Мексикалық боксшы Сауль Альварес (55-1-2, 37 КО) түркиялық спортшы Авни Йылдырымнан басым түсіп, WBC және WBA Super тұжырымдары бойынша суперорта салмақтағы (76,2 кг) чемпиондық титулын қорғап қалды, деп жазады vesti.kz.
12 раундқа шақталған кездесудің 3-раундында Альварес қарсыласын нокдаунға жіберіп, 4-рауд басталарда түрік боксшысы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Кездесуден кейін мексикалық боксшы промоутерлерінің бірі Эдди Хирн алдағы жоспарлары туралы айтып, мамыр айында Мексиканың ұлттық мерекесі "Синко де майоның" қарсаңында Альварес WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы британиялық Билли Джо Сондерспен жұдырықтасатынын мәлім етті.
Бұл кездесу – Альварестің бокс мәнсабындағы ірі жекпе-жектердің бірі болмақ. Мексикалықтың өзі Сондерсті "қиын қарсылас" деп санайтынын айтты.
Бұған дейін Сондерс 72,2 келі салмақтағы қазақстандық боксер Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізу бойынша бірнеше рет келіссөз жүргізген. Тіпті боксшылар 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі қарсаңында жұдырықтасады делінген. Алайда келіссөздер барысында нақты келісім жасалмады.
Ал Альварес Геннадий Головкинмен екі мәрте шаршы алаңда жолыққан. Алғашқы кездесу даулы тең нәтижемен аяқталса, екіншісінде төрешілер жеңісті мексикалық боксшыға берген. Екінші жекпе-жек қорытындысына да келіспейтіндеп көп. Боксшылардың үшінші кездесуі туралы әңгіме жиі қозғалады. Головкин ескі қарсыласымен кезекті рет бокстасуға әрдайым әзір екенін айтса, Альварес басында GGG-мен кездесуге құлшынбайтынын мәлімдеген. Алайда соңғы кездері бұл жекпе-жекке қарсы еместігін айтып жүр.
Пікір қалдыру
пікір