Коронавирусқа қарсы вакцинация азаматтардың келісімімен ерікті түрде жасалады және 18 жасқа толмаған балаларға екпе салынбайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
"Халық денсаулығы туралы" Кодекстің 77-бабы негізінде кез келген екпе, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтар вакцинациядан жазбаша түрде бас тартуға құқылы.
18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды" делінген министрлік таратқан хабарламада.
Коронавирусқа қарсы вакцинация эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі.
1 ақпанда басталатын бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызметтің медицина қызметкерлері вакцинациялана алады.
1 наурызда басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-дың, педагогтер, медициналық қызмет қызметкерлері қамтылады.
1 сәуірден бастап үшінші кезеңде: мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтарына, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе салынады.
Иммундау алдында:
- егу салдыратын адамға профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен кері әсері, сондай-ақ егуден бас тарту салдары туралы толық ақпарат беріледі;
- ерікті түрде ақпараттандырылған келісім немесе бас тарту қағазы ресімделеді (ҚР ДСМ 13.06.2018 ж. № 361 бұйрығымен бекітілген "Халыққа профилактикалық егулерді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" БК 1-қосымшасына сәйкес).
- әдістемелік ұсынымдарға 2-қосымшаға сәйкес егілгендерге сауалнама жүргізіледі.
Әйелдерге вакцина салмас бұрын жүкті емес пе, бала емізбей ме, соны анықтау қажет.
Пікір қалдыру