• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:56:22
Алматы
+12°

Сансызбаева Сандуғаш Қайратқызы – Бельгияның уақытша тұрғыны. Бұл елге жолдасы Төребек Берікбол екеуі 4 баласымен көшіп барған. Қамшы тілшісі жұмыс барысымен шетелде тұрып жатқан қазақ отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Көпбалалы отбасы Бельгияға қалай көшіп келді?

– Жолдасым Шымкенттен, мен Түркістанның тумасымын. Отбасын құрған соң Алматы қаласында тұрдық. Жолдасым – математика саласында ғылыми қызметкер, шетелдік PhD докторант. 2019 жылы оның ғылыми жұмыстарына қызығушылық білдірген профессор жақсы ұсыныс жасап, Бельгияға жұмысқа шақыру жіберді. Бұған дейін күйеуім Францияның Париж қаласындағы университеттердің біріне "Болашақ" стипендиясын ұтып алған. Алайда отбасылық жағдайға байланысты бұл мүмкіндіктен бас тартқан едік. Ал Бельгияға жұмыс істеуге шақырту келгенде, қатты қуандық. 6 ай дайындалып, отбасымызбен көшіп бардық, – дейді Сандуғаш Қайратқызы.

Оның айтуынша, Бельгияға қоныс аудару оңай болмаған. Ұлты, өмір сүру салты, тілі бөлек ортаға үйренісу біраз уақытты алған.

– Бірақ өсіп, білім алғысы келетін адамға ешнәрсе кедергі емес екен. Бізге барлық жағдайымызды жасап берген соң оңайырақ болды. Мұнда Қазақстанмен салыстырғанда, жалақы жоғары. Жолдасымның біліміне, жасаған жұмыс деңгейіне сай жақсы айлық төленеді. Алайда біздің негізгі мақсатымыз осы жақта тұрақтап қалу емес. Шетелде тәжірибе жинап, Қазақстан ғылымын дамытуға үлес қосқымыз келеді, – дейді ол.

Фото: Сандуғаш Сансызбаеваның жеке мұрағатынан

"Балалар 2,5 жастан бастап мектепке барады"

Сандуғаш Бельгиядағы білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері туралы айтып берді.

– Жолдасым Төребек екеуміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз Бельгияның білім жүйесіне сай мектепке баратын жаста. Себебі мұнда 2,5 жастан бастап 6 жасқа дейін мектептің міндетті емес даярлық сыныбына баруы керек.

Білім беру жүйесі Қазақстаннан өзгеше. Бельгияда 4-сыныпқа дейін тек өз тілдерінде білім береді. Мектепте математика пәнін өте жеңіл, оңай жолдармен үйрететіні ерекше ұнайды. Сондай-ақ Бельгия мектептерінде тіл білмейтін балаларға да ерекше көңіл бөледі. Сол себепті мұнда тұру үшін баланың тіл білмеуі кедергі емес. Алайда оқушылардың мектепте көп уақыт өткізетіні ұнамайды. Таңғы сағат 8:15-тен түскі сағат 15:25-ке дейін, ал кейбір мектептерде сағат 16:00-ге дейін мектепте болады, – дейді көпбалалы ана.

Сандуғаш Қайратқызы Бельгия мектебінде оқушыларға бір жынысты қарым-қатынасты қалыпты деп үйрететініне алаңдайтынын жеткізді.

– Маған балаларға мектеп қабырғасында біржынысты қарым-қатынасты қалыпты нәрсе деп үйрететіні қатты ұнамады. Түсінігі қалыптаспаған балаға бұл туралы айту мен үшін жат нәрсе, – деді ол.

Фото: Сандуғаш Сансызбаеваның жеке мұрағатынан

Медицина. Әйелдер. Карантин

Бельгияда карантин қатаң. Барлық ресторандар, тамақтанатын орындар жабық. Дүкендерге кезекпен кіреміз. Жоғары оқу орындары және біраз жұмыс орындары онлайн түрде жұмыс істейді.

Бельгия медицина жағынан Еуропа елдерінің ішінде жақсы дамығандардың қатарында.

Өзімізде медициналық көмекке жүгінетіндей ауыр жағдай болмады. Тісім ауырып екі рет емдеткенімде, дәрігерлер жұмысты 2-4 сағат бойы өте мұқият, асқан ұқыптылықпен істеді.

Бұл мемлекет жалпы адам құқығы жақсы қорғалған елдердің бірі ғой. Десе де әйелдер өз құқығы ерлермен тең емес деп санайды. Сол үшін 8 наурызда талаптарын айтып, митингке шығады. Оның басты себептерінің бірі – жалақылары ерлерден төмен деп есептейді. 8 наурызды мейрам ретінде тойламаймыз деп те шулап жатады.

"Гендерлік теңдік" дегенімен, декреттік демалыста бала 3 айға толғанға дейін ғана отырады. Одан соң нәрестелерін балабақшаға тастап, жұмысқа кіріседі

Бельгияда қазақтар Наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Наурызды асыға күтіп тойлайтын қазақтарға шетелде жүргендері кедергі емес. Бельгиядағы қазақтар пандемияға дейін "Шаңырақ" атты Қазақстан бірлестігінің қолдауымен Наурыз мерекесін ұлан-асыр етіп тойлап келдік. Бір-бірімізбен танысып, дәстүрлі әндерімізді айтып, күйімізді тарттық. Ұлттық тағамдарымызды дайындап, дастархан жайып, үлкен-кіші бір-біріне сый жасап, ғажап мереке өтетін.

Бүкіл әлемді дүрліктірген аты жаман індет келгелі 2 жыл қатарынан ұлттық мерекемізді жергілікті қазақтармен бірге тойлай алмадық. Отбасымызбен наурыз көжемізді пісіріп, елімізден алып келген қазы-қартамызды дастарқанға қойдық. Балаларға Наурыз мейрамы жайлы түсіндіріп, ұлттық аспаптарымызды таныстырып, дастарқан басында атап өттік.

Фото: Сандуғаш Сансызбаеваның жеке мұрағатынан

"Шетелде білім алған соң..."

Бельгия табиғатымен де, адамдарымен де ұнады. Әсіресе, жергілікті тұрғындардың комплексіз, өздері үшін өмір сүретіндері ұнайды. Халық ойын еркін жеткізетіні байқалады.

Мұнда тұрғанның жақсы жағы – Еуропа елдеріне саяхат жасау оңай әрі арзан. Отбасылы, балалы-шағалы біз үшін бұл өте тиімді. Болашақта саяхаттағым келетін елдер көп. Америка Құрама Штаттарында, Түркия, Аустралия, Жапония секілді елдерде болғым келеді. Көшіп бармасақ та, қыдыруды армандаймын.

Әр қазақ дамыған елде тәжірибе жинап, білім алса деген арманым бар. Негізі ағылшын тілін білсең, өз ісіңнің маманы болсаң, кез келген елде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазір интернет арқылы жұмыс берушілермен онлайн форматта сөйлесіп, кездесулерге қатысып, кәсібилігіңді дәлелдесең жеткілікті. Өзімізге шектеу жасамай, мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Бірақ шетелде білім алған соң, қарабасымызды ғана ойламағанымыз жөн. Қазақстанға оралған соң, еліміздің өркендеуіне үлес қоссақ дейміз.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір