Көрнекі сурет

Егер әкем тірі болса, не істеп, не айтар едім?

Осы сұрақты жасым есейген сайын өзіме жиі қоятын болдым. Егер, сізде мен секілді әкеден жастай қалған жан болсаңыз, осы сұрақты өзіңізге қойып көрдіңіз бе? Әрине, қойдыңыз, оған сенімім кәміл. Өмірден озған ата-анасын ұмытар жан болар ма тәйір?

Сіз не деп жауап берер едіңіз? Әркім әртүрлі айтар. Алайда, көпшілігі: "Егер әкем тірі болса, оған қамқор болып, ел мен жерді аралатып, иіліп төсек, жайлып жастық болар ем. Сізді жақсы көремін немесе мені кешіріңіз деп айтар ем" дегендей жауаптарға саяды. Дұрыс-ақ мен де осылай істер едім. Бірақ, әкеме айтарым сіз ойлағаннан мүлде басқа сөз болатын. Ол қандай жұмбақ сөз дейсіз бе?

Аз-кем шегініс жасайын. Сонда не айтпақ болғанымының себебін ұғынасыз. Әкем жастай ұлт азаттық соғысқа қатысып, ел билігіне ерте араласты. Өмірден де ерте озды. Басшы адам болғандықтан іс-сапарда жиі болатын, оның үстіне кем сөзді, бірақ қатаң тәртіптің адамы еді. Ол үйге келе жатқанда немесе дастархан басында отырғанда бір үйдегі ошарлы бала аяғымыздың ұшымен жүріп, аңдып сөйлеп, барынша тәртіпті болуға тырысатынбыз. Менің бұл сөзімен әкемді мінезі қатал адам екен деп қалмаңыз. Ол мейірімді болатын. Оның мейірімін сөзінен емес, көзінен сезіп жүретінбіз. Бізді еркелетіп, арқамыздан қағып, маңдайымыздан емірене искегенін немесе ашуланып ұрсып, май құйрықтан тартып жібергенін өмір бойы көрген емеспіз. "Арпа ішінде бір бидай"-дегендей жалғыз әпкемнен өзге ағайынды төртеу едік. Бір бас қосуда әкем бізді ойлы жанарымен бір шолып шықты да:

– Балаларым, "жақсы әкенің аруағы балаға қырық жыл азық"-дегендей, мен сендерге өмір бойы үлгі боламын, мені білетін адам сендерді сыйлайтын, қамқорлық танытатын әке боламын. Ал сендер маған күйік емес, қызық бола біліңдер. Басқа күтерім жоқ, – деді сөзін нықтап. Әкемнің өмірде бізге айтқан алғашқы да, соңғы жалғыз ауыз ақылы осы болды.

Құдайға шүкір өмірде мақсаттарыма жетіп, желкенім желбіреп жүрді. Содан ойлайтын едім: "Әкем жарықтық ақыл айтпаса да, өз ақылыммен біраз дүниеге жеттім" деп. Кейін "орда бұзар" жастан асқанымда өзімнің өмірлік ұстанымымның қайнары әкемде жатқанын аңғара бастадым.

Жар құшып, бала сүйіп,  ұрпақ тәрбиелеп ұстаз атанып жүрсем де, әлі күнге әкемнің сол бір жалғыз ауыз ақылы жан дүниемнің терең түкпірінен жаңғырып тұрады. Күн өткен сайын, ол кісінің парасат-пайымы жақындаған сайын биіктей түсетін таулардай асқақтап барады. Ол кісінің  жүріс-тұрысы, отырысы, іс-әрекеті, айтқан сөздері тұнып тұрған тәрбие мен тәлімнің көзі екені бұлттан шыққан күндей айқындалып келеді. Беу қайран әкем, Сіз құр сөзбен емес, кең мінезіңізбен, берік ұстанымыңызбен, сабырлы іс-қимылыңызбен бізге әр күн емес, әр сәт сайын керемет көркем өнеге көрсетіп, тәлім айтып өтіпсіз ғой өмірден. Сол құндылықтарыңыз тозаңданған гүлдей менің де жан-сарайыма қонақтап қалғанын кеште болса түсініп келемін.

Бозбала күнімде өзім тетелес, бірақ тентек, тілазар ұлдарына әкелері ақыл айтып немесе ұрсып, тіпті ұрып жатса, оларға қызыға да, қызғана да қарайтынмын. "Сол баланың орнында өзім болып, әкемнен таяқ жесем ғой" деген бір есерлеу ой көңіл көкжиегімнен жарқ етіп барып ғайып болатын-ды, оның орнына: "мен әкемді ренжітпес едім, егер, әлде қалай ашуына тисем, аяғын құша жығылып, шаң басқан аяқ киімін алақаныммен тазалап:

– Әке, кешірші мені, енді қайтып тілазар болмаймын. Сізді үнемі қуанышқа бөлейтін боламын, деп айтар едім", – дейтінмін іштей. Осыларды ойлап тұрғанымда тамағыма бір нәрсе кептелгендей зорға жұтынатынмын, көзімнің алды да буылдырланып  кетуші еді.

Жастық шақта, кейін жігіт ағасы болған күндерімде де әкемнің ақылын аңсамаған кездерім аз. Достарым үйленгенде, төрде отырған асқар таудай әкелерін көргенде әкемді сағына еске алатын едім. Кейін сол достарым әкесінің ақылын жүре тыңдап: "Иә, білеміз ғой, айта бермеші",-деп есікті жауып шығып кеткенде жабылған есіктей достарыма деген жылы көңілімде жабылып қала беретін.

Ата ертегісін тыңдамай өсіп жатқан балаларымды көргенде, әкем марқұмды тағы еске алатынмын. Десе де, балаларыма жақсы тәрбие беруге тырысып келемін. Бірақ, әкемдей өнеге-үлгі көрсетіп, тәлім бере алдым ба, білмеймін. Оны болашақта балаларымының тағдырынан, маған деген шынайы ықыласы мен сыйластығынан көрермін, өмірім болса.

Қазір әкемнің өмірден озған жасына жеттім. Қысқа күнде қырық құбылған дүние, алды үміт, арты өкініш алдамшы тіршіліктің қай сырына үңіліп, қай қырына шығып үлгіреміз. Басым қатып, салыным суға кетер шақтарым да, жағадан жармасқан есалаң сұрақтарға жауап таппай сандалған күндерім мен түндерім де көп. Сондай да, көген көз баладан ба, шаруасынан шарадай басы шақшадай болып жүрген қатыннан ба, әлде бүгін бар, ертең жоқ тұрлаусыз достан ба, кімнен ақыл сұрарыңды білмей дал боласың...    

Осыларды жазып шалықтап отырғанымда, әуелгі сұрақ санама қайта айналып соқты: "Егер Құдайдың құдіретімен әкем тірі болса, онда не істеп, нені айтар едім? Иә, қолымнан келгенін істеп, бәрін аямас едім. Ал айтарым, оны көрген жерден, қолын сүйіп, мейірімді жанарына қарап тұрып алғашқы айтарым:

– Әке, маған ақыл айтыңызшы, – деген өтінішім ғана болар еді.

Қастер Сарқытқан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір