• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:49:32
Алматы
+35°

Парламент мәжілісі сайлауына қатысқан журналист, "Адал" партиясының мүшесі Мақсат Толықбай өзінің парақшасында оқырмандарына уәде еткен үндеуін жариялады. Оның айтуынша, жұмыс енді басталады. Демократия, өзгеріс өздігінен келе салмайды.

–  Мәжіліске мен өтпей қалған шығармын. Сіздер қолдаған, дауыс берген "Адал" партиясының біраз азаматтары депутат болып жатыр. Облысқа, ауданға.

Кейбір адамдар түсінбей де жатыр. Парламентке өткен үш партия не істейді? Олар өздігінен заң шығармайды. Қоғамдық тыңдау, талқылау болады. "Адал" партиясы ретінде біздер сол әр заң жобасын талқылауға қатысамыз. Біз де пікірімізді айтамыз, біз де мәлімдеме жасаймыз. Оның сыртында мен өңірлерді аралап жүргенде көтерген мәселем бар ғой. "Әр қазақ бай болсыншы" деген. Кәсіп бастағысы келетін жұмыссыз жастарға тегін гранттардың санын көбейтуіміз керек. Міне, бүгін партия шешім қабылдады. Алдағы уақытта "Адал" партиясының атынан біз тегін гранттар тарататын боламыз. Сол жұмыс жалғаса береді. Тек үш-ақ нәрсе жетіспей қалды бізге: жұмсақ кресло, тегін баспана және миллион теңге айлық. Далада қалған ештеңеміз жоқ. Қарапайым орындықта отырып та жұмыс істеуге болады.

Әрине, үміт болмады емес, болды. Бірақ сайлауды өткізген мен емес қой. Ол қалай өтті, тәуелсіз бақылаушылар нендей баға берді? Оның барлығын ашық айтқан екі кандидат болса, соның бірі менмін. Ашық пікірімді білдірдім... Бұл сайлау қалай өтті, біз – соның көрінісіміз. Біраз азаматтың оянуына біздің де септігіміз тиді деп ойлаймын. "Адал" партиясы ешқайда жоғалып кетпейді. Нағыз жұмыс енді басталды. Орта жолда мен партиядан шығып кетсем, менің тарапымнан сатқындық болады. Егер менде азаматтық амбиция болмаса, креслоға қызығатын адам болсам, кез келген партияның атынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қатысуыма болар еді. "Адалға" адал болдым деп ойлаймын, – деді журналист.

Оған қоса, Мақсат Толықбай өзіне қарсы жазба жариялағандарға қатысты да пікір білдірді.

Маған қарсы пост жазып, 40 мың теңге алғандар болды. Осы видеоны өздері көріп отыр. "Мақсат Толықбай сәләфит, Болат Назарбаевтан коттедж алған, Аблязовтың тыңшысы" деп жазғандар да болды. Бір нәрсені түсіндім. Бұл үлкен саяси технология. Кім рамкадан шыққысы келеді, кім өзгергісі келеді, осылай аяқтан тартушылар болады. Бірімізді біріміз аяғымыздан шалатын болсақ, ешқашан басымыз бірікпейді. 37-жылдан беріп солай, ағайын. Қазақты сатқан да қазақ, атқан да қазақ. Сондықтан әр азаматты қолдауымыз керек. Аяқтан тартып отырсақ, ештеңе өзгермейді. Бір үлкен істің басы басталды. Бір айдың ішінде не істей алатынымызды көрсеттік. 27 күн ішінде ешқандай партияның тарихында болмаған, 360 мың адамды мүшелікке өткіздік, – деген ол митингке шығудың ойда болғанын, алайда оған қоғам дайын емес екендігін айтты, – Митингке шығу ойда болмады емес, болды... Ащы да болса айтайын, мұндайға біздің қоғам әлі дайын емес. Мен атойлап алаңға шығайын, артымнан көп болса 2000 адам еріп шығады. Содан не өзгереді? Сөйтіп тарқаймыз, – деді ол.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір