• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:10:10
Алматы
+12°

ІІ дүниежүзілік соғыста мергендігімен танылған Ыбырайым Сүлейменовке "Халық Қаһарманы" атағы берілуі керек. Бұл туралы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед "Өшпес ерлік" атты мақаласында жазды.

Қаңтар айының соңында республикалық "Егемен Қазақстан" газетіне "Өшпес ерлік" атты мақала жарияланды. Авторы – мемлекет қайраткері, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осы материалда ІІ дүниежүзілік соғыста мергендігімен танылып, жаудың 289 жауынгерін жайратқан даңқты снайпер Ыбырайым Сүлейменовке "Халық Қаһарманы" атағын беру мәселесі көтерілген екен.

Мақалада батыр бабамыздың майдан даласындағы ерліктері жіпке тізгендей бастан-аяқ баяндалған. Үш бірдей ірі шайқасқа қатысқаны, Великие Луки қаласын азат ету жорығындағы қайсарлығы, қай кезде қандай марапатқа ұсынылғаны туралы деректер оқырманға нақты құжаттармен бірге ұсынылған. Автор барлық мәліметті Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алдырғанын да айта кеткен.

Негізі Ыбырайым Сүлейменов көзі тірісінде-ақ, яғни 1943 жылдың 9 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Марапат құжатына үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор А.И.Литвинов және армияның штаб бастығы, генерал-майор Ф.Я.Зуев қол қойған. Бірақ оның орнына деңгейі бір дәрежеге төмен Ленин ордені беріледі.

Оның өзінде тиісті жарлық даңқты мерген ерлікпен қаза тапқаннан кейін бірнеше айдан соң, яғни 1944 жылы маусым айында шыққан. Ал Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы 15 қазанда Изоча стансасын азат ету үшін болған ұрыста қаза болған еді. Сол шайқаста қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да ерлікпен көз жұмғаны мақалада айтылған.

Осы ретте қазір сол кездегі олқылықтардың орнын толтырып, тарихи әділеттілік орнатуға толық мүмкіндігіміз бар екенін айта кеткіміз келеді. Сол себепті, Ыбырайым Сүлейменовке "Халық Қаһарманы" атағын беру өте орынды деп есептейміз. Өйткені Отан үшін отқа түскен ержүрек, батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету – перзенттік борышымыз.

Кезінде Алтын Жұлдыз есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйырмағаны белгілі. Мұхтар Құл-Мұхаммед осы жайтқа тоқтала келе: "Мұндай әділетсіздікке әр қазақтың іші қазандай қайнағанымен, ол заманда ақырып теңдік сұрайтын мүмкіндігі болмады. Әділдік Қазақстан басшылығына Н.Ә.Назарбаев келген соң ғана орныға бастады. Ол өзінің зор беделін сала жүріп, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын әперді. Көп ұзамай қолымыз тәуелсіздікке жетті. Елінің екі тізгін, бір шылбырын еркін ұстаған елбасы әуелі Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беріп, кейін партизан жазушы Қасым Қайсеновтің кең кеудесіне Батыр Жұлдызын өз қолымен тағып, бар қазақтың рухын асқақтатты", – дейді.

Сонымен қатар мақалада нанай халқының мерген ұлы, бір өзі 237 немісті атып түсірген Максим Пассардың ерлігі бар болғаны "Қызыл Ту" орденімен марапатталғаны айтылған. Дегенмен, нанай жұртының әділдік іздеп, үздіксіз сұрау салуының нәтижесінде Ресей президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16 ақпандағы жарлығымен М.Пассарға "Ресей батыры" атағы берілген.

Осыған қарап отырып, біз де бір өзі 289 жауды жер жастандырған Ыбырайым Сүлейменовке тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары наградасы "Халық Қаһарманы" атағы беріледі деп сенеміз.

Батыр халықпыз, деп күпсінгенде, күпімізге сыймай кетеміз. Соны іс жүзінде де көрсете білгеніміз жөн. Сондықтан мақалада айтылған қорытынды ойға толық қосыламыз. Ол жерде былай делінген:

"Осыдан екі жылдай уақыт бұрын еліміздегі жоғарғы билік ауысты. Қ.К.Тоқаев бүкілхалықтық сайлауда ел президенті болып сайланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы "Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" деген әр қазақтың жүрегіне жақын ұрандармен Қазақ елін жаңа биіктерге бастады. Өзі де жеңімпаз әке, майдангер жазушының ұлы қолындағы биліктің пәрменімен есімдері әрдайым ел жүрегінің төрінен орын алған жоғарыдағы қаһармандар қатарына өшпес ерлік жасап, өлмес даңққа бөленген Ыбырайым Сүлейменовті қосар болса, ата дәстүрінің тамаша сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып, ел аңсаған әділдік салтанат құрар еді. Бұл тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай қорғауға ұмтылған жас ұрпақты жаңаша өрлеуге бастар еді".

Жәмилә Сақтаған

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір