• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:37:31
Алматы
+35°

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов Арыс қаласына бөлінген қайырымдылық қоры қаражатының 80 миллион теңгесін қолды қылды деген айыппен жазықсыз сотталды. Бұл туралы прокуратура саласында ұзақ уақыт істеген Әбдікәрім Абдуллаев Қамшы порталына жолдаған хатында мәлімдеді.

Аталған іс бойынша Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға, оның орынбасары Мұрат Имандосов пен әкім аппаратының басшысы Марат Делмұханов 6 жылға сотталған.

"Мұрат Имандосовтың айыбы" жоқ делінген хат мәтінің толық нұсқасы төменде жарияланып отыр.

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарының қарқынды жүргізілуі құптарлық. Әсіресе, мемлекет басында жауапты тұлғалардың шені мен байланысына қарамастан, қылмыстарының әшкереленуі – бүгінгі қоғамда үлкен қолдауға ие. Несіне жасырамыз, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық саласына еніп, адамдардың ой-санасына үстемдік құрып алды. Кей жағдайда  ел тізгінін сеніп тапсырған басшылар жеке басының мүддесін ойлап, қылмысқа баратыны жасырын емес. Сондықтан құқық қорғау органдарының бұл қылмыс түрлерімен аяусыз күрес жүргізуін қолдаймыз. Бұл тұрғыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің еңбегі орасан екенін мойындауымыз қажет.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресуде шектен шығып, қызбалықпен адам құқықтарының аяқ асты болуына, заңды бұрмалау жолымен дәлел іздеп адамды қаралауға тырыспауымыз қажет, яғни асыра сілтеуге жол берілмеуге тиіс. Тергеу органының тексеруіне іліккен әр  адамның артында қыл үстіндегі тағдырлар тұр.

Осы тұрғыда облысымыздың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов пен  орынбасарлары Мұрат Имандосов және Марат Делмұхановтың сот үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылып, сотталуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде бұл азаматтарға араша түсіп, әділдік сұрап отырған олардың отбасы мүшелерімен қатар, облысымыздың белгілі азаматтары да пікірлерін білдіріп жатыр.

Аталған азаматтарға қатысты қылмыстық істі сотта қарау кезінде бірнеше сот отырыстарына онлайн жүйесі арқылы қатысып, М. Имандосовқа қатысты айыптың негізіне алынған куәлардың жауабын тыңдадым.

Имандосов Мұрат Самұратұлын жиырма жылдан бері жақсы білемін, бір ауданда қатар қызмет атқардық. Ата-анасынан алған жақсы тәрбиесімен қатар, өз саласының кәсіби маманы. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтап, республикамыздың түрлі аймағында жауапты қызмет атқарған белгілі азамат. Қара басының қамы үшін емес, елдің мүддесі үшін ерен еңбек етті. Салық саласында көп жылдар қызмет атқарып, кейіннен Қазалы, Қармақшы аудандарының әкімі болып, қарапайым адамдардың проблемасын шешуге тікелей араласты. Қызметте де, тұрмыста да қарапайым болып қала білді. Артынан жаман сөз ермеді. Қолы таза, намысын, арын сатқан жоқ. Мәселен, Қазалы ауданында атқарған ауқымды жұмыстарын қарапайым халық әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр әрі игі істерінің жемісін де көріп келеді.

Мұрат Самұратұлы – қызметте өз міндеттерін атқаруда адамгершілік пен мемлекет мүддесін қатар ойлайтын мемлекетшіл тұлға. Жастайынан елмен етене араласып, халықтың мәселесін жеке басының жұмысынан жоғары қоятыны – отбасында тәрбие алғанынан болу керек. Алдына келген мұқтаж жанға көмек беруді борыш санайтын. Соның дәлелі болар, бүгінде Мұрат Самұратұлы жалалы болғанда, қарапайым адамдардың өздері ара түсіп, қолдау көрсетіп жатыр.

Меніңше, Имандосов Мұрат Самұратұлын кінәлауға бір ғана куәнің "Түркістан қаласында салынып жатқан моншаның құрылысына аударылған ақшаны қолма-қолға айналдыр" деген жауабы негіз болған. Және оның өзі тергеудің басында ақшаны қолма-қолға аудару жайында тапсырманы М. Делмұханов берді десе, кейіннен басқаша жауап беріп, бұл тапсырманы Мұрат Имандосов берді деп өзгерткен.

Біріншіден, куә ретінде айыптап отырған адамның өзі осы қылмысты жасауда белсенді рөл атқарған.

Екіншіден, "моншаға қаржы жетпей жатыр" деп, қорда жиналған ақшаны сұрап, ұсыныс жасаған да, құрылыс фирмаларын іріктеп таңдаған да, оларға қаржыны жұмсауда тапсырма беріп жүрген де – құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы. Ол сотта да, тергеуде де дәлелденгенімен, оған назар аударылмайды. Егер 80 миллион ақшаны қолма-қол әкеліп бер деп тапсырма берген М. Имандосов болса, оның орындалуын бір жарым ай бойы сұрамағаны қалай? Ақша тамыз айының басында аударылады, ал қолма-қолға тек қыркүйек айында айналдырылады. Істегі дәлелдердің логикасы бойынша, Мұрат Самұратұлы ақшаның жұмсалуы мен қайтарылу жағдайынан мүлдем хабарсыз болған. Өйткені ол құрылыс саласын басқармаған, оған жауапты болмаған. Мемлекеттік қызметте басқа әріптесінің қызметіне араласуға жол берілмейді, ол тәртіп бұзушылық болып бағаланады. Сол себепті құрылыс саласына жауапты болған орынбасары қызметіне кіріскен соң, Мұрат Имандосов бұл мәселемен айналыспаған. Мұны сотта жауап бергендердің барлығы растайды. Бар кінәсі – қаржы болмауынан монша құрылысы тоқтап қалмасын деп мемлекет мүддесін ойлап, жаны ашығанынан күйіп отыр.

Үшіншіден, бұрынғы облыс әкімі Қ. Ысқақов жауабында Мұрат Самұратұлымен абайлап, ойланып сөйлесетінін, олардың қарым-қатынастары тек қызмет бабымен ғана байланысты болғанын және оған мұндай тапсырма бере алмайтынын көрсеткен.

Тергеу органы барынша дәлел іздеп, жасырын да, жариялы да тергеу-іздестіру шараларын жүргізген. Алайда ондай "сөз-әңгіме" болмаған соң, дәлелдің табылмауы да ақиқат емес пе? Сонда өзі қылмысты жасауға қатысқан адамның күмәнді жауабына ғана сүйеніп, адам сотталып отырған сияқты.

Сондай-ақ "Сыр мейрімі" қорының директоры жауабында облыс әкімі орынбасарының көмекшісі болған М.Тасқараев телефон соқты деп айтқан. Ал Тасқараевпен беттесуде телефон соқпағанын, 80 миллион жайында білмейтінін, Имандосов Мұрат бұл жайында тапсырма бермегенін естіген кезде өз-өзіне күмәнданып отыр. М. Имандосов қор директорын бұрын-соңды танымайды да, арасында байланыс та болмаған. Оны өзі де растап отыр. Міне, істе осындай қиыспайтын тұстар көп. Өкініштісі, осындай азамат ішпей-жемей, басы-қасында жоқ бола тұра (бір ауыз сөзі үшін) 6 жылға бас бостандығынан айырылып, сотталып отыр.

Сотта анықталған кез келген күмән тудыратын дәлелдер қосымша тексеруді қажет етеді немесе мүлдем айыптау негізінен алынып тасталу керек, яки дәлел болып бағаланбайды.

Қорғаушылардың мәлімдеуі бойынша, тергеу барысында жіберілген тергеу реттілігінің сақталмауы сияқты өрескел заң бұзушылықтар жайында сотта өтінішхат берілген екен. Енді жоғары сот инстанцияларында осы қылмыстық іс әділ көзқараспен қаралып, заңдылықтың үстем болатынына үмітіміз бар.

Елімізде заң үстемдік құрып, адам құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілген және сот шешімі мен үкімдері күмән тудырмаған жағдайда ғана сотқа халықтың сенімі күмәнсіз болып, беделі артады. Тергеу органы құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы күресте асыра сілтеп, қателесіп жатқан болса, сот мұндай заңсыздықтарды анықтаған жағдайда үзілді-кесілді жоюға шаралар қолдануға міндетті. Сондықтан сот қаралаушы позицияда болмай, әділдік пен шындықтан таймай, адам тағдырының кепілі болуы тиіс. Сонда ғана халықтың сенімі нығаяды.

Әбдікәрім Абдуллаев,

прокуратура саласының ардагері

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Мұрат Имандосов сот

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір