• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:28:22
Алматы
+35°
Химия ғылымдары бойынша PhD докторант, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы Нұр-Сұлтан қаласында №90 мектеп-гимназияның директоры болып бекітілді.
 
Бұл мектепті ардақты ұстаз, қайымтанушы, абайтанушы Ербол Іргебай басқарған еді. Ол ұлттық мектеп қалыптастыруда Алаш қайраткерлерін үлгі тұтқан ұстаз болатын.
 
Бұған дейін Аятжан Ахметжанұлы №51 мектеп-гимназияның директоры қызметін атқарған. Еңбек жолын "Зерде" мамандандырылған мектебінде химия пәнінің мұғалімі болудан бастап, "Қазбілім" республикалық орталығының негізін қалады. Ол жерде 5 жыл жетекшілік етті.

№90 мектеп-гимназиясы қыркүйек айының басында ашылған. Ербол Іргебай мектепті 5 айға жуық басқарып, өкінішке қарай, өмірден озды. Ол өзі абайтанушы, алаштанушы еді. Мақсаты – ұлттық бағытта жұмыс істеу болатын. Сол ісін соңына дейін жеткіземіз деп ойлаймын. Мектепте ұйымдастырылған көптеген шаралары аяқсыз қалмайды, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Оның айтуынша, мектеп-гимназияда Ербол Іргебай атындағы кабинет ашылады деп жоспарланып отыр.

Мектеп бастапқыда "ұлттық гимназия" деп ашылған. "Ұлттық гимназия" деген атаудың өзі үлкен міндет. Қазір білім ордасының бағыт-бағдарымен танысу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Енді мектептің абыройын жетілдіру үшін жүйелі жоспар құрамыз, – дейді ұстаз.

Ахметжанұлы ұлттық мектептің мақсаты – Алаштың заманауи мектебін қалыптастыру екенін атап өтті.

Ұлттық мектептің мақсаты – Алаш арыстары негізін салып кеткен ұлттық педагогиканы қалыптастыру. Кешегі Ахметтің, Мағжанның идеяларын бүгінгі ұрпақтың санасына, тәрбиесіне, біліміне пайдалану. Сол бағытта Алаштың бүгінгі заманауи мектебін қалыптастыру.

Ұлттық мектептің жалпы бағдарламасы – біреу, мемлекеттік стандарт – біреу. Бірақ ұлттық мектепте әр дүниеге ұлттық реңк беруге болады. Қосымша ұлттық ойындар, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген сабақтар өткізу, мектептегі әрбір іс-шараға ұлттық көзқараспен қарау мәселесі қарастырылады.

Әлемде фин мектебі, жапон мектебі, ағылшын мектебі деген ұғымдар бар. Ал неге қазақ оқу-ағартуынан осындай ұлттық мектеп жасауға болмайды?! Әрине, болады. Ол бір ерекше пәнді кіргізумен емес, мектептегі әр мәселеге ұлттық көзқараспен қараумен шешіледі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектепті 5 айдан аса басқардым. Оған Мұстафа Шоқайдың атын беру үшін жұмыс істедім. Енді жаңа барған директор сол істі аяғына дейін апарады деп сенемін, – дейді ол.

Ол жаңа мектепте де өз бағытынан, ұстанымынан айнымай, ұлттық білім беру негізінде жұмыс істейтінін жеткізді.

Мақсатым – қазақы исі аңқыған таза ұлттық бағыттағы мектеп қалыптастыру. Сол бағыттан ешқашан айнымаймын. Білімі, тәрбиесі қазақы, әрі заманауи мектеп жасап шығарамыз, – деп сөзін аяқтады ұстаз.

Аятжан Ахметжан 1986 жылы 18 шілдеде Қытай халық республикасы, Шыңжай-ұйғыр автономиялық ауданы, Мұңғұлкүре ауданында дүниеге келген.

2006 жылы Қазақстанға оралды.

2007-2011 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жаратылыстану ғылымдары факультетінде химия мамандығы бойынша оқыды.

2013-2015 жылдары химия ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.

Химия ғылымдары бойынша PhD докторант.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір