Үш жылдан бері балшық кешіп жүрген Алғабас ауылының тұрғындары әкімнің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлады КТК арнасы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Алғабас ауылы қала аумағына кірген кезде су құбырын жүргізу жұмысы басталған. Сол үш жылдан бері аяқталмай, қазір көшедегі батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Тұрғындар аудан әкімін лайдың ортасына шақырғанымен, орынбасары ғана келген. 

– Жүру мүмкін емес! Міне, аяғымыз, түріміз! Күнде жұмысқа барып  қайтудың өзі қиын боп кетті! Не сұмдық! Шыдамның да шегі бар! Біз не істеуіміз керек, қарапайым халық?! – деді ауыл тұрғыны Серікқазы Рахматулла.

Тұрғындардың айтуынша, халық талай мәрте әкімдікке шағымданып барған. Алайда әкім уәдесінде тұрмаған.

Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитовтің айтуынша, қаражатты әкімдік емес, энерготиімділік басқармасы бөледі.

– Тапсырыс беруші осы энерготиімділік басқармасы. Қаражатты Алатау ауданы әкімдігі емес, осы басқарма бөледі. Мен сондықтан осы құзырлы мекемені шақырдым. Құзырлы мекеме жауап берсін деп айтып отырмын, – деді ол.

Әкімдіктегілердің айтуларынша, құбырды салған бойда жолды тегістетіпті. Сондай-ақ бірқатар көшеге адамдар жүретін уақытша жол, тротуар жасап қойғанын айтты.

Ашуға булыққан алғабастықтар шенеунікті мердігер компанияның басшысымен бірге батпақтың үстімен жүргізді. 

Үсті-басы былғанған әкім орынбасары ақыры тұрғындардан қашып тынды. Ал құбыр салуға тапсырыс берген басқарма өкілдері наурыз айының соңына дейін асфальт салуды бастауға уәде берді. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір