• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:27:54
Алматы
+35°

Фото: Журналист Манас Қайыртайдың facebook парақшасынан

Алматыдағы Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында 10 сағаттан артық қоршауда тұрған "Демпартия" белсенділері босатылды. Бұл туралы Азаттық радиосының журналисі Манас Қайыртай хабарлады.
 
Белсенділерді қоя берген кезде далада -10 градус болып сезілетін -5 градустық суық болған.
 
Белсенділер митингі сағат 12:00-де басталған. Олар Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы алдына жиналып, ары қарай Республика алаңына дейін жүріп өтпек болған. Алайда белсенділер митинг орны ретінде белгіленген жерге келген сәтте полиция мен арнайы жасақ спорт сарайының алдына жібермей, Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында "кеттлинг" әдісімен қоршауға алып, ұстап тұрды.

Қоршауда тұрған белсенділер бір сәтте арнайы жасақпен қақтығысқа түсіп, әскер қоршауды тартылта түсті. Осы сәтте белсенді әйелдің "ОМОН-дар қабырғамды сындырды" деп айқайлаған даусы шықты. Артынша жедел жәрдем көлігі келіп, белсендіні алып кетті. Ұзамай тағы бір әйел денсаулығына шағымданып, қабырғасы ауырып тұрғанын айтты.

Наразы топ дыбыс ұлғайтқышпен "жер сатылмасын", "несие амнистиясы жариялансын", "саяси тұтқындарды босатылсын" Назарбаев, кет", "Еуропарламент қарары орындалсын" деп ұрандатып тұрды. Оларға жауап ретінде азаматтық киімдегі бірнеше адам "Мамай, қарабет, Мамайға сенбеңдер" деп айқайлап жүрді. Өзін "көпбалалы анамын" деп таныстырған белгісіз әйелдің белсенділерді тарауға үндеді.

Белсенділер қоршауда тұрған сегізінші сағатта полицейлер белсенді Абзал Достияровты ұстап алып кетті.

Қоршаудағыларға жаны ашыған азаматтар арасында сырттан ас-су салынған пакеттер лақтырып жатты. Әжетханаға барғысы келетіндерді полиция бір-бірлеп апарып, қайтадан қоршаудың ішіне кіргізді. Мәжіліс сайлауы күнгі митингте белсенділерге әжетханаға баруға рұхсат бермей, кейбірі сол жерде қажетін өтеуге мәжбүр болған.
 
Қоршаудан босаған белсенділердің бір бөлігі тараса, бір бөлігі Абзал Достияров қамалған Бостандық ауданының полиция бөліміне кеткен.
 
Әлеуметтік желінің кей қолданушылары құқық қорғау органдарының белсенділерді 10 сағаттан астап қоршап тұруын "азаптау" деп бағалап жатты.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: митинг

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір