19 Қаңтар, 2021 Әлеумет

Қызылордада балалар үйден жиі қашатын болған

Ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларын бақылаусыз қалдырмауға шақырады.

Фото: centralasia.news

Қызылордада балалардың үйден қашу деректері жиілеп кетті. 15 қаңтар түнгі он бір жарымда қала тұрғыны өзінің қызы жоғалғаны жөнінде полицияға хабарлама түсірген, деп жазады 24.kz.

Кәмелетке толмаған қыз бала терезе арқылы секіріп, үйінен қашып кеткен. Дереу іздестіру жұмысына кіріскен тәртіп сақшылары көп ұзамай жасөспірімді құрбысының үйінен тапты. Жалпы өткен жылы полицейлер панасыз және үлкендердің қадағалауынсыз жүрген 186 баланы бейімдеу орталығына орналастырды. Соның ішінде 92 жасөспірім ата-анасымен ренжісіп, ешкімге ескертпей кетіп қалған. Тіпті Алматы облысында жоғалған 12 жастағы жеткіншек Қызылорда көшелерінің бірінде беймезгіл уақытта жалғыз жүрген жерінен табылды. Хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімдердің барлығы үйлеріне аман-есен қайтарылды. Осы ретте ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларын бақылаусыз қалдырмауға шақырады.

Бақыт Молдабеков, жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– 92 жасөспірімнің ішінде үйінен кетіп қалуға бейім 5 жасөспірімді «қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар» санатымен ішкі істер органдарының есебіне алып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларына бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын арттыру қажеттігін қатаң ескертеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қызылорда

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір