• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:37:14
Алматы
+35°

Жер жәннаты Жетісу тамылжыған жаз кезінде ғана емес, қыста да табиғатымен көз тартады. Сөзімізге әлеуметтік желіге жүктеліп жатқан  1000-нан аса әдемі көріністегі суреттер мен пікірлер дәлел. Көктемнің келуіне тұп-тұра бір ай қалды. Ендеше сіздер де келесі нысандарға барып, қыстың қызығын қызықтап үлгеріп қалыңыз.

1. Мұзтау. Қыс мезгілі бастала салысымен, барлығы осында ағылады. Ол – жер астынан пайда болған шағын мұзтау. Арнайы құбырдан атқылап тұрған су арқылы пайда болған. Зеңгір көкке атқылаған судың ұзындығы 14 метрге жетеді. Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады. Мұнда күндіз де, түнде де келушілер көп.

Жетісудың жеті кереметі

2. Қапшағай  су қоймасы туристер үшін жазда таптырмас орын болатын. Ал, биылғы қыста ерекше көрініспен көпті таңқалдырды. Су жағасына түскен  үлкен мұз кесектері тамаша табиғатты айшықтай түседі. Әсіресе, осы жерге суретке түсіп, желіге жүктегендердің саны көп. Айрықша мұз қырқалар талай адамның қызығушылығын оятады.

Жетісудың жеті кереметі

3. Көрікті Көлсайды білмейтіндер  кемде-кем шығар. Алайда барлығы қыстағы оның көрінісіне куә болған жоқ. Көлде пайда болған көк мұз, айналаны қар басқан қалың орман,  таза ауа. Табиғат анадан бойыңызға қуат жинап қайтасыз.

Жетісудың жеті кереметі

4.Талайды тамсандырған Түрген шатқалының да қысқы сұлулығы ерекше. Нулы орманы, мамыққа оранған айналасы, биік-биік шоқылары көрген көзді сүйсіндіреді. Шатқал аумағында 7 сарқырама орналасқан. Адамдардың көп баратыны – “Аюлы” және “Тескенсу”. Алғашқы сарқырама биіктігі 30 метр. Тап осы жерде “Сұлулық көзі” атты мұзды бұлақ орналасқан.

Жетісудың жеті кереметі

5. Шегесіз тұрғызылған шежірелі ағаш мешіт. Жаркент мешіті – қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат. Оның салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтті. Сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған. Тарихи көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында.  Жалпы биіктігі 14,5 м, мұнара биіктігі 19 метр. Алланың екінші үйі саналған мешітке арнайы келіп көрушілер көп. Тілек тілеп,  ниет қылып, дұға етіп жатады. Өз кезегінде бұл жер тағзым орнына айналған.

Жетісудың жеті кереметі

6. Қора шатқалы — қазіргі таңда Жетісу Алатауындағы ең танымал шатқал болып саналады. Ол  еңдік бағытта жайылып, 70 шақырымға созылып жатыр. Қора шатқалы бірқалыпты тереңдікте орналасқан. Төменгі ағыста оның тереңдігі 700-800 метрге жетеді.  Асқар шыңмен астасқан сұлулықты қыста осы жерден таба аласыз.

Жетісудың жеті кереметі

7.  Сарқандағы Шымбұлақ. Тау-шаңғы базасы Сарқан ауданының Черкас ауылында орналасқан. Кешендегі шаңғы жолағының ұзындығы 735 метр. Сондай-ақ, мұз айдындағы сырғанақты ұнататындар үшін арнайы орын да қарастырылған. Ал, ересектер мен балалар тюбинг, сноубордпен биіктен сырғанауға мүмкіндігі бар.

Жетісудың жеті кереметі

– Туристерге берілетін қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтардың барлығы Швейцариядан әкелінген. Жалпы 2019-2020 жылдар аралығында қысқы маусымда туристер саны 186,8 мың адамға жетті. Ал, жыл басынан 196 000-нан аса адам Жетісудың табиғатын тамашалап қайтқан. Бұл ретте ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 2779,8 млн теңгені көрсетеді. Аймақта туризмді түлету бастамасында Алматы тау кластерінің жол карталары әзірленген болатын. Бүгінгі күні тау кластерінің аумағында  25 аспалы жол  және 40 километрден астам шаңғы трассалары жұмыс істейді. Аталған бағыттағы шараларды әлі де жалғастырамыз, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жетісу 7 кереметі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір