• USD 426.81

  • EUR 517

  • RUB 5.91

  • CNY 66.72

15 Маусым, 02:38:34
+12°

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен "Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас" тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында отандық және шетелдік ғалымдар қазақ даласындағы ашаршылықтың зардабы, себебі мен салдары туралы пікір білдіріп, осы бағыттағы мәселелерді талқылады.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қараудың маңызды екенін айтты.

– Алапат ашаршылық – ешкімді бейжай қалдырмайтын тақырып. Сондықтан осы нәубетке қатысты қоғамда саналуан пікір қалыптасқаны белгілі. Дегенмен, біз, бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол үшін тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу, өңірлермен және ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнату, көршілес елдердің архив материалдарымен жіті танысу, "ғасыр нәубеті" куәгерлерінің түрлі естеліктерін жинақтау қажет екеніне назар аударды.

Сенат төрағасы өз сөзінде 30-жылдардағы ашаршылық сол тұстағы Кеңес Одағындағы елдерді тұтас шарпығанын, сондықтан мұны белгілі бір ұлтқа жасалған қылмыс деп қарастыруға келмейтінін жеткізді.

– Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жылдардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары, – деді Мәулен Әшімбаев.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ашаршылық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір