• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:31:44
Алматы
+35°

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы – қазақ батырларының жаугершілікте қолданған мықты ұрыс тәсілдерінің бірі. Бұл соғыс тактикасын қазақ батырларынан 200-300 жылдан кейін, Француз әскерлері дүниежүзілік бірінші соғыста қолданғаны туралы деректер бар. Соғыс тәсілі Еуропа соғыс тарихындағы "таңғаларлық ұрыс тактикаларының бірі" ретінде жазылған. Тәсіл қазақ-жоңғар соғысында қолданылғаны туралы да қазақ шежірелерінде, тарихи деректерде, дастандарда, романдарда деректер бар. Десе де соғыс тәсілі туралы білетін жандар өте аз.

Тактика – қазақ жаужүрек батырларының ең соңғы қолданатын ұрыс тәсілі болған. Бейне өзін құрбан етіп, жауды жарып жіберетін соңғы жауынгер сияқты ақырғы қаһармандық, жанкештілік ұрыс тәсілі ретінде қолданылған. Қаптаған қалың жау басып келгенде, жанын пида еткен қазақ батырлары елін алға жылжытып жіберіп, қара құрым жаудың екпінін бірнеше күн бойы кідірту үшін тосқауылда қалып, жылқының ішін жарып, қуыс кеудесін қалқан етіп, басып келген жаумен бір-бірлеп ұрысқан.

Өзгенің қаһармандық тәсіліне, ұрыс әдісіне таңдай қаққанша, қазақ батырлары қолданған осындай тарихи тапқыр тактикаларды әспеттеп, еске алып, жазып, зерттеп, тіпті, жаугершілік киноларда өзіміздің төл соғыс тәсілдерімізді көрсету абзал деп санаған ниетіміз осы мақаланы жазуға түрткі болды. Мысалы, "Томирис", "Көшпенділер", "Қазақ хандығы" сияқты фильмдерде жаттанды, шетелден көшірілген ұрыс қимылдары мен эпизодтарды қолданғанша, осындай өзіміздің қаһармандық ұрыс тактикаларын қосса, құба-құп болар еді.

Бір қызығы, Голливуд тарихи оқиға желісімен түсірген "Аман қалған" (Выживший) фильмінде осындай қорғану тәсілі көрсетілген. 1823 жылы Миссури территориясындағы тәуекелшіл адам Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғалардан шабыт алған америкалық жазушы Майкл Панке 2002 жылы "Аман қалған" (Выживший) деген роман жазды. Гласс қолданған жылқының ішін жарып қорғану тәсілі авторды роман жазуға итермелеген.  Сондықтан оқиға романға ерекше бөлім ретінде қосылған. 2015 жылы романды арқау етіп, Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. 88-ші мәрте ұйымдастырылған Оскар сыйлығының 12 номинациясына ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда жылқының ішін жару тактикасы көрсетілген.

Шын мәнінде, мұндай таңғаларлық және тапқыр ұрыс тәсілін олардан бұрын біздің ата-бабаларымыз қолданған болса да, оны әліге әспеттей алмай келе жатқанымыз өкіншті.

Тарихи деректер, романдар, дастандар және шежірелер бойынша, 1718 жылдарда қалың қалмақ қолы басып кірген кезде Қазақ даласының шығысын күзеткен елдің батырлары Құдайназар Тәңірбердіұлы бастаған жүз сарбаз жылқының ішін жарып соғысу тактикасын қолданып, шайқасқаны айтылады.

Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры, тарихшы Жамбыл Артықбаевтың тарихи деректеме кітабында Құдайназар батырдың осы ерлігі туралы жазылған. Тарихшы Еркебай Қабылжан "Қызай елі тарихи деректері" деп аталатын деректер жинағында да Құдайназар Тәңірбердіұлының "жылқының ішін жарып соғысқаны" баяндалады. Досбер Саурықұлы да (1894-1971) "Есенгелді батыр" дастанында Құдайназар батырдың шайқасын жазады. Қабдеш Жұмаділұлының "Дарабоз" романында да осы жанкешті соғыс туралы айтылып, Құдайназар жүз сарбазбен ойрат қолының алдын тосқаны баяндалады. Романға сәйкес, Құдайназардың атқан оғы жерге түспейтін мерген қызы Күлайым әкесін қимай, көшті алға жылжытып жіберіп, жаудың алдын тосуға бірге қалып, жүз батырмен бірге ерлікпен қаза тапқан.

Доспер Саурықұлы тарихи дастанында Ит ішпес Алакөлдегі Қазақтың Қалмақпен соғысын суреттей отырып Құдайназар батырды атайды және оның тоғыз ағайынды екенін жазып кетеді. Жер қайысқан қалың қолмен ойрат әскерлері шабуылдап келгенде, көшті алға жылжытып жіберіп, жанын пида етіп, тосқауылда тоғыз ағайындыдан Құдайназар батыр қалады. Қасына жүз сарбазды іріктеп алып жаудың алдын тосады:

"Айтайын Құдайназар батырды енді,

Ағасын: – Бері кел, – деп, шақырды енді.

Құттымбет тоғызының ең үлкені,

Салады ағасына ақылды енді.

– Тоғыздан мен шығайын жан пидаға,

Қараңыз, бала мен, сіз, қатынға енді, – деп жырлайды Саурықұлы.

Дастанда Құдайназардың  жастай үш ұлы, бой жеткен бір қызы бар екені айтылады.

Шежіреге сүйеніп, қыздың атқан оғы жерге түспейтін мерген болғанын жеткізеді.

Шаруасын басқарғаны сол қыз еді. 

Өзінде білім де бар, өнер де бар, 

мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді, – деп жазады Досбер Саурықұлы.

Әкесімен бірге "шолпандай таңғы туған жұлдыз" сол қызы қалып, қалың жаудың алдын бөгейді.

Сонымен жауға қарсы садақ атты,

паналап өлген аттың кеудесінде, – деп жырланады Дастанда.

Оқиға 1718 жылдар шамасы болған делінеді. 

1999 жылы басылып шыққан Еркебай Қабылжанның тарихи деректемелер жинағында "қалың жаудың қолымен неше күн неше түн айқасып, жаудың алдын тосып, кезеңнен асырмайды. Ел ұзап көше береді. Бірақ астындағы аттарына оқ тиіп, бекініс қалқа болмағанда өлген аттың ішін жарып жіберіп, ішек қарнын алып тастап, қызы екеуі аттың қуыс кеудесіне жасырынып, жебе атып, жауды ілгері бастырмайды. Бірақ соңында оқтары таусылып ерлікпен құрбан болады. Құдайназардың жалғыз қызы да асқан батыр еді. Қаршадайынан әкесіне еріп жүріп, құралайды көзге атар мерген болған. Аспанға лақтырған бөрікті жерге түсірмей садақпен дәл тигізетін, ұшып бара жатқан торғайды сығаламай атып түсіретін қол мерген еді. Осының алдындағы бір шайқаста Құдайназардың қызы шапқыншылардың құз басына бекінген 15 мергенін атып түсіріп, өздеріне жол ашқан еді, – деп жазылады.

Қабдеш Жұмаділовтің "Дарабоз" романында Жоңғар қақпасынан жер қайысқан қалмақ қолы шабуылдағаны былай баяндалады:

"Жоңғар қақпасы арқылы Жетісуға ойрат қолы басып кіргенде, осы Есенгелді жеті-сегіздегі бала екен. Жау әскері жақындап қалғанда, әкесі Қудайназар батыр қалың елді мал-жан, бала-шағасымен Арқаға қарай көшіріп жіберіп, өзі жүз жігітпен қалмақтардың жолын бөгей түру үшін асуды күзетіп қалған көрінеді. Әйелі кішкентай екі ұлын бір атқа міңгестіріп, көшпен бірге кете барады да, бойжеткен жалғыз қызы Күлайым әкесін қиып кете алмай, тосқауыл топтың қасында қалады. Күлайым атқан оғы жерге түспейтін асқан мерген екен. Қиын асудың шығар аузына бекінген жүз жігіт қара құрым қалмақты екі күн бойы бері өткізбей, арыстанша алысады. Жақын келгенін жебеге түйреп, алыста сай табанында жүргендеріне тас домалатып, жау әскерін көп шығынға ұшыратады. Ақыры оқтары таусылып, әбден титықтап қалжыраған кезде ғана асуды қолдан беруге мәжбүр болады.

Ең аяныштысы — жаңағы жүз жігіттің бірде-бірі тірі қалмапты. Не бас сауғалап қашпаған. Бәрі де туған жер, ата қоныстары үшін жан қиған... Арада біраз уақыт өткенде, үріккен елден адамдар шығып, қалғандардың хабарын білейік деп қайта оралғанда, шетінен жебеге түйреліп жайрап жатқан жігіттерді көреді... Алдымен Құдайназар батырдың қасындағы қызына оқ тисе керек. Қайран ер қызын қорғаштап орнынан көтеріле бергенде, өзінің де ту сыртынан ажал жебесі қадалып, екеуі құшақтасқан күйі жан үзіпті. Барғандар сол жерде әрқайсысына жеке-жеке қабір қазып, құрбандарды арулап көміпті. Көргендердің айтуынша, "Қызай қорымы" аталатын тас бейіттер сол маңда әлі де тұрған көрінеді.

Осы оқиғаны Қабанбайға ана бір жылы Есенгелдінің өзі айтып берген-ді. Көкірегі қарс айрыла, көзіне жас ала отырып әңгімелеген. Не үшін екен, осы әңгімеден кейін ол Есенгелдіні бұрынғыдан ары жан тартып, жақсы көріп кетті. Қазір ойлап отырса, екеуінің мұңы бір екен ғой. Азаттық үшін алысып, жау қолында қаза тапқан әкелер, қыршын кеткен апалар мен ағалар... Бұл тірлікте туған жерімізді қайта барып көрсек-ау деген ортақ арман бұларды қатты жақындастырып жіберген. Содан бері Есенгелдіні азаттық жолында ақырына дейін алысатын, жауды жеңбей кегі бітпейтін нағыз сенімді серік, қайтпас қайсар іні деп танып еді…,, – деп жазылады "Дарабоз" романында Құдайназар батырдың жанкешті шайқасы туралы.

Осылайша, Құдайназар батыр мен қызы және жүз сарбаз елді аман алып қалады. Батырдың көшпен бірге кетіп, тірі қалған балалары тарихта "үш жетім" деп аталады. Үш жетімнің бірін көтеріп, бірін жетектеп, анасы балаларының нағашысы Сарыүйсінді паналайды. Кейін үш жетім еліне оралғанда, елді аман алып қалған батырдың ұрпағын көкке көтеріп, ат шаптырып, той жасайды. Осы тойдан кейін, үші жетімнің бірі, әйгілі батыр Есенгелді мен Қабанбай батырдың достығы басталады. Дарабоз батыр Қабанбай Есенгелдіні қазақтың кемеңгер ханы Абылаймен таныстырады. Осыдан кейінгі тарихи оқиғалардың бәрінде Қабанбай мен Есенгелді батыр бірге жүреді. Әке кегі жүрегіне тас болып қатқан Есенгелді батыр Қабанбаймен бірге талай жеңісті жорықтар жасайды. Дарабоз батырмен бірге Хан Абылайдың орда жиналыстарына шақырылады.  Тарихи шешімдер жасауға қатысады, елшілік қызметтер атқарады.

Доспер Саурықұлы дастанында өзінің бабасы Құдайназардың ұлы Есенкелдіге қатысты бұл оқиғаны ерекше шабыттанып жырлайды:

"Үйіне қайтқанында ер Қабанбай,

Бабамды Қайып би мен шақырды енді.

Барады ата ұлынан жұрт бастығы,

Абылай елді жиып жатыр, – дейді.

Қалайша жаудан аман ел қорғаймыз,

Сол жерде қорытамыз ақыл, – дейді.

 

Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың жазуынша, сол кезде Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің қазағының қарулы азаматын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХVІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-ші жылдардың басы болатын.  Қазақтың шежірелерінде бұл заманды:  "Садақ белде дап-даяр, найза қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда" деп суреттейді. Құдайназардың ұлы, Қабанбайдың замандас, адал досы Есенгелді батыр бастаған "Қызай елінің батырлары Абылай ордасының шығыстан қорғайтын қалқаны қызметін атқарушы  еді" деп жазады Ж. Артықбаев.

Хан Абылайдың орда жиналыстарына жиі шақырылуы Есенгелдіні Абылай ханға байланысты ірі тарихи оқиғаларға қатысуға мүмкіндік береді.

Бейджіңде басылып шыққан "Қазақ тарихындағы әйгілі адамдары" атты кітаптағы деректерге сәйкес, 1741 жылы Абылай сұлтан  Қалдан-Серен қолына қапыда тұтқынға түскенде оны құтқарушылардың бірі Құдайназардың ұлы Есенкелді батыр екені айтылады. 

Абылайды құтқаруға қара қалмақ ордасына барған  Есенгелді Қалдан Серенге:

Қан майданда өлмесе,

Ерге обал болмай ма?

Ұйықтап жатқан барысқа,

Шыбын да келіп қонбай ма? деп сөзбен жеңген-ды (Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар. Есенгелді батыр. Бейжің "Ұлттар баспасы", 25 бет.)

1756 жылы Жоңғариядан Әмірсана бастаған бір топ қалмақ бекзадаларының көмек сұрап қазақ жеріне келгенде, Абылай ордасының тапсырмасы бойынша Әмірсанаға Есенкелді батырлар қомқорлық жасаған.  

Әмірсана жанында Дауаш деген батырымен бірге қазақтардың ішіне қашып келеді. Абылай хан Әмірсананы Есенгелдіге тапсырады. Әмірсана Есенгелді ауылында екі жыл тұрады. Осы кезде Әмірсана қотыр болып қатты ауырып, қанша дауаланса да ем болмайды. Сонда Есенгелді өзінің көк биесін сойып, соның терісіне салып, Әмірсананы сақайтады. Ауырудан айыққан Әмірсана Есенгелдімен құшақтасып дос болады. Сол достықтың құрметіне Есенгелді батыр өзінің баласына Әмірсана деп ат қойған. Есенгелдінің баласы Әмірсанадан тараған ауыл қазір рулы ел" делінеді ("Қызай тарихына қатысты деректер" 16-бет).

Ал Қабанбай мен Есенгелдінің достығының айтпай кетпеуге болмайтын бір тұсы дарабоз батырдың Есенгелдінің баласына өзінің атын қоюы. Қабанбай бастаған батыр, билер Құдайназардың ұлының үйінде жер дауын шешіп отырған күні Есенгелді батырдың әйелі босанып ұл табады. Қабанбайға Есенгелді өз баласына ат қоюын қолқалайды.

Бұл оқиға туралы "Дарабоз" романында былай деп суреттейді:

— Солай ма? Апыр-ай, ә... бұл жігітке — кім деп ат қойсақ екен?!  — Қабанбай жөпелдемеде не айтарын білмей, абдырап қалды. Әркім әр түрлі кеңес беріп жатыр. Төбет би:

— Осы балаға өз атынды қойсаң қайтеді? Кейін еске алып, айта жүргенге жақсы! — деп еді, Боранбай отырып:

— Әй, өз атың ауырлау болады ғой. Кішкентай неме көтере алмай жүрмесе! — деп сақтық білдірді.

Бұл кезде Қабанбай орнынан сәл көтеріліп, жас баланы қолына алған болатын.

— Осы балаға ықыласым түсіп тұр. Өз атымды-ақ қояйын, — деді Есенгелдіге қарап. — Менің атымды көтере алса — Қабанбай болар. Көтере алмаса — Жаманбай болар! — деп жұртты бір күлдіріп алды да, нәрестенің құлағына еңкейіп тұрып: «сенің атың — Қабанбай!» — деп үш рет айғайлады.

Көпшілік жан-жақтан жамырай қолпаштап:

— Дәу жігіт болсын!

— Қабекең секілді бұл да елін қорғайтын аруақты батыр болып өссін!

— Тіпті осы атты аман-есен көтеріп жүрудің өзі бір қазаққа аз олжа емес қой! — десіп гу-гу етеді...

Сонымен, тағы бір Қабанбай келді дүниеге. Ол үлкен Қабанбайдың орнын не басар, не баспас, әйтеуір, тірі жүрсін деп тілесті үйдегілер... Бірақ күндердің күнінде осы құртақандай сәбиден талай ұрпақ өніп-өсерін, олардың Қызай ішінде Қабанбай деген белгілі руға айналып, арада екі жүз жыл өткенде сол рудан өз елінің азаттығы үшін ақтық деміне дейін айқасар нағыз ерлердің шығатынын онда ешкім болжаған жоқ еді" деп жазылады "Дарабоз" романында.  

"Қазақ шежіресі" кітабында бұл оқиға былайша суреттеледі:  "Есенгелдінің бір баласының аты Қабанбай. Қабанбай мен Есенгелді дос болған. Есенгелдінің ауылына Қабанбай қонақ болып отырғанда бәйбішесі босанып, соның атын Қабанбайға қойыңыз дегенде, "Көтере алса Қабанбай болар, Көтере алмаса Жаманбай болар" деп Қабанбай өз атын қойған. Осы Қабанбай руынан кейін батыр көп шыққан. Соның бірі Атақты Акбар мен Сейіт" (Қазақ шежіресі. Шыңжаң жастар-өрендер баспасы, 1996 жыл. 275 бет. Нұрболат Оспанұлының шежіресі). Мұндағы Акбар мен Сейт Шығыс Түркістанадғы азаттық көтерілісінің алғашқы оғын атқан.  Әйгілі Есбосын батыр, оның ұлы Әкбар, Науан, немере інісі Сейіттер Шығыс Түркістандғы азаттық жолын ашқандар.

18 ғасырда тыныш жатқан Қазақ даласына жоңғардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасап, басып кіріп, қазақ халқын қырғынға ұшыратты. Қазақ халқының басына бұрын соңды болмаған зобалаң күн туып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласты. Жоңғарлар Қазақ жерінің территориясын дерліктей басып алды. Үдере шегінген қазақтар Ходжент, Самарқан, Бұқара иеліктеріне дейін өтті. «Елім-айлаған» халықтың көбі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупі туды. Кейбір рулар шапқыншылықта жойылып кетті. Ал жойылмай қалған қазақ ру-тайпаларының Құдайназар сияқты батырлары жандарын пида етіп, елін алға жіберіп, әр түрлі жанкешті ұрыс тәсілдерін қолданып, елін аман алып қалды.

Сол батырларының арқасында аман қалған рулар мен тайпалар кейінірек есін жиып, Есенгелді сияқты ержеткен жас батырлар қайта атқа мініп, Хан Абылайдың туының астына жиналып, жауға қарсы шауып, ел кегін алды, ата қонысын қайтарды.

Бүгінгі ел мен жер бізге аманат болған бейбіт заманда жаугершілікте жанын пида еткен қазақ батырларының жанкешті ұрыс тәсілдерін, әсіресе, осы мақалада айтып кеткендей, жылқының ішін жарып соғысу тактикалары сияқты соғыс тәсілдерін білу, әспеттеу, зерттеу, әрине, біздің міндетіміз. Қазақ-Жоңғар соғысынан екі-үш ғасырдан соң дүниежүзілік бірінші соғыста бұл тактиканың қоланылғанын жазып, қаттаған француздар сияқты болмасақ та немесе романына, голливудтық фильміне қосқан америкалықтар сияқты болмасақ та, еуропалықтардың өзі жоғары бағалаған «таңғаларлық ұрыс тактикаларымызды» білсек, зерттесек, қазбаласақ, насихаттасақ, реті келгенде тарихи фильмдерімізде көрініс тапса деген арман мен үміт.

Талғар Дәлелғазы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір