі – жауды қоршауға ала шабуылдап жою. Мысалы, Мәскеу түбіндегі шайқаста фашистер иеленген Трошково, Баркловица, Трохово, Кашина, Коншина, Бородино атты алты қыстақты өзі басқаратын полкті алты топқа бөле, түн ішінде шабуылдап, түгел басып алады, жауды талқандайды. Енді бір ұрыста оның 120 жауынгері 600 адамдық фашист әскерін талқандайды.

Қаһарман қолбасшының соғыста тағы да бір қолданған амал-әдісі шайқасып жатқан елді мекенді тастап, шегініп кетіп, қайтадан тұтқиылдан шабуылдап, қайтарып алу, жауды қуып шығу болған. Мысалы, осындай қулықты 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі Матренино деревнясы үшін болған ұрыста қолданады.  Қиян-кескі шайқас кезінде рота командирлеріне қыстақты тастап, шегінуге бұйрық береді. Бұл шешімді бастапқыда олар және батальонның саяси ісі жөніндегі орынбасары Ф.Толстунов түсінбейді, тек жеңіске жеттік деп, масайрап, үйлерге кіріп, босаңсыған, тіпті күзетте қоймаған жау әскерін батальон үш жақтан шабуыл жасап, адамдарын қырып, қуып шыққанда, бұл тактиканың дұрыстығына көздері жетеді. Осы амал арқылы адам шығыны болмайды және немістердің көптеген қару-жарағы, техникасы, маңызды құжаттар қолға түсіріледі. 

Оның даңқы 1941 жылдың қараша-желтоқсанындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда шықты. Сол кездің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орындаған алғы шеп командирінің таланты мен ерлігін жабыла жазып жатты. Александр Кривицкийдің айтуынша, бұл кезде Ақ теңіз бен Қара теңіз аралығындағы мыңдаған шақырымға созылған майдан шебінде Бауыр­жан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ.

Мәскеу түбіндегі ұрыста Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты, 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жалпы, өзінің айтуынша «нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған».

Ал, кейіннен жарық көрген «Мәскеу үшін шайқас» кітабы – бұл нағыз ерлік кітабы. Оның ішінде тактика да, тәжірибе де, ұрыс та, ұтыс та  бәрі де бар. Бұл – жеңіс кітабы. Әр тарауы – әскери ғылым. Осыны ескерсек, Б.Момышұлын әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады.

Ал, оның майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары соғыс батырының шеңберінен шығып кетіп жатты. Аға лейтенант шеніндегі батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған полковник қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың тактикалық немесе стратегиялық шешімдерінен әлдеқайда ауқымды болды. Сондықтан да оның атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан асып кетті. Бауыржан 8-гвардиялық дивизияның ар-намысы, оның ең биік шыңы болды.

Баукеңнің айтуынша, соғыс кімнің кім екенін тез-ақ анықтап береді. Мәскеу түбіндегі шайқастар Бауыржан Момыш­ұлының кім екенін танытып қана қоймай, жастарды тәрбиелеу жұмыстарындағы олқылықтарды да ашты. Қазақ халқы қолма-қол соғыста мол тәжірибе жинақтағанымен, машиналы соғысқа жаппай бірінші рет кірген еді. Сондықтан да ұрыс алды әскери дайындықты күшейту керек екенін алғы шеп командирі ретінде ол өте-мөте сезінді. Ең сорақысы тарихын, тілін, дәстүрін білмейтін жастар көбейе бастаған. Олар ұлттық құндылықтарын білмеген соң, ұлттық мақтаныштары оянбайды. Ұлттық мақтаныштар оянбаған соң, рухы көтерілмейді. Ал рухсыз әскер қарумен қанша бөлеп қойсаң да жеңіске жетпейді.

1941 жылы 26 қараша күні маршал К.К.Рокосовский Бауыржан Момышұлын полк командирі етіп тағайындады. Ол кезде 30 жаста болатын. Әскери дәрежесі – аға лейтенант. Партия қатарында да болмапты. Полк командирі болу оңай емес. Бауыржан Момышұлы одан бұрын батальон командирі болған. Партия қатарында жоқ аға лейтенантты полк командирі етіп тағайындау – үлкен сенім, әрі сирек кездесетін оқиға.

Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында осы соғыстың тағдырын шешкен әйгілі қолбасшылармен, атап айтсақ – маршал Г.К.Жуков, маршал К.К.Рокосовский, маршал Васильевский, маршал Багряман секілді әскери тұлғалармен таныс-біліс болған, ауызба-ауыз тілдескен. Атақты қолбасшылар, генералдармен қызметтес болған. Бас штабтың кілең марқасқалары бас қосқан бір жиында маршал Баграмянның ұсынысы өтпей, оның орнына Бауыржан Момышұлының ұсынысы өткен. Өйткені, Бауыржан Момышұлының ұсынысын маршал Васильевский мен маршал Жуков қолдаған. Оның әскери күштерді қалай алға жылжытып, қандай маневр жасау керектігі жөніндегі ойлары мен ұсыныстары Жуков пен Васильевскийге өте орынды болып көрініпті.

Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан мақал-мәтел, нақыл сөздерінде де соғыста қолданылатын амал-айла, әскери қолбасшының орны мен рөлі мәселелері де шет қалмаған: «Ептілік пен батылдықты қосса айлакерлік шығады», «Әскерсіз қолбасшы – қауқарсыз», «Басшысыз әскер – әлсіз».

«Қанмен жазылған кітап. (Соғыс психологиясы)» – атақты қолбасшы Б.Момышұлының әскери қайраткер ретіндегі ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған әскери-теориялық және рухани ұлағаттық еңбегі. Оның әскери тактикалық, жеке құрамды тәрбиелеу және оқыту, командалық кадрларды дайындау саласындағы зерттеулері терең кешенді талдау және әскери іс-тәжірибесінде кең түрде қолдануды талап етеді. Халық батыры өзінің әскери-теориялық көзкарастарын осы «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде жан-жақтылы талдаған. Бұл – батырдың жарақатына байланысты демалыс алып келгенінде, 1944 жылы қаңтарда, КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімінде, Алматыдағы ғалымдар үйінде, Қазақ ҒА төрағасы академик Қ.И.Сәтбаев, академик-жазушы М.О.Әуезов бастаған қазақ ғылымы, әдебиеті мен өнер өкілдері, ел зиялылары алдында оқыған дәрістері мен әңгімелерінің хроникалық жинақ-кітабы. Баукең аталмыш лекцияларын майданда жазған «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлары» негізінде әзірледі. Лекция барысында лектор баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптар да болатынын, ал өзінің баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқығанын баян етті.

Онда Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі бай әскери тәжірибеге баса мән берілген, көпшілігі бүтінгі таңда әлі де өзінің мәнін жоймаған кейбір әскери өнер мәселелері қарапайым және түсінікті тілде баяндалады. Тыңдаушылар соғыс қаһарманының баяндауынан Ұлы Отан соғысы тарихынан көптеген эпизодтарға, нақтылы И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия жауынгерлерінің қан майдандағы ерлігі жайлы деректерге қанық болады. Бұл оқиғалар, панфиловшылардың қаһармандыққа толы өнегелері, ол кезде де, қазір де маңызды. Лекцияның мақсаты, автордың айтуынша, майданда қаза тапқан, қасірет көрген, ер де турашыл, соғыс алапатының барлық жойқын ауыртпалықтарын мойнымен көтеріп жүрген қарапайым соғыс сарбаздарының ерліктерін қағазда қалдыру, әділет жолында олардың рухының алдында тағзым ету.

Кітапта автор оперативтік соғыс өнері және тактикасының рөлі мен орны, ұрыстың қорғаныс және шабуыл ерекшеліктері, әскери айла қолдану, әскери тәртіп, патриоттық тәрбие, сарбаздар мен офицерлерді оқытып-үйрету мәселелері зерделенеді. «Соғыс психологиясы» соғыста корғаныс және шабуыл кезінде қолданған тактикалық тәсілдері, «Б.Момышұлының соғыс тактикасы», «Бауыржан спиралі» Қазақстанда және Куба, Никарагуа, Израиль, Польша, Болгария, Венгрия, Чехия мен Словакия сияқты бірқатар шетелдердің әскери оқу орында тактика пәнінің оқулығы, жас сарбаздармен жұмыс жүргізуде тәрбие құралы есебінде пайдаланылады. Израильдегі әскери училищеде «Соғыс психологиясы» әскери-теориялық пән ретінде оқытылады, офицер лауазымын алардан бұрын курсанттар сол пән бойынша сынақ және емтихан тапсырады. «Соғыс психологиясы» жастарға арналған. Соғыс куәгерінің әңгімесі патриоттық pyx, қайтпас жігер, табандылық пен ерлік, аға ұрпақтың батырлық өнегесіне тәрбиелейді, соның лайықты жалғастырушысы болып, қасиетті әскери дәстүрді арттыра түсуге жетелейді. Бұл жауынгер қандай болуы керек, қалай соғысуы керек екенін үйрететін оқу құралы.

Бауыржан Момышұлы өзінің «Қанмен жазылған кітабында» соғыстағы ұрыс өнерінің мәнін былайша түсіндіреді: «Ұрыс өнерінің негізі  – дұшпанға оқпен әсер ету, оның адам күшін қырып-жою, өз күшіңді аман сақтау. Ұрыс жүргізу өнерінің мәні де осыған байланысты. Ұрыс идеалы – бұл ұрыста шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері – ұрыста барынша аз шығынмен жеңіп шығу». 

Әскери қолбасшылығы өз алдына бөлек әнгіме. Генералдарға сабақ берген ұстаздығы да бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген  оқу пәні Израиль еліндегі әскери оқу орындарында  оқытылады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыржанның соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі. Бас қаһарманы боп табылатын А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Кубада испан тіліне аударылып, атыс позициясының басында жауынгерлерге оқпен қоса үлестірілгені, ол кітапты Куба жастары, елдің интеллигенциясы жақсы білетіні, тіпті ол кітап Куба революциясының көсемі Фидель  Кастроның оқитын сүйікті кітаптарының бірі екені баспасөз беттерінде жазылды. 1963 жылы қарашада Баукең Кубада болып, осы елдің Бас штабына шақырылады, әскери-саяси училищеде, әскери академияда сөз сөйлейді, әскери адамдардың әскери тақырыпқа қойған саналуан сұрақтарына жүйелеп жауап береді.

Қолбасы, сардар ретінде  Б. Момышұлының  соғыс өнері ерекше айшық­талып шы­ғады. Ол неміс-фашист басқыншыларына қар­сы соғыста неше алуан әдістер мен тәсіл­дер­ді, амалдарды, құралдарды барынша тиімді пайдалана отырып, соғыс ісін өнер деңгейіне көтерді. Баукең бабаларының соғыс өнерін меңгеріп, соны машиналы соғыс жағдайында жаңаша, шебер пайдалана білген. Оның өзінің айтуынша «Соғысқа кедергі келтіретін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта соғысуға көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар...». 1946 жылы қабылданған жаяу-әскерлік, жауынгерлік уставына Момышұлының ұсыныстары енгізілді.

Ол өзінің әскери өнерін 1946 жылы қаңтардан 1948 жылғы ақпан аралығында К.Е.Ворошилов атындағы 1 дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның тыңдаушысы болған кезінде одан әрі шыңдай түсті. Ол Бас штабтың академиясын бітірген бірінші қазақ. Содан соң Тыл және жабдықтау әскери академиясының жалпы тактика мен оперативтік өнер кафедрасында аға оқытушылық, артынан ординарный профессор атағымен дәріс беріп, офицерлерді соғыстағы бай тәжірибесін пайдалана отырып, соғыс ғылымына үйретті. Бұл академияда бес жыл сабақ берді. Осы кезде тактикадан алты, стратегиядан тоғыз еңбек жазады.

Бауыржан Момышұлы соғыстағы әскер қолбасшысының орны мен рөлін былайша айқындайды: «Солдат болу да оңай жұмыс емес, командирдің әскерді тәртіптендіруі де қиын іс. Ал соғысу одан да ауыр. Командир бағыныштыларға ғана емес, ең алдымен өзіне қатаң талап қойғыш болуға тиіс. Әскер тәртібін қатаң сақтау, оны бағыныштылардың санасына сіңіру, әскери ант пен борышты орындау, жауынгерлерді жақсы қасиеттерге тәрбиелеп, оларды соғыс ісіне үйрету – командирдің қасиетті борышы. Командирдің қаталдығы барынша әділ болып, қызмет бабындағы қажеттік пен нақты жағдайдың жалпы мүддесіне негізделуі тиіс. Командир ешқашанда солдат-жауынгердің адамдық қасиеттерін қорламауы керек». Оның тұжырымы бойынша: «...Ұрыс пен соғыс бұл ғылым ғана емес, сонымен қатар өнер. Командир – бұл творчестволық еңбектің адамы».

Даңқты қолбасшының әскери өнері, ұрыс жүргізу айла-тәсілдері, әскерлерге басшылық ету мен оларды басқару қабілеті жоғары, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл, әскери ойлауда артықшылыққа, басымдылыққа ие болды. Міне, сондықтан Бауыржан Момышұлының орасан зор соғыс тәжірибесі, жазған еңбектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етіп жатқан әскери қызметшілер, офицерлер, командирлер мен сарбаздар үшін күнделікті басшылыққа алатын кітап, оқу құралы.

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір