• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 04:11:22
Алматы
+12°

24 Мамыр, 2012 NEWS

Ерлан Қарин: Қазаққа осында көшуге жағдай жасаған – Елбасы

Алты Алаштың пікірін бір арнаға тоғыстыруды мақсат еткен «Қамшының»  кезекті тізгінін   саясаткер  Ерлан Қарин мырзаға берген едік. Ерлан мырза қызмет...

Алты Алаштың пікірін бір арнаға тоғыстыруды мақсат еткен «Қамшының»  кезекті тізгінін   саясаткер  Ерлан Қарин мырзаға берген едік. Ерлан мырза қызмет бабындағы қарбаластығына қарамай, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісінше жауап берді. Билік пен халықтың ортасындағы "Алтын көпір" болған азаматымызға айтар алғысымыз шексіз! Бұл қадам жұмсақ креслода отырған  көкелерімізге үлгі болса екен деген тілегіміз бар.

Оралмандарға демеушілік «Президенттік Қор» құру туралы

ey hazah:

Сізге қояр сұрағым,: көші-қонды қаржылай толықтыратын, демеу болатын бір қор ашсаңыздар, көп болып көмек атар едік, ұлтын сүйетін қазақтар көп қой , оларда демеуші болудан бас тартпайды деп сенемін. Егер лайықты ақша жиналып жатса, бірінші кезекте чиңхайдағы (ішкі қытайдағы бір өлке) махай деп аталатын жердегі 110 қазақ отбасын көшіріп алсаңыздар жақсы болар еді, әйтпесе олар алдағы он жылда қазақылықтан айырылып қалады. Екінші мәселе, «документ» дейтін көп қағаздарды қысқартсаңыздар… оралмандар алғалы емес бергелі барады соған сеніңіздер . Олар бұл жақтағы сатқан үйінің ақшасымен атамекеннен бір үй ала алады, маселе тиісті жерге орналастырылмаудан туындайды. Шындығында, оралмандарға ақша берудің түк те қажеті жоқ. Тек лайықты жерге қоныстанса ғана болғаны.

Жауабы: осы секілді қор құру мемлекет тарапынан, Үкімет тарапынан ешқандай да жарлық, өкім қабылдауды талап етпейтін азаматтардың өз еркімен жасалуы мүмкін іс деп ойлаймын. Мәселе қор құрылымында емес шығар, түрлі кәсіпкерлердің, басқа да азаматтардың осындай мәселелер төңірегінде ұйымдаса алу мүмкіндігі. Егер де белгілі бір кісілер көмек көрсеткісі келіп, сондай мүмкіншілігі бар болатын болса, ешбір партияның да, үкіметтің де қатысуынсыз жүзеге асыруы мүмкін. Ондай азаматтарымыз өздері құрып, өз беттерімен Отанына келе жатқан ағайындарға көмек көрсете алады.

Айдос деген ініңіз:

Кеше «Жас Алаш», «Абай.кз» сайытында Көші-қон туралы президенттік «Қор» құру туралы ұсыныс мақала шықты. Автор мынадай есеп көрсетті:

«Ендi солардың («Forbes Kazakhstan» журналында аты аталған байлардың) әрбiрiнiң қаржысының 0.001 пайызын ғана шотқа салып көрелiк: ең бай адамдардың басында тұрған Владимир Ким, Алиджан Ибрагимов, Рашид Сәрсенов – үшеуiнен 820 миллион доллар түседi екен. Бiр Болат Өтемұратовтың өзiнен 1 млн 600 мың, Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаевтiкiн қоса есептегенде 2 516 000 доллар болады. Ал қалған 44 кiсiден түсетiн қаржы 11 млн 606 мың долларды құрайды. Осының бәрiн қосқанда, 835 млн 722 мың АҚШ доллары болмақ. Мұны мөлшермен әр отбасына 10 мың доллардан деп есептесеңiз, 83 572 шаңырақты көшiрiп алуға кемел жетедi. Демек, Қазақстанның жылына 20 мың отбасына деп ажырататын ақшасынан 4-5 есеге таяу көп қаражат бұл».

Сіз өз басыңыз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз? Егер, «Президенттік Қор» құрылып жатса, ай сайынғы табысыңыздың 0.001 пайызын қандастарыңызға қияр ма едіңіз, Ерлан аға-оу?

Жауабы: «Forbes Kazakhstan» журналында аталған олигархтардың байлықтарының 0,001 пайызын құрайтындай жағдайым да жоқ шығар. Көп кісілердің бірімін. Асып бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ қолда бар мүмкіндігімді, әрине ештеңемді аямаймын.

Көшербай:

Манадан бері байқап отырмын, Сізге қойылған сұрақтарда Көші-қон Қорын құру мәселесі айтылып жатыр. Бұл мәселе баспасөз бетіндеде көтеріліп жатыр. Жә, осы Қорды неге Нұр-Отан партиясының аясында құрып, өзіңіз неге өзі қолға алмасқа?! Сіз осылай ұсыныс жасасаңыз, бұған Елбасы теріс қарай ма?

Жауабы: партия жанынан қандай да бір қор құруға болмайды. Ол сұраққа қатысты заң жағынан шектеулері бар.

 

Оралмандар, көші-қон мәселелеріне қатысты сауалдар

Jangbirshi:

Ассалаумағалейкум Ерлан Қарин мырза! Мен Қытайдағы қандасыңызбын. Қазақ көшінің тоқтауын әркім әртүрлы айтып жүр. Сізше осы қазақ көшінің тоқтауына нақты не себеп болды деп ойлайсыз? Жақынғы жылдардан бері отанына оралған” оралман” ағайынға билік те, жергілікті ағайындар да шекесімен қарайтынды шығарып алды. Мұны қалай ойлайсыз? Дүниежүзіндер көптеген ұлттар бірігу процесін бастан кешіріп жатқанда, біздікі не тірлік

Жауабы: қазақ көшінің тоқтау тенденциясы биыл емес, соңғы 1-2 жылда аса қатты байқалып жатыр. Бұған түрлі себептер бар. Ең алдымен, елімізде миграциялық саясатты іске асыру міндеттері орталықтанбаған, яғни бірқатар министрліктер (Еңбек және әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет министріктері) мен жергілікті атқарушы органдардың арасында бөлінгені келіп жатқан ағайындардың орнығуындағы түрлі қиындықтар туына себеп болды. Осыдан барып ағайындарымыздың қоныс аударуы мен бейімделуімен айналысатын мемлекеттік органдардың қызметін реттеумен айналыстатын арнайы комиссия құру қажеттілігі шығады.

Сондай-ақ көші-қон жайлы заңның кемшіл тұстары, яғни заңға тәуелді актілердің кешіктіріліп қабылдануы да белгілі бір қиындықтар туғызды. Мысалы, Халық миграциясы туралы заң 1997 жылы қабылданғанымен, келген ағайындарымызды көші-қон квотасына қосу ережелері тек 2003 жылы ғана қабылданып, ал оралмандардың бейімделу орталықтарын құру, осы орталықтарға қандастарымызды уақытша орналастыру ережелері тек 2007 жылы қабылданды.

Өзекті проблемалар қатарында Қытайдан келушілерге визаларды рәсімдеу мерзімінің ұзақтығы, мемлекеттік органдар мен ресми ақпараттар қолжетімсіздігі, сонымен бірге репатриация, келген ағайындарымыздың бейімделуі жөніндегі мәселелердің өңірлер мен министрліктердің стратегиялық жоспарларында қамтылмауы, оған қоса зейнет жасындағы ағайындарымыздың Қазақстанда зейнетақы алу мүмкіндігінің жоқтығын атап өтуге болады.

Тағы бір үлкен проблема – осы көші-қонға қатысты түрлі құрылымдарда консулдық қызметтерден бастап, миграциялық полиция құрылымдарына дейін жемқорлықтың орын алуы үлкен кедергі.

Алаш қызы:

Ең алдымен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген ерен еңбегіңізге шын көңіліммен алғыс айтамын! …..өзіңізден сұрайын дегенім: !.

1. Дүниеге тарыдай шашырап, тауқыметты тағдырдың ыстғы мен суығын бастан кешірген Алаш ұрпақтарының басы еш кедергісіз бір жерге қосылатын күн қашан туар деп ойлайсыз?.

2. Дүниежүзы қазақтарының 4-құрылтайында Елбасымыз жастарды көбірек шақыратынын жариялады, бұл бір жақсы іс, әрине жастар Қазақыстанның болашағы. Дегенмен, жастық шақтан өтіңкіреп бара жатыр. Бірақ атамекеннің гүлденіп көркеюі үшін өліп кетуге дайынбыз. Өйткені ұрпақтарымыздың қазақ болып қалуын қалаймыз? Бізге қандай кеңес айтасыз?

3. Қазақ тілі шын мәнінде қашан мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріледі?

4. Дүниедегі бар қазақ көк байрақтың асында жиналса керемет болар еді. Сіз ше, «оралман», «жергілікті» болып бөліну қашан аяқталады? Мұндай кереғарлық қайдан шығып отыр?

5. Сізше оралмандар мәселесіндегі келеңісз істер қашан жақсы жаққа бет алады деп ойлайсыз? Өзіңіз оралмандар туралы, қазақ көші туралы қандай ойларыңыз бар?

Жауабы: Жуырда бір әріптесіммен сұхбаттасқанда айтып кеткенмін, менің жеке көзқарасым бойынша, тіл мәселесінің шешілу көзі – жалпы қазақ саяси элитасының жауапкершілігі мен қазақ қоғамының белсенділігіне барып тіреледі. Бұл – басты 2 фактор. Яғни бір жағынан қазақ саяси элитасының ұлттық мәселелерге қатысты табанды шешімдер мен іс-әрекеттер қабылдауға қабілеттілігіне, ал екінші жақтан зиялы қауымнан бастап, барша қарапайым қазақтардың күнделікті өмірдегі ел, ұлт болашағы секілді мәселелерге қатысты өз жауапкершіліктерін сезіне алатындығында. Мысалы, бір жағынан қазақ тілінің дамуы үшін мемлекеттік деңгейде тағыда белгілі бір алғышарттар жасау болса, екінші жағынан - бұл әрбір отбасында, әрбір ортада сол талаптарды өз-өзімізге қоя отырып, соған жүгіне алуымызға барып тіреледі. Немесе, жалпы айтқанда, негізгі күн тәртібінде тұрған көптеген ұлттық мәселелердің шешілуі – бұл ең алдымен ұлттық жауапкершілікке байланысты.

Ал «оралман», «жергілікті» болып бөлінуге қатысты – менің ойымша, бұл бас кезінде орын алған жағдай. Қазақтың саны артып, қазақи орта кеңейіп, қазақы құндылықтар орнығып бекіген сайын бір елдің азаматымыз деген түсінік те қалыптасатына сенемін. Оны өздеріңіз де көріп жүрген боларсыздар. Келіп жатқан қандастарымызды бөлек атаумен атамайықшы дегендер бар. Бәрі де өз орнына келіп түседі. келіп жатқан қандастарымыз оған да түсіністікпен, керек болса тіпті кешіріммен қараса екен. Қазақ қоғамы да 20 жылда түрлі өзгерістер болды. Бәрі де орнына келеді.

Қазіргі таңда Қазақ көшіне қатысты бірқатар кемшіліктер бар екені белгілі. Олардың арасында өзектілігі жоғары мәселе – жұмыспен қамтылуы. Соңғы мәліметтерге сәйкес, еңбекке жарамды қандастарымыздың 66%-ы ғана жұмыспен қамтылып, қалған 33%-ы – жұмыссыздар.

А. Мұқабай:

Ерлан інім, Сізді білгір азамат, ұлшыл тұлға ретінде бағалаймын. Болашақ өміріңе амандық, бақыт тілеп жүрем Құдайдан! Ал, сұраққа келейін: Сіздің осы қазақ көшінің жағдайын Нұр Отан партиясының хатшысы салауатыңызбен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына кіріп, тіке айта алатын мүмкіндігіңіз бар ма? Екінші сұрақ, Сідің қолыңызға Қазақ көшінің тізгіні тие қалған жағдайда, жұмысты неден бастар едіңіз және қалай істер едіңіз? Соңғы сұрақ, Қазақстанға шеттегі қазақтар бүгін де, келешекте де керек пе өзі?

Жауабы: «Нұр Отанда» өзіндік бір құрылымдық тәртіптер, ерекшеліктер, деңгейлер бар. Партия Төрағасымен тікелей сөйлесу мүмкіндігі жоқ болса да, партияның негізгі мақсат-міндеті – ол түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамның да, биліктің де назарын соған  аудару. Яғни Үкімет белгілі бір экономикалық, әлеуметтік саясат жүзеге асырып отыратын болса, партия сол саясаттың қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатқанын қадағалайды. Бұл бір күндік жұмыс емес. Біз өткен жылдары көші-қон мәселелері жөнінде түрлі тыңдаулар, конференциялар өткізіп, олардың нәтижесінде әзірленген ұсыныстарды Үкіметке жібердік.

Біз берген ұсыныстар Үкіметке жетіп, Үкімет оны қабылдағанның өзінде де, оны жүзеге асыру үшін белгілі бір процедуралар жүргізу керек. Мәселен, егерде ол заңға өзгерістерді қажет ететін болса, онда оларды әзірлеп, Үкіметте түрлі талқылаудан өтіп, одан кейін Парламентке жіберіледі. Парламент қабырғасында да көптеген жұмыстар өткізіледі. Көші-қон мәселесі төңірегінде осындай талқылауларды биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қазақ көшінің тізгіні тие қалған жағдайда, жұмысты неден бастар едім? Біріншіден, сырттан келген білімді ағайынымызды алып, осы мәселені солармен отырып талқылап, тізгінін сондай азаматтың біреуіне беріп, бірлесе айналысар едік. Себебі көптеген мәселелерге сол ағайындар тұрғысынан қарау керек. Сонда ғана олардың тиімді нақты шешімін табуға болады. Сонымен бірге қоғамдық бақылау тетіктерін де нығайтар едім. Бұл тек осы мәселеге қатысты емес, басқа да өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық бақылау тетіктері маңызды орын алады.

Қандасың:

«Нұр Отан» ХДП-сы қазақ көшінің қайта жалғасуы, оған ұтымды бағдарлама жасалуы үшін Қазақ билігіне қаншалықты ықпал ете алады? Қазір оның хатшысы болып отырған Сіздің қолыңызда қандай мүмкіндік бар?

Жауабы: «Нұр Отан» партиясының, басқа партия секілді кез келген мәселеге ықпал ету заңнын аясында жүзеге асады. Негізгі тетігі – ол Парламент тетігі. Ең бастысы ондай мүдделілік, қажеттілік бар. Соған байланысты жуырда көші-қон мәселесіне қатысты үлкен талқылаулар болады. Сонда көтерілген ұсыныстар мен ескертулер негізінде көші-қон саласына қатысты жаңа бір құжат қабылданатын болады.

Мен партияда негізінен идеологиялық, сараптамалық жағынан жауап беремін. Сондықтан негізгі міндетім – осы көші-қон мәселесі болсын, басқа да мәселелерге қатысты сараптамалық материалдарды дайындау.

Тоғыс:

Армысыз, ардақты Ерлан Қарин мырза!

Атыңызға әбден қанықпын. Ұлттық мұдде жолында еселі еңбектеріңізге тұтас халқыңыз ыриза.

Мен Қытайдағы қандас бауырласыңыз ретінде бірер сұрақ қойғым келіп тұр.

1. Жақында көші- қон саясатында үлкен өзгерістер болады деп естідім. Мұның мән -жайын нақтылы түсіндіре кетуіңізге бола ма ?

2. Біз қазақ елін дүние қазақтарының қорғаны ретінде қараймыз. Сонда, қазақ билігі сырыт жерде тарыдай шәшылып, ұлттық құндылығынан айрылуға таяған қандастар мүддесін қорғауға қаншалық құлықты?

3.Өсер ұлтқа өміршең жазу керек дегендей, тұтас қазақ халқына ортақ жазу үлгісі қашан жарыққа шығады деп қарайсыз? қазақ елінің бұл жөніндегі жобасынан қаншалық мағұлмат бере аласыз?

Жауабы: ортақ жазу үлгісіне қатысты жобалар билік дәліздерінде қазіргі уақытта талқыланып жүрген жоқ деп айта аламын. Бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ. Ал ортақ жазуға, латын ғарпіне көшу саяси ерік-жігерге барып тіреледі. Бұл менің көзқарасым.

Мүйіз:

Бауырдан ағаларға ыстық сәлем! Біздер шет жұртта жүрген қаңбақ тағдырлы Қандастарыңызбыз. «Су ішкен құдыққа түкірмеу» салтымыз бойынша бұл жаққа рахмет! Деседе, ерлі-зайыпты екеуміздің бірімыз математика, бірімыз Ана тілі пәнінің мұғалымымыз. Осы қызмет орынымызды тәрк етіп Атамекенге тартып кеткіміз келеді. Атажұрт бізге ештеңе бермей-ақ қойсын! Бірақ кәсібімізге қарай орналастыруға мүмкіндігі бар ма Отанымыздың.

Жауабы: Шынымен де елімізде мұғалімдерге, әсіресе біліктілігі жоғары ұстаздарға деген қажеттілік бар. Әсіресе ауылдық жерлерде мұғалімдердің жетіспеушілігі байқалуда. Ұстаздардың 30%-ы өз профильдерінен тыс сабақ беруде. Келсеңіз, Сізге міндетті түрде жұмыс табылатынына сенімдімін.

Сағыныш:

Ассалаумағаликум, Ерлан Қарин мырза!

Қытай еліндегі болашағы бұлдырлау қандастарыңызды Қазақстанға бір жолата көшіріп әкететіндей күн туады деп ойлайсыз ба ?

Қытайдағы тағы бір қандас бауырыңыздың әзілін келтіре кеткенді жөн санадым .

-түбінде Қазақыстанға бір топ дүңгендерді апаратын болдық,-дейді ол құрдасына .

-неге -, дейді екен құрдасы .

-тілі қытай, діні мұсылман болса, дүңген болмағанда кім болушы еді – дейді анау .

Қарапайым ғана әзіл ғой! Деседе, жүрегіміз осыдан қатты ауырады . Сіздіңде жүрегіңіз ауырған шығар ?!?.

Ауыл:

Қытайданмын. Қазақстанға бірнеше мәрте ат басын тіредік. Бір байқағаным Қазақстан ауылдары қатты жүдеу, қараусыз қалғандай әсер берді. Қытайдағы оқыған зиялы жастарды екі елдің билігі ақылдаса отырып, топ – тобымен сол ауылдарға неге апармайсыздар! Артық байлық пен абройдың қажеты шамалы! Туған елі үшін азда болса үлес қоссам деп жүрген жастар санап тауысқысыз бұл жақта! Тек, жекелей өз бетімен кеткенге тәуекел етпейді. Түрлі алыпқашпа өсектерге әбден сенгендері де бар. Мемлекеттік тұрғыда осы істердің қаралу мүмкіндігі қаншалық деп ойлайсыз Тілінен айырылуға шақ қалған халықтың тілкімделген жүрегінің ашшы зарын тыңдайтын билік бар ма ? Осыған жауап беріңізші Ерлан мырза! Алдын ала рахмет!

Жауабы: Мемлекет, билік тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Әрине түрлі қиындықтар, кедергілер болып жатқанын ешкім жасырмайды. Мысалы, ағайымдарымыздың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына байланысты бірқатар кедергілер бар. Яғни шетелдік оқу орындарында білім алғанын растайтын құжаттар қандастарымыздың Қазақстанда жұмысқа орналасуына жарамсыз болатын. Міндетті түрде осы құжаттарды мойындау рәсімінен өтуі шарт.

Дегенмен осы секілді түрлі күрделі мәселелер бар болғанымен, олар біртіндеп шешілуде. Өздеріңіз білесіздер, әлемде өз қандастарын қайтаруға көңіл бөліп отырған 3-ақ мемлекет болса, соның бірі – біздің Қазақстан.

Балбота:

Құрыметті Ерлан мырза, біз шетелде, жаттың бауырында болғанымызбен көңіліміз әрқашан қазақ елі деп қана соғатынын айтқым келеді. Әйтеу өз басым интернет бетін ашқан сәтте ең алдымен іздейтінім қазақ елінің хабар жаңалықтары. Былайша айтқанда жақсылығына қуанып, жамандығына күйініп отырамыз . Сізге сұрағым:

1 . Соңғы кездері Қазақстанда ‹оралмандар қазақ елі үшін ешқандай еңбегі сіңген жоқ› деген сыңайдағы пікірлер айтылатын болды. Бұл сөзді қалай түсінесіз? Тура деп ойлайсыз ба, әлде оралмандар туралы қыңыр көзқарастағылардың қолайына жаққан, кеудесі мен көңілін өсірген сөз болды деп есептейсіз бе?

2. Қазақ тілі Мемлекеттік тіл дегенімізбен Ел ағалары Халхаралық және мемлекеттік отырыстарда неге орысша сөйлейді? Басқасы басқа, Қытай еліне келіп ресми кездесулерде орысша сөйлеген шенеуніктер үшін біз Қытай қазақтары басқа ұлттардан ұялғанда жерге кіріп кете жаздаймыз. ‹Бұлақ басынан тұниды› деген аталы сөз бар . Осы мәселеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқаларға үлгі болса екен деген үмітіміз бар.

3. Орыс пен қытайды көрсе жалпуыштап жарамсақтанып, қаны бір қазағын көрсе қарға мұрты едірейе қалатын орыстілді жағымпаздардың арқа тірегі қайда, тілегі не деп ойлайсыз ?

4. «Әлде бір» мақсатпен барған қытай «күйеу балалардың» жолына тұсау салмай, қан терімізбен қазақ үшін деп барған қандастардың жолына неге тұсау салынады? Жамандықтың бәрі неге оралмандардың мойнына артылады. Көші-қонға кеткен милион теңгені жоқтағаннан гөрі, миллиардтап шетел асырып жатқан «билік сатқындарын» неге тектемеске?! Солардың біреуі алып кеткен қаржымен қаншама қаракөзді атажұртына жеткізуге болатын еді?!

Жауабы: бұл тұтас жалпы қоғамның пікірі емес. Жеке кісілердің пікірі болар. Қазақылығы шамалы азаматтарымыздың айтып жүрген пікірлері. Олар тек оралмандарға қатысты емес, олар жалпы қазақ қоғамының нығаюы тенденциясына өздерінше қарсылық білдіріп отырған түрлері. Ағайындарымыз келіп, қазақ қоғамының салмағын одан бетер асырып жатқанын көріп, ертең қазақы орта кеңейсе, қазақ тілі қолдану аясы кеңейсе, біз шеттетіліп қалмаймыз ба деп қорқады. Яғни бәсекеге қабілетсіздігіне бір үрей бар сияқты. Соның көріністері деп айтар едім.

Елім-жерім:

Ассалаумағалейкум, Ерлан мырза! Шетелдегі қазаққа келешекте қандай тиімды саясаттар болады деп ойлайсыз? Осы күнде Қытай елі нақты туысы шақыртпаса мұндағы қазақтарға шетелге шығатын төлқұжат жасап бермей отыр. Сондай-ақ, Қазақстанға аяғы жеткен бауырларымызға арнайы жұмысқа орналастыру жобасы жасалмаған ба?

Жауабы: «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында сырттан келген қандастырымзды арнайы жұмысқа тарту қаралған болатын. Қазір бұл жобаның келер жылдары іске асыру мәселесі талқылануда.

Кеңесбек:

Нұр Отаннның жоғарғы биігінде Көші-қон жағынан кеңесші бар ма? Болмаса, неге жоқ? Алу ойыңыз жоқ па қандастарыңыздың сауатты біреуін?

Жауабы: бұл бір жақсы ұсыныс екен. Мүмкін, шынымен де бұл мәселелермен терең, жеке айналысу үшін осыны да ойластырған жөн болар.

Таке:

Ал сізге айтар сауал деймізбе тілек ұсыныспа сіздің көзқарасыңызды білсем.

1 Елміз байлығы болсада жан саны аз. Алуан ұлтты ,ата бабаларымызда Алаш көсемдеріде қуатты қазақ елінің болуын арман еткен. Тәуелсіздік бізге сол мүмкіндікті берді. Енді бұрынғы өзге елге қарап кеткен не қуғын сүргінде сыртта қалған қандастарды оралту елдік іс. Осы қазақ көші кейіндеп келеңсіздікке ұрынды. Деседе Аллаға шүкір жақыннан бері қайта жол ашыла бастады, иләйім баянды болсын.

Енді бір екі пікірім бар еді соған сіз не дейсіз:

Шеттен келетін қазақтарды солтүстік немесе жаңа өндіріс аймағына тарту орынды. Деседе басқа жерлерде қалғысы келетіндергеде басқадай жеңілдік қарастырылмасада азаматтық тіркеуге мүмкіндік берілсе, ал белгіленген аймақтарға барушыларға бұрынғыдай квата болмасада, төмен өсімді несие берілсе олардың өз шама шарқынша үй салуына және шаруашылықпен кәсіптенуіне мүмкіндік жасалса, кепілге сол салған үйлері қойылса, себебі қымбат үй салынғаннан ол ақшаны қайтарымды шаруашылық қәсіпке жұмсау тиімді.

Бұл мемлекеткеде келген қазаққада пайдалы. Елдегі жылда игерілмей қалатын милияардтарды ескергенде бұған несие қаржы табуға болар еді.

2 Шетте оқып жатқан білімді жастарда баршылық солардың көп сандысы елге оралғысы келеді. Оған мысал жақында қытайда оқитын бірқанша студент кей елге оралған ағаларынан көмек сұраған хаты интернетке шықты. Олар мейлі ауыл не қиыр шетке барсақта, не істесеп қиындық көрсекте қазақ еліне ұлтымызға бір кісілік үлес қоса алсақ деп армандаймыз деп ағынан жарылған екен. Сол сыяқты жастарды шеттен өзге ел маманын шақырғанша соның бір бөлігін дап дайын маман елде бейімдеп тартса ұлттық өреміз артар еді.

3 Елдегі жастарды кәсіптендіруге бір оңтайлы жолдар қарастырылса , мысалы қайта даярлау, кәсіп ашуына төмен несиелер беру, кепілдік шартына жасалатын жеңілдіктер сықылды. Жас келсе іске деп атам қазақ бекер айтпаған ғой.Жастарды қоғам дамуына атсалысуға қозғау салудың зор маңызы бар деугеде болады.

4 Ауылдың дені қазақ сондықтан ауылдағы кәсіп көзін ашу, бүгіндегі қолдаудың нақты әр ауыл азаматы сезінетіндей болса,бүгінде ауылды қолдау бағдарламасына көптің қолы жете бермейді. Әрі қаржыда тым шекті.

5 Қытаймен ресейге тым тәуелді болу дұрыс емес, оған тарих куә. Деседе қытайдың арзан таварымен қолжетімді техникасын ендіру бүгінде қиын. Өз кұнындай салық төлеуге мәжбүр. Егер қол жетімді техника көбейсе ауыл кәсібінеде қарқын берер еді.Ал біз қытайға кен орындарына жомарттық қылудамыз, бұл дұрыс емес. Керісінше олардың техникасымен тәжрибесін көптеп енгісе, күнделікті көптеген тавардың елде өндірілуінеде мұрындық болар еді.Ол ел дамуынада зор серпін берері сөзсіз әсіресе елдің әлеуетін көтеруді маңызы зор.

6 Елдегі ұлттық сананың салмағын арттыруда зиялылардың сөзін, дінни рухани мәселелерде көп арасында дау қылмай имам молдаларды көбірек сөйлетсек рухани бірлікке оң ықпалы боларма еді.

Рахмет елге игі көптеген істер атқара беріңіз деп тілектестік білдіремін.

Елбасыға қатысты сауалдар

Ахмет:

Қытай реформаторы Дын Цау пин шығармаларын оқып көрдіңіз бе? Нұрсұлтан Назарбаевты Мауо Зы дұн десек, біздің елімізде тасада жүрген дәл сол Дын Цау пиндай тұлға бар ма? Атын атауыңызды өтінем!

Жауабы: Дэн Сяо Пиннің шығармаларын оқыған жоқпын. Бірақ ол туралы көптеген кітаптар оқыдым. Нұрсұлтан Әбішұлын Мао Цзе Дун, Дэн Сяо Пин, Ли Куан Ю сияқты қайраткерлердің деңгейінде тұр. Бірақ өз басым Нұрсұлтан Назарбаевты Дэн Сяо Пинмен салыстырмас едім. Ол жеке дара тұлға. Ал негізінен алғанда, еліміздің дамуындағы рөлі, түбегейлі өзгерістерді іске асыруы, реформаларды жүзеге асыруы жағынан еліміздегі сол қайраткерлерге тең тұрарлық бірден-бір тұлға – ол біздің Елбасы.

Құнанбай:

Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы жиырма жыл болды. Елімізді содан бері, тіпті одан да арыдан бері Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келеді. Аман болса, әлі де басқара береді. Басқара берсін! Осы уақыт ішінде не отандық (биліктің) ақпарат құралдарында, не билікте отырғандардың, не Нұрекеңнің өзінің «мынауың» не «мынау ісім» қате болды дегенін естіген емеспіз. Ал, шешілмей жатқан, шешімін таппаған түйін шаш етектен. Сіз 20 жыл ішінде не соңғы он жылда бірінші өзіңіздің, сосын Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет барысында жіберген басты үш қателігін айтып бере аласыз ба?

Жауабы: Елбасыға баға беретіндей, менде ондай өмірлік тәжірибе де жоқ, ондай терең білім де жоқ. Оған берілетін бағаның бірден-бір көрсеткіші – халық қолдауы.

Өзім, әрине, қателік жібергенмін, үшеу емес, одан да көп деп айтар едім. Олардың барлығын айтып ақтарылмай-ақ қояйын осы жерде. Жіберілген қателіктер көп болды. Қателіктер жасамау мүмкін емес, негізгі мақсат – соларды қайталамау.

Таймас:

«Жасы ұлғайған адам өкпелегіш болады» – дейді қытай көсемі Дын Цау пин. Қалай ойлайсыз, осы Нұрағамыз шеттегі қандастарына өкпелеп қалған жоқ па?

Жауабы: Елбасымыз жан-жақтағы қандастарымызды шақыртып, оларға жағдай жасаған. Оның қалай жүзеге асып, қандай кемшіліктері бар екенін ол бір бөлек сұрақ. Бірақта осыған үлкен жол ашып, қалың қазаққа осында көшуге жағдай жасаған – Елбасы. Әлі де көші-қон саясаты сол кісінің қамқорлығымен жүзеге асырылып жатыр. Оны ұмытпай, бағалай білейік.

Ортақ валюта бойынша сұрақтар

Астаналық қазақ:

Ерлан мырза, ассалаумағалейкум! Соңғы кездері Еуразия кеңістігіне ортақ валюта жайы көбірек айтылып жүр. Өткенде бас банкиріміз Марченко жаңа валютаға нанорубль деп атау беруге болады деген еді. Бұл қаншалықты рас? теңгеміздің болашағы қалай болмақ?

Жауабы: Мен экономист саласының сарапшысы емеспін, көп нәрселерді түсініп білмейтін де шағармын. Бірақ, менің жеке түсінігімше, ортақ валюта енгізудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Себебі, біртұтас экономикалық жүйе құрылған жоқ. Еуропа елдері де ортақ валютаға ондаған жылдар бойы келген болатын. Ортақ валютаның негізі тек қана экономикалық емес, сонымен қатар, мәдени, саяси кеңістік те ортақ болуы қажет. Меніңше, қазіргі интеграциялық жоба тек қана экономикалық қатынастарды қамтитын болады. Яғни бұл серіктестіктің өзінің белгілі бір шектеулері болатыны сөзсіз.

Оның үстіне Еуропадағы қазіргі жағдайды көріп отырмыз, яғни соңғы дағдарыстан көптеген елдер Еурокеңістігінен шығу жайлы ойларын қарайтын болсақ, бір ортақ валюта енгізудің қажеттілігі қазіргі уақытта жоқ шығар. Мен өз басым оған негіз көріп тұрған жоқпын.

Шетелдік қазақтармен байланыс жайлы

Дәукеш:

Шетелдерге шығып тұратыныңыз мәлім, сол сапарларыңызда шеттегі қандастарыңызбен кездестіңіз бе? Ол баырларыңыз Сіздің есіңізде несімен қалды?

Arman Karimday:

Mongoliaga barip jursiz galomtordan okip bilip jurmiz ol jakka barudagi maksatiniz ne? ondagi kandastardin kali kalai dep oilaisiz. Jalpi shetegi kazaktarmen bailanisiniz kalai.Tanis dostariniz barba?

Жауабы: мүмкіндігімше, әрқашанада қай елге барсам да ағайындармен, қандастарымызбен кездесіп отырамын. Моңғолияға, Қырғызстанға барған кезде де, жуырда Құдай қаласа, Қытайға барамын. Сол жерлерде кездескен кісілердің барлығының бір ерекшелігі – ақ-жарқын жүзі, кеңдігі, яғни қазаққа тән барлық қасиетті көріп риза боламын әрқашанда. Үлкен рухани қуат алып қайтамын ағайындарымызбен кездесулерден.

Жеке сұрақтар

Абылай:

Сізді Қазақияның ғана емес, Алты Алаштың қамын ойлайтын азамат екеніңізге сендік! Әрқашан халқыңыздың қатарында жүргеніңіз қуантады. Ұлттың жоғын жоқтап жүрген азаматтың бірісіз! Балбал тастар, жебе туралы зерттеулеріңіз аса құнды дүниелер. Қазіргі жағдайыңыз қалай? Осы тақырыптар жөнінде алға қойған жоспарларыңыз бар ма?

Жауабы: балбал тастар, жебелер туралы зерттеулер әлі жалғастырып жатырмын. Жылда ол мақсатта түрлі өңірлерге экспедициялар ұйымдастырамыз. Биыл Алла жазса Қытай жағы, Алтайға баруды жоспарлап отырмыз. Және де биыл осы балбал тастарға қатысты зерттеулерді қорытындалап, бір жинақ кітап, альбом немесе фильм дайындау ойда бар.

Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ:

Қазақ жұртының ықыласына бөленіп жүрген, атқарған әрбір игілікті ісі Алаш идеясы мен ұлттық мүдде биігінде шешімін табатын өзіңіз сияқты азаматтар көбейе берсін. Сіздің ащы шындықты жасырмай, дәп басып айтқан әрбір сөз-пайымыңызға ризашылық білдіреміз. Сіз өзіңізге «Мен кіммін? Қайдан келім? Қайда барам?» деп сұрақ қойып көріңіз бе? Осы сұрақтардың жауабын «Қамшы» оқырмандарымен бөліссеңіз.

Жауабы: Әрқайсымыз ондай сұрақтарды өзімізге қоятын шығармыз. Жалпы осындай сұрақ үнемі көкейіңде жүріп, адам үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Алпамыс:

Ереке, Темір Құлыбаевпен қызмет не жай өмірде тілдесіп, пікір алмастырып көрдіңіз бе? Қазақ ұлты жөнінде қандай ойда, көқараста екенін айтып беріңізші! Ермұхамат Ертісбаевпен ші?

Жауабы: Темір Құлыбаевпен жай өмірде тілдесіп, пікір алмасқан емеспін. Ондай таныстығымыз жоқ. Ол кісімен де, Ермұхамет Ертысбаевпен де түрлі іс-шараларда қол алысып, амандасқанымыз болмаса, оңаша отырып әңгімелескен жағдай ешқашан да болған емес.

Бек

Соңғы оқыған кітабыңызды білгім келеді, Ерлан аға. Және ең жақсы көретін қазақ қаламгерін атаңызшы!

Жауабы: мамандығыма байланысты негізінен ғылыми кітаптар оқимын. Соңғы оқып қарап жатқан Тұрсын Жұртбайдың редакторлығымен дайындалған Алаштықтардың сот процесіне қатысты материалдар жинағы. Ал қазақ қаламгерлерден М.Әуезов, І. Есенберлин, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, айта берсе көп.

Құлжабаласы:

Сіздің кәбинетіңізде-Нұр Отанның бас кеңсесінде Алаш көсемдерінің бәрінің үлкейтілген фотолары ілулі тұрғанын естідім. Сол үшін Сізге қатты риза болдым. Алла сізге солардың өмірін емес, бағын берсін! Дегенмен мынадай да бір ой мені мазалай береді: осы Алаш көсемдері мен олардың ұстанымы соңғы кезде билікке, парламентке жеткісі келетін адамдардың ұпай жинайтын желеуі, қолжаулығы болып кеткен жоқ па? Олай дейтінім осы соңғы парланет сайламына түскен «Ақжол» партиясының басшысы Азат Пруашев мырза сайлау алды науқанында барынша алашшыл боп көрінді, одан ұпай да жинады, деген жеріне жетті де. Өкініштісі сол-нағыз алашшыл тұлға Айталыны жеме-жемге келгенде лақтырып кетті. Қазір парламентте Азаттың Алашты аузына да алмайтынын көзіміз көріп жүрміз? Бұған не айтасыз?

Жауабы: Мен басқа партия жөнінде айта алмаймын. Әркім не істеп, не бітіріп жүргенін халық көріп отыр. Әрине, ұпай жинап, ұран сөздер көтеріп жатқандар да аз емес. Халық ақымақ емес, кім түрақты түрде жұмыс жасап жатқанын көреді. Менің білетінімше, ақжолдықтар осы тақырыпта жандандыруға бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырған көрінеді. Оны көреміз. Ол жөнінде нақты айта алмаймын.

Ал өз басым Алаш қайраткерлеріне зор құрметпен қараймын, үлгі тұтамын. Өзіңіз жазып кеттіңіз, кеңсемде Бөкейханның және басқа да алаштықтардың суреттері ілінген. Күнделікті қызметте алаш қайраткерлері айтқан өсиет сөздерін жүзеге асыруға, олардың есімдерін жандандыруға өзімнің кішкентай да болса, үлесімді қосуға тырысамын. Сондықтан жылда кітап шығарып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырамын. Мысалы, өткен жылы біз Әлихан Бөкейханның 145 жылдығын атап өттік.

Еңлік:

«Қылмыс» романын оқығаныңызды, Қажекең дүниден өткенде бірінші болып ас бергенізді де білем. Ал осы Қажығұмар Шабданұлына мем сыйлық неге берілмеді кезінде? Кім кіналы деп білесіз?

Жауабы:  осы асты тек жалғыз мен емес, оған бастамашы болған Айдос Сарым, Ораз Жандосов, басқа да көптеген азаматтар. Ал мемлекеттік сыйлық жайында айтсам, мемлекеттік комиссия құрамында емеспін, оның отырыстары мен талқылауларына қатыспаймын да. Бірақ, уақыт бәрі бір әділетті бағасын беретініне сенімдімін. Дүниеде атақ-даңқ жинап, бірақ та халықтың жадында қалмаған қанша азаматтар бар. Сондықтан да, уақыт бәрін реттейді. Бүгін болмаса да, ертең ол кісіге де лайықты баға беріледі.

Ерік деген ініңіз:

Ең жақын достарыңыз кімдер?

Жауабы:  Ең жақын достарым – ел үшін қызмет етіп жүрген пікірлес азаматтар.

Көкше:

Болашақта президент болғыңыз келе ме? Президент бола калған жағдайда Алаш көсемдерінің жолын ұстанар ма едіңіз?

Жауабы:  Мен шынымды айтсам, Президент, басқа да жоғары лауазымды қызметте болу түгілі, қазіргі саясатта жүргенімнің өзі қиынға түседі. Тек қана өз тарапымнан пайда әкелу үшін болмаса, жылдан-жылға саясатқа қызығушылығым азайып бара жатыр.

Тамаша:

Кеден одағына қалай қарайсыз? Қазақ ұлты үшін пайдасы қаншалық осы үштіктің?

Жауабы:  Кеден одағына бір жақты қарауға болмайды. Қазақ қоғамының ішінде осы одақтың құрылуына қатысты үрейлі пікірлер бар екенін, оның жағымсыз әсері көптеу деген ойлар бар екенін білемін. Бірақ екінші жағынан экономикалық қарым-қатынастардың қажеттілігін де жоққа шығаруға болмайды.

Азамат Битан:

Ассалаумағалейкум! Бірінші сауалым, Мұстафа Шоқайды өткенде қатты қаралап тастады… Неліктен билік жақтан қатты қаралауға қатты қарымта болмады?

Екінші сауалым: ауруын жасырған өледі ғой, ауылдарымыздағы мектептерде білім беру деңгейі әлі де болса төмен. Сөйтіп жүріп ҰБТ-ға дайындап жатырмыз. Өткен жылы Қызылорда да үлкен дау шықты… Негізі тест дегеніміз бірталай жерде әділетсіз өтеді.(Жалғыз Қызылорда емес) Ешкім баласының қатарынан қалғанын қаламайды. Сол үшін… Мүмкін ҰБТ дегенді тек қана қалада білім алып жүрген жастармен шектесек қалай болады? (бұл сауалым сіздің мекен-жайыңызға болмаса кешіріп қойыңыз.)

Үшінші сауалым: Қазіргі қазақ блогерлерін танисыз ба? Кімдердің жазбаларын оқисыз?

Жауабы: Мұстафа Шоқайды қаралауға байланысты заңдық жағынан жазалау – ол бір сұрақ, ал менің ойымша, осы оқиғаға қоғамдық баға берілуі керек. Соңғы кезде М.Шоқайға ғана емес, басқа да көптеген тақырыптар бойынша қитүрқы осындай пікірлер айтылып жатқан кезде, қазақ қоғамы үн-түнсіз қалып жатады, дауыстары естілмей жатады. Басқасын қойғанда, жуырда «қазақтар тәуелсіздік үшін күреспеді» деген ойлар айтылды. Осыған қатысты қазақ зиялы қоғамында біртұтас ұстаным жоқ, позициясы айтылмайды. Бұндай жансақ пікірлер айтылып жатқанда, менің ойымша үнсіз қалуға болмайды, әсіресе еліміздің зиялы қауымы тарапынан қатаң бір баға берілуі тиіс. Осы сияқты лайықты бағасы берілмей жатқаннан кейін барып бұндай пікірлер айтыла береді.

ҰБТ ол негізінен білім беру құрылымдарына қатысты сұрақ.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір