• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 05:04:10
Алматы
+35°

Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев өрттің шығу себебін айтты.

– Өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын-ала мәліметі бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің себептері барлық қажетті сараптама нәтижесі бойынша жарияланады, – деді Бақыт Ратаев.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техника зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады.

– Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған, – деп айтты ТЖД басшысы.

Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.

– Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, ТЖ департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Кеше комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнына барып, жұмыс жүргізуде. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі, психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын береміз, – деп атап өтті Ұлан Жазылбек.

Оның айтуынша, балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім).

Сонымен қатар әкім орынбасары өрт кезінде басқа да зардап шыккен адамдар жоғын атап өтті. 

Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысы Жаңатас қаласы 2 ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатында өрт болған. Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған 5 бала қалған. Өрт болған уақытта үйдің отағасы жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткені хабарланды. Түтінге уланған балалар жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, араға біраз уақыт салып көз жұмған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір