• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 00:04:55
Алматы
+7°

Президент Қ.Тоқаев жетінші шақырылымдағы парламенттің 1-ші сессиясында тәуелсіздіктің 30 жылдығында жаңа реформалар жүргізілетінін айтып, бірнеше бастама көтерді. Айталық, сайлау бюллетендеріне "барлығына қарсы" бағаны пайда болуы керектігін айтып, мәжіліске өтудің шекті межесін 7-ден 5%-ға дейін төмендету қажет деп санайтынын жеткізді. Қамшы тілшісі саясаттанушыларға «аталған бастамалар сайлаушылар таңдауына, партиялардың мәжіліске өту мүмкіндігіне қаншалықты әсер етеді», әрі «бұл өзгерістер неліктен жуырда өткен сайлауға дейін көтеріліп, қабылданбады» деген сауалдарды қойып көрді.

"ДАТ" оппозициялық басылымының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи: Тоқаевтың сайлау бюллетендеріне "барлығына қарсымын" графасын енгізуді ұсынып жатқаны кеш.

"Қарсымын" графасын енгізуді енді ұсынып жатқаны кеш. Қазақта сөз барғой: “Жау кеткеннен кейін қылышыңды боққа шап” деген. Енді біз мұның енгізіліп, жүзеге асуы үшін тағы да 5 жыл күтпейміз. Қоғамдық саяси жағдайды наразылық қозғалысының қазіргі динамикасына қарап отырып, халық 5 жылға шыдап отыра алмайды. Назарбаевтың билігіне тағы да 5 жыл көндігіп отыратын уақыт жоқ. Сондықтан парламент сайлауы мөлшермен әрі кетсе келесі жылы болады, ал осы жылдың күзінде мерзімінен бұрын президент сайлау болып қалуы мүмкін.

"5 пайыз деген әншейін алдамшы дүние"

Мұнда ең басты мәселе саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 5 пайызға дейін төмендету емес, ең бастысы сол парламенттің сайлауға түсетін партияларды тіркеу. Егер оппозициялық, тәуелсіз партияларды тіркемейтін болса 5 немесе 1 пайыз болама одан қандай жақсылық, опа табамыз?! Сондықтан мұнда мәселе Тоқаев мырзаның ол партиялардың парламентке өту квотасын 5 пайыз емес, тіркелетін партиялардың дауыс, қолдау жинауын 20 мыңнан 1000-ға немесе құрып кеткенде 5 мыңға түсірсе және оппозициялық партияларды тіркеудің тәртібін, неше түрлі қитұрқы әрекеттерін реттесе, онда оның ұсынысын қолдауға болар еді. Ал енді 5 пайыз деген әншейін алдамшы дүние. Себебі тіркелмеген партия сайлауға бара алмайды. Барса сол баяғы 5 партия барады. Одан ешқандай да пайда жоқ.

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров: Ұсыныстар еліміздегі саяси процесстерді реформа жасауға, сонымен бірге пікірлер плюрализмін дамытуға нақты қадам

 Қазақстанның саяси жүйесі эволюциялық түрде бірте-бірте дамуда, өзгерістер болуда. Сондықтан президент Тоқаевтың бұл бастамалары кеш көтеріліп жатқан жоқ. 7 пайыздан 5 пайызға түсіру прогрессивті қадам. Яғни, келесі сайлауларда тек қана бір емес бірнеше партиялардың өтуі ықтимал. Бұл біздің еліміздегі саяси процесстерді реформа жасауға, сонымен бірге пікірлер плюрализмін дамытуға нақты қадам. Оның ешқандай кештігі жоқ.

"Барлығына қарсымын" графасын енгізу арқылы партиялардың өзара бәсекелестігін арттырамыз"

Дүниежүзінде "абсентеизм" деген құбылыс бар. Ол сайлаушылардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауы. Бұл Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне тән. Қазіргі таңда Еуропада дамыған елдерде сайлаушылар сайлауға бей-жай қарайтын болып жүр. Ал біздің елімізде саяси реформа болып жатқандықтан партиялар қоғамның өзіне деген қатынасын сезініп отыруы керек. Менің ойымша мұндай графаны енгізу партиялардың өзара бәсекелестігін арттырады, партиялардың халық үніне көбірек құлақ асуына алып келеді. Бұл – нақты әрі дұрыс қадам.

Саясаттанушы Дос Көшім: Президенттің саяси партияларды мәжіліске өткізу шегін 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынғанын қолдаймын

Бұл мәселе 20 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Өз басым мұны Тоқаевтың ұсынысы деп ойламаймын. Ол саяси топтың, саяси адамдардың ұсынысы. Бірақ президенттің саяси партияларды мәжіліске өткізу шегін 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынғанын қолдаймын. Тағы да 3 пайызға түсірсе одан да көп қолдайтын едім. Өз басым осы бағыттың дұрыс екендігін әр уақытта мойындаймын.

"Халықта таңдау құқығы болуы керек"

Сайлауға дейін бұл ұсыныстардың айтылмауы – олар өздерінің адамдарын өткізуі қажет болды. Сондықтан мен оған таңқалмаймын. Менің ойымша егер де барлығы қарсы болатын болса, онда мүлдем НұрОтан не басқа партиялар өтпей қалатын еді. Сайлау біткеннен кейін ұсыныс жасағаны бір жағынан ыңғайсыздау, бірақ сол ұсыныстарды жасағанына қуаныштымын. Оның алдында ұсынбағанын жақсы түсінемін. Себебі НұрОтан әлі де билікті ұстап отыруы керек.

Кезінде "қарсылық" мәселесін мен де көтердім. Қазір президенттің сайлау бюллетендеріне "барлығына қарсымын" графасын енгізуді ұсынғанына қуаныштымын. Себебі халықта таңдау құқығы болуы керек. Таңдау құқығының біреуі "бәріне қарсымын" деген болуы қажет. Әрине ол заңда болуға тиіс. Мұндағы мәселе сол заңға кірген уақытта не болады деген?! Иә, оны енгізетін шығар, одан кейін не болады?! Егер де "бәріне қарсымын" деген дауыс көп болса, 51 пайыздан жоғары болса, онда сайлау қайтадан өткізіле ме? Жаңадан саяси партиялар болуы керек пе? Тек басын бастап айтты, бірақ мен әрі қарай "бәріне қарсы" деген дауыс берілген уақытта заңда қандай мүдде болуы керек деген нәрсені түсінген жоқпын.

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым: Мәжіліске өту шегі – 7 пайыз деген өте биік меже

Президентіміздің аталған бастамаларды ұсынғаны өте орынды. Көптен бері айтылып та келе жатыр, сол мәселенің жалғасы деп ойлаймын. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі –  7 пайыз деген өте биік меже. Бірақ оның аясында 7 пайыз алмаса да 5-6 пайыз алды дегеннің өзі де Қазақстан халқына шаққанда аз күш емес. Олардың саясаттан тыс қалуы, мәслихатқа, мәжіліске өте алмауы көптеген наразы топтарды қалыптастырады. Осыған жол бермеудің жолы – олардың ресми билікке келуін, ресми өкілетті органдарға сайлануын қамтамасыз ету. Әрине мұның бәрі біраз заңдарды өзгертуді талап етеді.

Сондай-ақ мәжіліс депутаты сайлау бюллетендеріне қатысты президенттің ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Ақылды биліктің басты шаруасы бүгінгі халықтың не деп жатқаны емес, жалпы үлкен трендттермен үлкен қоғамның ішіндегі қозғалысты, іркілісті сезіп, соларға жауап беру. Енді байқадық. Мәселен осы жылы сайлауда 300 мыңдай адам бюллетендерді сызып "наразымыз" деген белгі қалдырған. Былай қарасақ, пайыздық тұрғыдан аса көп те емес шығар, 2-3 пайыздың айналасы. Бірақ бұл да күш, халықтың наразылығының бір түрі. "Менің партиям жоқ" деген сөз ғой. Яғни, ол үшін қандай партия? Оның бәрі бір партияның өкілі емес шығар. Бүгінде "Халықтың үніне құлақ асатын үкімет" деген концепция бар. Соның аясында жасалып жатқан дүние. Әр партия өзінікін бәрібір алады. Оның өзінің аудиториясы бар. Олай болатын болса, жаңадан пайда болатын күштер олар өзін алаңнан емес, заңнан іздеуге тиіс.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір