17 Наурыз, 2021 NEWS
Фотоколлаж
Премьер-министрдің баспасөз қызметі "Қазақстан" ұлттық арнасының бұрынғы журналисі Ербол Мәндібектің әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан жазбасына байланысты пікір білдірді. Журналист премьер-министр мен вице-премьерлердің, сенат пен мәжіліс спикерлерінің ұшу шығындары үшін республикалық бюджеттен жылына 15-20 млрд теңге қаражат жұмсалады деп мәлімдеген болатын. Премьер-министрдің баспасөз қызметі бұл деректер шындыққан жасаспайтынын хабарлады.
"Іс жүзінде 2021 жылға премьер-министрі мен премьер-министрдің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 млн теңге мөлшерінде шығыс қаражаты қарастырылған. Көрсетілген сома 2021 жылы көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. Бұл ретте төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді. Мысалы, 2020 жылы осы мақсатқа 578 млн теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 млн теңгеге жұмсалды" делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр мен премьер-министрдің орынбасарларында тек оларға бекітілген жеке ұшақтар жоқ.
Сондай-ақ баспасөз қызметі ұшақта қызмет көрсетуге қызыл және қара уылдырық, арақ пен виски, экзотикалық жемістер кіретінін туралы ақпаратты да терістеді.
"Ұшу ұзақтығы 1 сағатқа дейін болған жағдайда жолаушыларға алкогольсіз салқын сусындар мен снэктер, ұзақтығы 1-3 сағат болған кезде ыстық тамақ пен ыстық сусындар (шай, кофе) беріледі. Бортта тамақтандыру әрекет етіп тұрған заңнамаға – "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңына, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұсынылады" деген баспасөз қызметі журналист жазбасы "фактілерді бұрмалаудың және қоғамдық резонанс тудыру үшін жалған ақпарат таратудың тағы бір жағдайы" деп мәлімдеді.
Бұған дейін мемлекеттік арнада істеген журналист премьер-министрге және оның төрт орынбасарына жеке-жеке ұшақ қарастырылғаны, оның шығыны туралы еш жерде айтылмайтынын жазған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір