• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:44:10
Алматы
+12°

КТК арнасынан берілетін "Астарлы ақиқат" бағдарламасы соңғы кездері кілең  халық арасындағы азғындықты "жарнамалауға" көшкендей. Бесіктен белі шықпай жатып, бесік тербеткен Нәзакаттың жырын жеті серияға созғаны аздай, енді келіп келінімен әуейі болған қайын атаны көрсетіп, қоғамды дүр сілкіндірді. Бүгінде осы төңіректе пікірлер екіге жарылуда: бірі – "ұлттық құндылықтарымызға кір келтіретін бұл бағдарлама жабылсын", "азғын әрекет жайлы жарияға жар салатын ақпараттар таратылмасын" дейді. Ал енді бірі – "бағдарлама ел ішіндегі бар мәселені көтеріп отыр" деген пікірде. Қамшы тілшісі осы тақырып аясында журналист пен психолог, әлеуметтанушы секілді мамандардың пікірін сұрап көрді.

Арман Сқабылұлы

Журналист Арман Сқабылұлы миллиондаған жұрттың ішіндегі біреуінде ғана кездесетін мұндай сұмдық оқиғаларды халыққа жария етуге болмайды деп дабыл қағуда. 

– Мұндай жағдайды көпшіліктің алдына шығармау керек. Шынын айтқанда, бір ғана отбасының басындағы мұндай арсыз қылықты бүкіл халықтың басына түскен нәрсе сияқты етіп көрсетуге болмайды. Мысалы, Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың 50-60-жылдары Қодар мен Қамқаның басындағы оқиғаны білмеді емес, білді. Біреулер оны "Әуезов социалистік реализм кезінде Құнанбайды жаман етіп көрсету үшін осындай тәсілге барды", – дейді. Меніңше, ол кісі халыққа мұндай жиіркенішті әрекетті көрсеткісі келген жоқ.

Мен о бастан "Құнанбай" фильмі шыққан кезде Қодар мен Қамқа оқиғасының көрсетілуіне қарсы болдым. Мұсылман емес елдерде осыған ұқсас дүниелер ашық айтыла беретін шығар. Бірақ солардың өзі мұндай ақпараттарға жол бермейді.

Сондай-ақ М. Шолоховтың "Тынық Донында" Дарья деген келін бар. Күйеуі Григорий І дүниежүзілік соғысқа кеткенде, соған ерегіскен ол "бірдеңе бүлдіргісі" келеді. Бірақ қайын атасы бас тартады. Бұл – Шолоховтың ерлігі. Сол арқылы ол казак деген халықтың лас әрекетке бармайтынын көрсеткен. Әуезов те ол оқиғаны баяндағысы келген жоқ. Ендеше, неге біздікілер бүгінде соны көрсетіп жатыр? Миым жетпейді, дейді ол. 

Журналист бұл мәселеге ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевадан бастап кірісуі керек екенін айтты.

– Бұл бағдарламаны ақтап жатқандар "Бағдарлама ұнамаса, неге көресіздер? Ешкім көрмесе, бағдарлама өзі-ақ жабылады" дейді. Мұнымен келіспеймін. Болмайды! Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевадан бастап бұл мәселеге кірісуі керек. Жоғары жақта халықтың жанын, тәнін, жүрегін түсінетін адамдар отыруы керек.

Өзім министрлікке кіріп шықтым. Бірақ менің айтқандарымды түсінетін бір адам көрген жоқпын. Балаеваның өзімен кездескенім бар. Бұл мәселені министр түсінуі мүмкін деп ойлаймын. Бірақ әлі де күмәнім бар. Себебі "Қалаулымға" байланысты хат жазып көрдік. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, қазір ол атауын өзгертіп қайта дүрілдетіп жатыр. Бұл жерде бір ғана нәрсе бар, ол – қалай болған күнде де халықтың тілін, дінін, ділін құрту ғана.

Азғын әрекеттер "Құнанбай" фильмінде, одан кейін "Абай" сериалында да болды. Мұндай сорақылық қазақ емес, басқа ұлттың отбасында болса да "Астарлы ақиқатқа" шығарды. Бәріміз осы нәрсеге кірісіп кетейік онда! Қайын аталар келініне шапсын, "қойын атаға" айналсын! Осы нәрселерге алып келе жатқан –  сасық идеология. Ендеше, неге мен оны қолдауым керек?! – дейді Арман Сқабылұлы.

Ришат Асқарбекұлы

Журналист Ришат Асқарбекұлы бағдарлама азғындықты насихаттап жүр, сондықтан "Астарлы ақиқат" бағдарламасы жабылсын деп бір-ақ кесіп айтты. 

– Бұл бағдарлама азғындықты тек көрсетіп қоймай, шын мәнінде, оны насихаттап отыр. Кейбіреулер "мұндай мәселені қоғамға көрсетпесе, шешілмейді. Жергілікті әкімдіктің идеологиясы ақсап тұрғанынан, халықпен жұмыс істелмей жатқанының кесірінен осындай мәселелер жасырын болып қалды. Мұны журналистер қоғамға шығарғаннан кейін барып, әкімдіктерге жетіп жатыр" дейді. Ол да дұрыс шығар. Бірақ менің субъективті пікірім: бағдарламаны мәселенің шешімін іздеу үшін жасайды дегенге сенбеймін. Себебі қазір, жасыратыны жоқ, ресурстар оқырманын көбейту үшін жұмыс істейді. Кейбіреулер жеке ютуб канал ашып, тіпті интимдік тұрғыдағы әңгімелерді де айтып жүр. Халыққа осы жағы өтімді деп ойлайтындар көп. Бүгінгі медианың келбеті, бағыты сондай болғаннан кейін, айыптауға да болмас. Десе де, біздің ұлттық намысымыз, өзімізге тән ерекшеліктеріміз бар. Сондықтан осындай мәселені қоғамға шығарып көрсетуді жиіркенішті деп қабылдаймын, – дейді ол.

Ришат Асқарбекұлы да Арман Сқабылұлы секілді бір ғана отбасының деңгейі "белден төмен" түсіп кеткенін бүкіл халыққа тән секілді көрсетудің қажеті жоқ деген пікірде.

– Бағдарламаны негізі көрмейтін едім. Әлеуметтік желіде талқыланып жатқан соң, арнайы ашып қарадым. Шын мәнінде, өте жиіркенішті, тіпті жүрегім айнығанын жасыра алмаймын. Бағдарламаны жасап отырған жүргізуші, редакторлар сол жағын қаперден шығарып алғаны өте өкінішті. Қазақтың отбасы құндылығын қай жерде де мақтанып айтып жүреміз ғой. Басқалардан сол жағынан ерекшеленеміз. 300 жылдан бері бірге тұрып келе жатқан ұлттар мен көрші елден келген өзге ұлттың өкілдеріне қарағанда, біз, қазақ әлі де болса, қан тазалығы мен тектілік сынды құндылықтар жөнінен өзгелерден оқ бойы озық тұрғанымыз анық.

Ал бағдарламадағы басқа ұлттың адамдары екені көрініп тұр. Біздің де арамызда мұндай оқиғалар бар шығар. Бірақ соны әшкерелеп, жеккөрінішті етіп, басқаларға күлкі қылып көрсетіп отырғанына қатты уайымдадым, – дейді Ришат Асқарбекұлы.

Күлмаш Елшібаева

Психолог Күлмаш Елшібаева бағдарламада көтерілген мәселелер қоғамда бар екенін айтты. 

– Бағдарламада көтерілген тақырып – қоғамда қордаланған проблема. "Астарлы ақиқатты" ол үшін айыптамау керек, себебі ол тек айнаның рөлін ойнап отыр. Яғни, ел ішіндегі ең бір өзекті мәселелерді көтеру арқылы халыққа ой салатын секілді. Әйтсе де таяқтың екі ұшы барын ескерсек, бұл бір жағынан мұндай азғындыққа жарнама секілді көрінуі де мүмкін. Халық көріп, "ой, сұмдық-ай!" деп жатыр. Бұрын суицид те, мұндай сұмдықтар да болды, бірақ ашық айтылмайтын, – дейді ол.

Психолог мәселенің түп төркінін отбасында әр адам өзінің әлеуметтік рөлін дұрыс атқармай отырғанынан көреді. 

– "Құнажын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" деген мәтел бар. Азғындық – келіннің отбасындағы тәрбиенің дұрыс еместігінен болып тұр. Тек бұл отбасы ғана емес, бүгінде көпшілік әкені сыйлаудан, пікірін тыңдаудан қалдық. Өзім де анамын, алайда мен тап мына оқиғада аналарды да кінәлар едім. Себебі "Ана бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді" дейді. Түсіне білген адамға осы сөзде қанша мағына жатыр. Мен өз басым бағдарламаға шыққан әйелден психологиялық тұрақтылықты байқаған жоқпын. Отбасында әркім өзінің әлеуметтік рөлін атқаруы керек дегенім сол: мына жерде ана дұрыс болмай тұр. Отағасы да соған ерегісіп, соның кесірі, міне, неге ұласып отыр, – дейді ол.

Салтанат Оразбекова

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова мұндай азғындық әрекеттерге тұрмыстың таршылығын сылтау етуге болмайтынын айтты.

– Біздің қоғамда отбасы институты белгілі бір функцияларын жоғалтып алған секілді. Дәстүрлі тәрбиемізден алыстап бара жатқандаймыз. Бар мәселе осында, тұрмыстық жағдайдың төмендігінде тұрған ештеңе де жоқ.  Сондықтан осы нәрсені алға  тартып, адамдардың азғындық әрекетін ақтап алудың керегі жоқ. Мұндай оқиғалар алдымен психологияға, содан соң жан-жақтан алынған ақпараттарға байланысты деп ойлаймын, – дейді ол.

Осындай екіге жарылған қоғам пікірін тыңдап алған соң, Қамшы тілшісі сыңаржақ пікір болып қалмас үшін "Астарлы ақиқат" бағдарламасының продюсері Сандуғаш Есенбековаға қоңырау шалып, кейіпкердің қалай табылғанын сұрауды жөн көрді. Себебі ел ішінде "кейіпкерлерге студияға шыққаны үшін ақша төлеген шығар, әйтпесе қалай өз абыройларын төгіп, осындайды ашып айтады дейсің?" деген пікір естіліп қалып жатты. 

Продюсер Сандуғаш Есенбекова

– Редакцияға түрлі адамдар проблемасын айтып хабарласады. Біз оларға ойлануға уақыт береміз. Дәл осы отбасы мәселелерін айтып хабарласқан соң, біз бірден елп етіп, эфирге шығара салмай, оларға ойлануға 2 жарым ай уақыт бердік. Өздері қоймай хабарласып, мәселесін ортақ талқыға салып, шешіп беруімізді  сұрады. Біз сосын ғана астарын ақтарып, ақиқатқа жеттік, – деді продюсер қысқа ғана. 

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Астарлы ақиқат

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір