• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:31:00
Алматы
+7°

Қазақстанда парламент мәжілісі сайлауы өтіп жатқанда сайлауға бойкот жариялаған азаматтық белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастары Алматыда митингке шықты.

Түскі 12-ге таман Назарбаев даңғылы бойымен көтеріліп, Сәтпаев көшісіне түсіп Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне қарай беттемек болған 20 шақты белсендіні жолда арнайы жасақ бөгеп, ескерткішке қарай жібермей, айналдыра қоршап алды.

Олардың арасында белсенділер Жанболат Мамай мен Абзал Достияров және журналист, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының өкілі Әсем Жәпишева бар.

Республика алаңындағы митингшілер

Қоршаудағы белсенділер мегафонмен "Сайлауға бойкот", "Оян, қазақ! Көтер басты!", "Назарбаев кетсін", "Дариға келме", "Несиелік амнистия жасалсын", "Жер сатылмасын, жалға берілмесін" деп ұрандатып тұрды.

Республика алаңындағы митингшілер

Митингке шыққандарды қалалық прокуратура мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері тарауға шақырмақ болып еді шерушілер айқайлап, оларды сөйлетпеді.

Артынша ғалым, экономист Рахман Алшанов, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев пен боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов наразы топпен диалогқа келмек болды. Алайда шерушілер олардың да даусын естіртпеді. Митингшілер "Алшанов, Ибраимов биліктің сойылын соққан қарабет" деп ұрандатты. Өзіне айтылған сөздерден кейін митингшілерге ұмтылған боксшыны әлдекімдер ұстап қалды. Сондай-ақ алаңда әкімдік қызметкерлерінің жанында Қали Сәрсенбай, Есенғали Раушанов, Бақыт Беделхан секілді бірнеше белгілі журналист, ақын, жазушылар жүрді.

Республика алаңындағы митинг

Алаңда беттерін тұмшалаған біреулер белсенді Жанболат Мамайдың өзін "қарабет", "ел тыныштығын бұзған құмалақ", "тәуелсіздік жасасын" деп айқайлады. Олар колонкадан қатты дауыспен әндер қойылып, әнұран айтып белсенділердің даусын естіртпеуге тырысқан әрекеттер жасады. Белсенділер белгісіз адамдарды "арандатушылар" деп жақтастарын қандайда бір арандатушылық әрекетке ермеуге шақырды.

Республика алаңындағы митинг

Прокуратура өкілдерінің тарауды сұрағанына қарамастан, белсенділер қатары біртіндеп көбейіп жатты. Бірақ алаңдағы полиция мен арнайы жасақ саны одан да көп. Бірнеше автозак пен арнайы автобустар әзірленіп қойылған.

Қамшы тілшісі полиция 10-нан астам адамды ұстап, автозакқа тиегенін көрді.

Түстен кейін сағат 15:20 шамасында алаңға беттемек болған "Oyan, Qazaqstan" қозғалының өкілдерін де арнайы жасақ қоршауға алдып, алаңға жібермеді.

Митинг өтіп жатқан Тәуелсіздік алаңы мен сол жерге жақын маңда ұялы байланыс нашар, интернет мүлдем істемеді.

Қоршаудағы митингшілер бірнеше сағат ас-сусыз, дәретханаға шыға алмай тұрды. Наразы топ арасында "қоршаудан шыға алмағандықтан, осы жерде дәрет сындыруға тура келді" деген сөздер естілді.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір