Фото: Жанболат Мамайдың facebook парақшасынан/Көрнекі сурет

Шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязов пен оның Қазақстандағы жақтастары жер митингтері кезінде сотталып, босап шыққан Макс Боқаев пен Талғат Аянды белсенді Жанболат Мамаймен идеялас болғаны үшін "билікпен келісімге келді", "халықтың үмітін ақтамады" деп көрсетуге тырысып жатыр. Бұл бір ғана кейс. Ал жалпы Қазақстанда қоғам белсенділері бірін-бірі "билік жобасы", "сатқын" деп жиі айыптайды. Мамандар мұның астарында билік тарапынан әдейі ұйымдастырылған әрекет, қоғамның белсенділерге деген сенімсіздігі, жекелеген адамдардың бір-біріне деген көзқарасы секілді себептер жатқанын айтады.

Тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді халық мүддесі жолындағы азаматтарды қаралау тарихта бұрыннан бар саяси технология екенін атап өтті.

– Патша заманында қазақ мүддесін қорғаған адамды сепаратистер дейтін. Ресейден бөлініп кетуді аңсаушылар деп айыптайтын. Ал кеңес заманында сепаратистер сөзін "ұлтшылдар" дегенмен ауыстырды. Мысалы, алашордалықтарды ұлтшылдар ретінде айыптап, жазалады. Бұл туралы Ахмет Байтұрсыновтың "бұл қандай әрекет, қандай заманға тап болдық. Қазақтың сөзін айтқандарды іші өткен сиыр сияқты қудалайтын болды. Бірақ айыптады екен деп біз қазақтың мүддесін айтпай қалмаймыз" деген еді. Тоталитарлық жүйеде ұлтты бөліп-жару әрекеттері болатын. Сол қазір де байқалады. Меніңше, ұлттық мүдде жолындағы, саяси күреске шыққан азаматтар өзінің ақ екеніне сенімді болса, қаралау мен күйеден қорықпауы керек. Тіпті ақталудың да қажеті жоқ. Қоғам айыптаушының өзіне күмәнмен қарауы керек, – дейді ғалым.

Тарихшы Хангелді Әбжәнов "осындай айыптаулар большевиктік биліктің таңған келеңсіздігі, мұндай келеңсіздікті қазір байлық пен билікке ұмтылған адамдар көп жасап отыр" деп санайды.

– Мұндай адамдар байлық пен билікке қол жеткізсе, "қарғадан қарға туар қарқылдаған" дегендей келеңсіз дүниелер ұлғайып кетеді. Олар бұқараның өздерінен теріс айналып кетуіне мүдделі емес. Мұндай жағымсыз жайттарға азаматтардың елеңдеуі Қазақстан секілді қоғамдық санасы қалыптасушы елдерде жиі ұшырасады. Большевиктік заманда бірізділікпен, жолмен, формамен жүріп үйренген қоғам бүгінде жолдан, тәртіптен ауытқыса, үркіп қалатын болған. Ал қоғам саяси мәдениетіне сүйеніп, табиғи болмысымен жүрсе, мұндай көлденең кездескен айыптаудың адымын аштырмас еді. Ал біз әралуандыққа үйренбегенбіз, жаңашылдыққа үрке қарайтын сияқтымыз. Саяси мәдениетіміз, менталитетіміз сондайлардың ақ-қарасын ажырата алатын дәрежеге жеткенде осы іспетті айыптаулар өзінен-өзі жолда қалады. Бұл қоғамдық ғылымда өтпелі кезеңнің қиыншылығы деп қаралады, – деді тарихшы.

Психолог Жарас Сейітнұр адамға жала жабылса, ол адам бір нәрсеге тұрарлық дәрежеге жеткенін білдіретінін жеткізді.

– Түкке тұрғысыз, көзге түспейтін күйкі адамдарға ғана жала да жабылмайды. Жала жабу деңгейі жала жабылған адамның масштабына тікелей байланысты. Жала – дұшпан адамның сіздің бойыңызда жарқын тұлғалық қасиеттердің бар екенін бағалағаны.

Жалпы осы мәселеде адамдардың мінез-құлқын реттейтін әлеуметтік-психологиялық тетік те және ұлттың саяси тәжірибесі де көрініс тауып жатыр. Қазақта "аузы күйген үрлеп ішеді" деген мақал бар. Қоғам және саяси қайраткерлерге көп алданған халықтың секемшіл болуы психологиялық заңдылық. Қазақтар бүгін күдікшіл болып алған, кейде тіпті паранойялық деңгейге де өтіп кетеді. Өйткені, қоғамның, ұлттың саяси сахнада жүрген тұлғалардан күткен үміттері ақталмай жатады. Оның үстіне қазақтың асыл қасиеттері үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы замандарда халық сенім артып екі тізгін, бір шылбырды берген көшбасшылар моральдық құндылықтарды берік ұстауға тырысқан. Көпшіліктің қамын ойлаған игі жақсылар көп азбаған-тұғын. Ақсақалдың өзі ақсақалға ұқсаушы еді. Ісі мен сөзінің арасына зор алшақтық бүгінгідей болмайтын. Бас көтерер тұлғаларды сыйлау дәстүрі шайылды.

Екіншіден, билік пен халықтың тұлғаларды бағалауы сай келе бермейді. Ресми сый-марапат алып жатқан қоғам қайраткерлері мен жай халықтың мұң-мұқтажын айтатын бейресми қайраткердің сөздері де әртүрлі. Басшыға сын айтқан адал жанның орден, медальға ие болуы сирек жағдай. Өйткені, сыйлықты үйлестіруші халық емес.

Үшіншіден, бұл арнайы ұйымдастырылған шара болуы әбден мүмкін. Халық тарапынан шыққан тұлғаның беделін түсіру, оған деген сенімді жою саяси бәсекелестіктің бір түрі, – дейді психолог.

Саясаттанушы Дос Көшім "билік жобасы", "сатқын" деген әңгіме тым лас, төменгі деңгейдегі сөз деген пікірде.

– Бұлай деп айып тағатындар сөзінің салмағы болса, нақты мысал келтірсін. Әлеуметтік желі кең қолданыла бастағалы осындайлар көбейді. Бірақ айтатындары құрғақ сөз. Нақты факт жоқ. Меніңше, "жоба", "сатқын" деп жатқандардың астарында қарапайым пендешілік жатыр. Қызғаныш, амбиция. Өздері күшті бола алмағандар басқаларды жамандау арқылы атын шығарады-ау деймін. Негізі нақты жұмыс істемеген адамдардың сөзі көп болады. Адамдар өзінің көргеніне ғана сенуі керек деп санаймын, – дейді ол.

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір