• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:09:22
Алматы
+35°

Фото: Ашық дереккөз

Білім қай кезде болмасын адамзат үшін  ең құнды дүние болмақ. Жер бетіндегі бар ұлтты, ұлысты, халықты біріктіретін, біртұтастыққа келтіретін ол - оқу, білім.  «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса... білім де сондай керек» -  деп Ахмет Байтұрсынов білімді он екі мүшенің бірі ретінде қарауға шақырып, оның қаншалықты бағалы екенін бір сөз жолымен әсерлі етіп жеткізген[1]. Бүгінгі таңда білім барлық тіршілік көзінің бастауы, бұлақ көзі іспеттес. Білім жолымен жүрген адам баласының әрбір ойлаған ойы, әрбір айтылған сөзі, түптеп келгенде әрбір істеген ісі бірлікте, бір жүйеде боларына күмән жоқ. Сондықтан болар қай елде, қай мемлекетте болмасын жас ұрпақты оқу-білімге шақыру өте өзекті, үстем мәселелердің бірі. Соның ішінде біздің мемлекетімізде де білім саласында қатысты айтарлықтай алпауыт жұмыстар жүргізіліп жатқаны жасырын емес.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы түрлі саладағы толқыныстар, саяси-әлеуметтік  құрылымдағы өзгерістер, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экономика мен мәдениет деңгейінің көтерілуі, дамушы елдер қатарында болуы тікелей білім мен ғылым жетістіктері болып табылады. Әсіресе жоғары білімге деген қызығушылық пен ел арасындағы сұраныс күннен-күнге өспесе, түскен емес.

Жоғары білім  - бұл қолданыстағы орта  жалпы немесе орта кәсіптік білім негізінде кез-келген ғылыми саладағы мамандарды даярлауға бағытталған кәсіптік білім деңгейі. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында  жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті дамыту керектігін айтты. Бәсекелестікті дамытатын құралдардың бірі - Қазақстанда да, шетелде де танымалдылыққа ие болған университеттер мен олардың білім беру бағдарламаларының рейтингін өткізу қажеттігі туралы сөз қозғалды. Қазақстанның үздік университеттерінің институционалдық Ұлттық рейтингінің нәтижелері рейтингтер жөніндегі кеңесте мақұлданды. 2020 жылы университеттер бакалавриат пен магистратураға арналған 800-ден астам білім беру бағдарламасы туралы мәліметтер берді. Білім беру бағдарламалары рейтингі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  көшбасшы болып алға шықты[2].

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Қазақстан Республикасының беделді білім ордаларының бірі, әрі бірегейі болып табылады. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторы бар. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі қолға алынған.  Бүгінде университет көпетеген мемлекеттердің, атап айтқанда  Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Қытай, АҚШ, Франция, Германия, Испания, Италия, Үндістан, Ұлыбритания, Польша, Малайзия, Австрия, Швейцария, Португалия, Бразилия, Болгария, Греция, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Пәкістан және т.б. елдердің жетекші университеттерімен, ғылыми және білім беру ұйымдарымен 400-ден астам ынтымақтастық туралы келісімшарттарға ие.

Университетте магистратурада және PhD докторантурада оқуды жалғастыруға мүмкіндік беретін 82 мамандық бойынша 16 факультет бар.  Соның ішінде философия және саясаттану факультеті -  Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша білім беретін басты орталықтардың бірі болып табылады. Факультеттің кәсіби тұрғыда қалыптасуы университеттік білім мен мәдениеттің, қазақстандық философия, мәдениеттану, дінтану әлеуметтану, психология, педагогика, саясаттану ғылымдарының дамуымен бірге жалғасуда. Әсіресе педагог мамандарды даярлауда педагогика және білім беру менеджменті кафедрасын ерекше атап өтуге болады. Кафедра кәсіби кадрларды даярлауда қазақстандық дәстүрлерді және әлемдік қауымдастық талаптарына сәйкестігін, оған қоса әлемдік білім беру кеңістігіне кіру мен жұмыс берушілердің талаптарын ескерген.  Кафедрада педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Жарықбаев, Ж.Р. Баширова, А.Т. Табылдиев, Н.А. Асанов жұмыс жасаған және белгілі педагогтар мен атақты ғалымдар Н.Д. Хмель, К.Ж. Қожахметова, А.Қ. Құсайынов, Ш.Т. Таубаева, И.Р. Халитова Қ.Ж. Аганина және т.б. шақырылған.

Кафедрада «Педагогика және психология » мен «Əлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандықтары бойынша білікті кадрлар жылма-жыл үздіксіз даярлануда. Соның ішінде «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша кадрларды даярлау ҚР Мемлекеттік жіктеліміне сәйкес жүзеге асырылады және үш деңгейде жүргізіледі: бакалавриат, магистратура, докторантура. Осы мамандықты бітірушілерге «әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пән мұғалімі» біліктілігі беріледі. Әлеуметтік педагог балалардың қоғамға сіңісіп, өз орнын табуына ықпал етсе, ал өзін-өзі тану пән мұғалімі баланың жан дүниесін ашып, оны рухани біліммен сусындатып, өз «Менін» тануына көмектеседі. Міне осы мамандық аясында даярланған кадрлар кез келген оқу орындарында баланың жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиеленуіне үлкен үлес қоспақ.

Қорытындылай келе, жас түлектердің жоғары оқу орындары арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдауы болашаққа деген нық қадаммен тепе тең.

Оңалбеков Е.С.

Сүйіндіков Ә

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: университет ҚазҰУ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір